Аймақтар • 18 Шілде, 2018

Әміре ауылындағы той

1031 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Семей қаласынан 240 шақырым қашықтықта орналасқан, жолы қырық жамау, ойдым-ойдым, байланысы нашар, халқы жылдан жылға сиреп бара жатқан топырағы қасиетті Ақбұлақ ауылында жергілікті жұрттың еңсесін көтеріп, көңілдерін серпілткен тамаша шара өтті. Топырағы қасиетті деп бекерге айтып отырған жоқпыз. Бұл ауылда тұңғыш рет шет елде ән шырқап, алаштың атын төрткүл дүниеге паш еткен қазақтың ұлы әншісі, актер Әміре Қашаубаев дүние есігін ашқаны белгілі.

Әміре ауылындағы той

Фото: Жақсылық Сүлейменов

Талайлы тағдыр кешкен өнерпаздың 130 жылдық мерейтойы кіндік кескен мекенінде жоғары деңгейде атап өтілді деуге болады. Әміредей ән алыбын тудырған алақандай ауылдағы шаралар легі осындағы әншіге қойылған ескерткіш жанында басталды. Белгілі өнертанушы, әміретанушы, қазақ өнерінің жанашыры Жарқын Шәкәрім, жазушы Медеу Сәрсеке, заңгер Асылхан Сейдімбеков бастаған құрметті қонақтар мен Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі Бекзат Смағұлов, «Нұр Отан» партиясы» облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов, Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Азамат Мұхамедчинов, Ішкі саясат басқармасының басшысы Нелли Краснобаева, облыстық мәслихаттың депутаты Марат Құрманбай қостаған азаматтар әнші рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. «Семейден шыққаннан кейін Ақбұлақтың іргесіндегі үш қыстақтың жұртына бардым. Оның біріншісі - Ақан ауылы. Кезінде үлкен қыстақ болған. Одан төрт-бес шақырым жерде Құрманбай ауылы. Құрманбай – менің төртінші атам. Одан соң Тергеубай ауылы. Құрманбай ауылынан төрт-бес шақырымдай жерде Әміре туған. Әміре қозы жайып жүріп, сұңқылдатып ән салады екен. Қозыны әнмен қайырып жүрген сондай күндердің бірінде Әміренің алыс ағайынының бірі Тергеубай әншінің анасы Тойғанға келіп: «Біздің ауылдың атын шығаратын, абыройымызды көкке көтеретін баланың қозы баққаны қалай? Бұл баланы маған беріңдер. Мен қалаға әкетем» деп Әмірені 12 жасында Семейге алып кеткен» деп ескерткіш басында естелік айтқан жазушы Медеу Сәрсеке жақында облыс әкімі Даниал Ахметовтің қолдауымен «Абай әлемі» сериясы аясында Әміре жайында сыр шертетін 460 беттік кітаптың жарық көретінін жеткізді.

Жыл басында газетімізде кезінде Әміре Қашаубаевқа күйеужолдас болған делінетін қара күш иесі, ақбұлақтық Мәдиян Түсіпұлы, оның таудан көтеріп әкелген салмағы 100 келіге жуықтайтын тасы жайында жазған едік. Сол тасты ауыл азаматтары өңдеп, сырлап, әншінің ауылдағы ескерткішінің жанына әкеп қойыпты. Өнерпаздың тойына жан-жақтан келген қонақтар алып тасты қызыға тамашалап жатты.

Әншейінде көңілді құлазытатын, қираған, құлаған үйлері көп Ақбұлақ ауылы бұл күні ерекше құлпырып тұрды. Орталық алаңға бірнеше киіз үй тігіліп, үлкен сахна құрылыпты. Жүргізуші әйгілі әншінің 130 жылдығына орай «Ән атасы - Әміре» атты республикалық фестиваль өтетінін, оған еліміздің әр өңірінен дәстүрлі әннің дүлдүлдері келгенін хабарлағанда жұрт шатырлата шапалақ соқты. Өнер додасы басталмас бұрын Әміре тойына алыс-жақыннан келген қонақтар, жергілікті билік өкілдері сахнаға шығып сөз алып, ауыл жұртын мерейлі мерейтоймен құттықтады. «Нұр Отан» партиясы» облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов аймақ басшысы Д.Ахметовтің жолдаған құттықтау хатын оқып беріп, Әміренің дауысын тауып, халқымен қауыштырған өнертанушы Жарқын Шәкәрімге облыс әкімінің атынан иығына шапан жауып, ат мінгізді. Астанадан арнайы келген Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі Бекзат Смағұлов министр Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтау хатын оқып берсе, Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов мінберге шығып, құттықтауын жеткізіп, Жарқын Шәкәрімге құрмет көрсетті.

