Білім • 18 Шілде, 2018

Жеткіншектер сауықтыру лагерінде өз-өзін жетілдіре түсті

847 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл Қарағанды өңірінің Бектауата шатқалындағы балаларға арналған «Факел» маусымдық сауықтыру лагері тағы бір тамаша бастаманы қолға алды. Табиғат аясына шыққан жас жеткіншектер бұдан былай демалып қана қоймай, зияткерлікті дамыту алаңдарында өздерінің қабілеттерін арттыруға мүмкіндіктері бар. Атап айтқанда, робот-техника, қолмен модельдеу, қолданбалы өнер зертханаларында жұмыс істеу, лагерь ландшафтарын көгалдандыру, көгершін асырау, би үйірмесі, қуыршақ театры және үштілділік сияқты жазғы мектептердің жұмысы бүгінде лагерь аясын кеңейте түскен. Бұл біріншіден, балалардың танымы мен талантын ұштау болса, екінші жағынан туризмнің тетіктерін жетілдірудің тағы бір арнасы деуімізге болады.

Жеткіншектер сауықтыру лагерінде өз-өзін жетілдіре түсті

Аталған алаңда сонымен қатар ересек балалар отрядымен тренинг форматында кәсіптік бағдарлау бо­йынша жұмыстар да жүргізілетінін айта кеткеніміз жөн. Бүгінде болашақ мамандығыңды дұрыс таңдаудың маңыздылығы зор. Бұл – әр жеткін­шектің алдында тұрған өзекті мәселе. Үдемелі даму үстіндегі әлемде футурологтар қайсыбір мамандық түрлерінің мүлдем сұраныссыз қалып, жаңа бір мамандық түрлерінің пайда болатыны туралы айтады. Сондықтан да мамандық таңдауда бірқатар факторды алға тарта отырып, дұрыс қадам жасау аса маңызды. «Факел» маусымдық сауықтыру лагері сол психология мен кәсіптік бағдар арасындағы көзге кө­рінбес байланыстың бүгіні мен ертеңіне еркін көз жүгіртуді көздейді.

Жуырда ақтоғайлық балалардың жазғы демалысымен және тұрмыстық жағдайымен танысқан Қарағанды облыстық білім басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиев спорт алаңдарында, көшедегі жаттығу құ­рыл­­ғыларында, скалодромда, стандартты емес спорттық жабдықтарда жаттығып жүрген жастардың арасында болып, балаларға адам миының іс-әрекетті қалай басқаратынын баян­дап берді. Балалар да өздері құрас­тырған 5 жаяу туристік маршрут пен 1 велосипедтік туристік маршрут туралы ойлары мен әсерлерін ор­таға салып, өздерін саяхатқа шығып қана қоймай, Қазақстанның киелі орын­дарының бірі Бектауатамен тереңірек танысқандарын жеткізді.

Есенғазы Нұртөлеуұлы жеткін­шек­терге соционика, яғни адам психи­касы­ның қоршаған ортамен ақпараттық қарым-қатынас жасау ғылымы туралы қызықты да тартымды әңгімелеп берді. Оның айтуынша, «Дихатомикалық тест» жүргізу барысында тренингтің әр қатысушысы өзінің тұлғалық типін айқындай алды. Сонымен қатар әр жасөспірімге қабілеттерін қандай салада қолдануға қатысты және мамандық таңдау бойынша ұсыныстар беруге болады.

Тренинг барысында балалар бел­сенділік танытып, әралуан сұрақтар қойды. Соционикалық білімге үлкен мән беріп, оны жетістікке жету үшін дұрыс пайдалану туралы көптеген жаңа ақпарат алды. Әңгіме әсеріне бөленген балалар қыркүйек айында мектепке келген кезде құрдастарымен де осындай кездесу өткізетіндіктерін айтты. Бұл үшін лагердің психологтары мен әлеуметтік педагогтерінің қызмет көрсету орталығы қосымша оқыту сабақтарын жандандыра түспек.

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы