Білім • 18 Шілде, 2018

Семейлік оқушылар дін тарихын оқиды

718 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Семейде 8-сынып оқушыларына жаңадан кіргізілетін «Дін тану негіздері және зайыр­лы­лық» курсы талқыланды. 

 

Семейлік оқушылар дін тарихын оқиды

Қазақстанда соңғы кездері көшеде беттерін пәрәнжімен жауып, қара киініп жүретін немесе мектеп жасындағы қыз балаларға орамал тақтыратын көріністер орын алып отырғаны рас. Елімізде дінді оқып, үйренуге, ұстануға ешқандай тыйым салынбаған. «Әркім ата-бабасынан қалған дінді құрметтеуге құқылы. Десек те, зайырлы даму бағытын ұстанған қо­ғамда өмір сүріп отырғандықтан түрлі ұлттар мен ұлыстардың көзқарасын, қазақ халқының тарихи ерекшелігін де ескерген жөн», дейді Семей қаласы әкімінің орынбасары Надежда Шарова.

Қала әкімі орынбасарының айтуынша, 2009 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мектептерде «Дінтану» негіздері пәні кіргізілген. Ал «Дінтану негіздері және зайырлылық» курсы Қазақстанда және әлемде орын алып отырған жағдайларға байланысты енді қолға алынып отыр. Бұл әлі кәмелетке толмаған, оң мен солын айыра алмайтын мектеп жасындағы оқушылардың экстремизм мен терроризм бағытына кетіп қалмауы үшін берілетін сапалы білім саналады.

Семей қалалық білім бөлімінің басшысы Ната­лия Фесенконың айтуынша, 8- сынып оқу­шыларына жаңадан енгізілетін курстың оқу­лықтарын облыстық Дін істері басқармасы ұсын­ған кітаптар то­лықтыратын болмақ. Сабақ үстінде осы басқарма бекіткен кітаптар ғана пайдаланылатын болады.

– Сабақ барысында еліміздегі барлық дін тарихы толық оқытылады, – деді Н.Фесенко. Тақырыптар мультимедиялық кабинеттерде өткізіледі. Мұғалімдер діни террорлық ұйым­дардың кімдерден тұратындығын, олардың қауіп­тілігін оқушыларға бағыт-бағдар беру арқылы түсіндіру керек. Оқушыларға тапсырма беріледі. Олар өз беттерімен үйреніп, ізденіп, БАҚ арқылы немесе оқулықтар арқылы көзқарастарын кеңейтулері қажет. Осылайша олар өздерін және туыстары мен жолдастарын теріс діни ағымдардан сақтанудың жолдарын үйренеді. Жаңа курс міне, осы үшін аса қажет.

Раушан НҰҒМАНБЕК,

журналист

СЕМЕЙ