Парижде ән салған күн

Қазақ халқының атын алғаш болып әлемге танытса да, соған сай лайықты құрмет көрмей, қысқа ғұмырын күйзеліспен, азаппен өткізген ұлы әншінің өмірі мен шығармашылығын зерттеуге саналы ғұмырын арнаған Жарқын Шәкәрім толқып, тебірене сөйледі. «Осы күнді көптен аңсап жүр едім. Бұрын талай шақырған. Келе алмадым. Бұл жолы келмеске болмады. Өйткені өзіміздің де жасымыз келіп қалды. Бүгінгі күн, яғни 14 шілде - тарихи күн. Дәл осы күні Әміре Парижде ән шырқаған. Ол маусым айында Мәскеуден шықты. Айдың аяғында Парижге жетті. Шілденің 20-ларына дейін Парижде ән айтты. 9 концертке қатысты. Мен Әміре атаның немересіндей, баласындай болып кеткен адаммын ғой. 1974 жылы Әміренің дауысы табылған күні қызы Күләш апайымыз телефон соғып: «Жарқын балам, мен Әміренің қызымын. Сен не істедің?» деді. «Не істедім, апай?» дедім қапелімде не айтарымды білмей. «Ой, айналайын-ай, енді менің балам болдың» деді мейірленіп. Содан бері Әміренің баласымын. Әміре туралы 7 кітап жаздым. Оның біреуі орысшаға аударылды. Сөздің реті келгенде айта кетейін, жақында тағы бір керемет құжат таптық. Француз композиторы әрі музыкатанушысы Поль Ле Флемнің Әміре жайында тамсана айтқан сөзі Париждегі газеттердің бірінен табылды. Сенсация болып жатыр. Сонда ол былай деп жазыпты: «Странная для западного человека поэзия исходит от этих песен, рожденных под другим небом. Но они передают тут же надежду на счастье, тут же надежду на боль, что и другое искусство». Бұрын-соңды еш жерде жазылмаған бұл сөзді тапқан Парижде қызмет атқарып жүрген Асқар Әбдірахманов деген бауырымыз», - деп ағына жарыла лебізін білдірген өнертанушы жазушы Медеу Сәрсекеге Әміре жайында жазылған кітабын сыйлады.

Әншінің тойына Қарағанды, Ақтау, Атырау қалаларынан да ат арытып келген қонақтар болды. Солардың бірі алаштың Ақселеуінің інісі Асылхан Сейдімбеков ақбұлақтық ағайынды мерейтоймен құттықтап, Абыралы өңірі, Ақбұлақ ауылы үшін аса құнды саналуға тиіс жаңалықты жеткізді. «Бәлкім, көпшіліктеріңіз біле бермеулеріңіз де мүмкін. Осы ауылда алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың оң қолы болған, Мәскеудің М.Ломоносов атындағы университетін алтын медальмен бітірген алғашқы қазақтардың бірі, «Сарыарқа» газетінің бас редакторы болған, Ленинмен, Сталинмен қазақ автономиясы жөнінде келіссөз жүргізген Халел Ғаббасов дүниеге келген» дей келе «Әнші Әміре Қашаубаев туралы естеліктер», Халел Ғаббасов туралы шыққан «Алаш бекзаты» және Ақселеу Сейдімбековтің 75 жылдығына орай жарық көрген «Ұлы даланың Ақселеуі» атты кітаптарды ауыл әкімі Нұртай Теміржановқа тарту етіп, Жарқын Шәкәрімнің иығына шапан жауып, ат мінгізді.

Дәстүрлі әншілер Ақбұлақты думанға бөледі

Бұдан кейін сахнаға қолдарына домбыраларын алып, Жүсіпбек Елебековтың шәкірті Амангелді Жікенов (Абай ауданы), Жоламан Құжиманов (Алматы), Бақыт Үдербаева (Семей) бастаған, Толғанбай Сембаев (Астана), Нұржан Жампейісов (Алматы), Гүлмира Сарина (Астана), Берік Омаров (Семей), Нұриден Иманбаев (Семей), Ербол Айтбаев (Павлодар), Төлеутай Серіков (Талдықорған), Эльмира Тілеубаева (Көкшетау), Мейрамбек Ахметов (Семей), Қайрат Қабышев (Астана), Қайрат Қамимолдин (Семей), Қуаныш Оралбаев (Өскемен) қостаған 15 дәстүрлі әнші екі сағаттан астам уақыт елді есті әнмен әлдиледі. Амангелді Жікенов Үкілі Ыбырайдың «Қызыл асығын» әуелетсе, Гүлмира Сарина Әсеттің «Інжу-Маржанын», Сейітжан салдың «Қанатталдысын», Жоламан Құжиманов осыдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын Әміре Қашаубаев Парижде шырқаған Берікбол Көпенұлының «Ағаш аяғын» төгілдіртсе, Ербол Айтпаев Ақан серінің «Балқадишасын», Нұржан Жампейісов «Аңшының әнін», Ерлан Омаров Шашубайдың «Ақ қайыңын» бебеулетті. Ерекше атап өтерлігі, осы күні семейлік дәстүрлі әнші Нүридден Иманбаев сөзін Несіпбек Айтов, сазын Ерлан Рысқали жазған «Әміре» әнін алғаш рет Ақбұлақ ауылының сахнасында орындады.

2009 жылы қырық жыл қырғын көріп, Полигон зардабын тартқан Абыралы өңірінің тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға септесу мақсатында «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қоры құрылған болатын. Осы қоғамдық қор әйгілі әншінің 130 жылдығына орай «Әміре Қашаубаев – 130 жыл» деген мерейтойлық медаль шығартыпты. Қордың төрағасы, Семейдегі «Ақшың» корпорациясының президенті, облыстық мәслихаттың депутаты Марат Құрманбаев аталған медальды «Ән атасы - Әміре» республикалық фестиваліне қатысқан дәстүрлі әншілердің барлығына салтанатты түрде табыс етті. «Әміренің тойы осымен шектелмейді деп ойлаймыз. Бұл той Семей мен Өскеменде өтуі керек. Бұл той Астанада өтуі керек», - деген депутат Семей мен Өскеменнен, Астанадан келген әкімдік пен министрлік өкілдеріне ел көкейінде жүрген тілекті жеткізгендей болды. Ел көкейіндегі тілек демекші, Өскеменнен келген облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Азамат Мұхамедчинов пен Астанадан ат арытып жеткен Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі Бекзат Смағұлов «Әміре тойы облыс, республика көлемінде тойлана ма?» деп сұраған жұртқа «өтініш-тілектеріңізді басшылыққа жеткіземіз» деп көңілдерін демдегендей болғаны бар. Қалай боларын уақыт көрсетер.

Ақбұлақ ауылындағы ән фестиваліне арнайы келген дәстүрлі әнші, Абай ауданының Арқат ауылының тумасы Гүлмира Сарина өзінің фейсбуктегі парақшасында Әміренің тойынан алған әсерімен қатар көңілін алаңдатқан жәйттерді жасырмай жазыпты. «Өз басым жолға шыққалы әр дүниені толқыныспен қабылдап, жол бойы керемет әсерде болдым. Осындай көңіл толқытар көріністерден кейін жер шалғайлығы да еш білінбей қалды. Алғашында ұйымдастырушылар әр мектептің әншілерін шақырғанақ еді. Бірақ көпшілігі жердің шалғайлығын қиындық көріп, берілетін сыйақыға көңілдері толмай келіспеген екеен. Бірақ алашқа ортақ ән дүлдүліне айналған Әміренің мерейтойына қатысып, атсалысу әншімін деген әр қазақтың борышы сияқты мен үшін. Себебі, біз өткенімізге үңілмей, болашағымызды жасай алмаймыз. Руға-жерге бөлінбей, тарихта қалған талантты тұлғаларға ортақ құрмет көрсетсек керемет болар еді. Кезінде 250 шаңырағы болған ауылдың бүгінде 48-і ғана қалған. Ендігі уайым - атамыздың он жылдан кейінгі мерейтойында қанша үй қалар екен?! Бар тілегіміз – қазақ ауылдарының жағдайы жақсарса екен. Себебі, таланттың бәрі ауылдан шыққан, шыға да бермек. Болашақта атаулы фестиваль тек ауыл шегінде ғана емес, республика көлемінде, облыста, еліміздің үлкен қалаларында өткізіледі деп айтылған жақсы ойлар қуантты», - депті әнші.  

Ашық алаңдағы сахнада өткен ән фестивалінен кейін ұлы әншінің аруағына бағышталып ас берілді. Түс ауа тойға жиналған жұрт ауыл шетіндегі бәйгетөбені бетке алып, еліміздің әр аймағынан келген 12 балуанның күресін, 25, 15 шақырымға шапқан жүйріктердің жарысын, қой көтергендердің сайысын тамашалады. Бәйгетөбедегі ойын-сауық кеш түсе орталық алаңдағы семейлік әртістердің концертіне ұласып, мерейтойлық шара соңында ауыл тұрғындары «Әміре» фильмін көріп, үйлеріне тарқасты.

Әйгілі әншінің туған топырағы - Ақбұлақ ауылының әкімі Нұртай Төлеуұлы Әміре Қашаубаевтың 130 жылдығын шағын ауылда атап өту оңайға түспегенін, шараның ойдағыдай өтуіне Ақбұлақ мектебінің 50 жылдағы түлектері, оған көршілес Таңат, бұрынғы аудан орталығы – Қайнар ауылының қалада тұратыны бар, далада тұратыны бар азаматтары ерекше атсалысқанын айтады.

Расында, жылдан жылға тұрғындар саны селдіреп, азайып бара жатқан, өмірі жөнделмейтін жолы, қосылмайтын байланысы бар Ақбұлақ ауылында мұндай той өтпегелі қай заман?!  Не болса да «ойдағы ел мен қырдағы ел» араласып, қауқылдасып, өткен шуақты шақтарын еске алысқан, арқа-жарқа болысқан тамаша той өтті. Осындай алақандай ауылдан шығып, әлемді мойындатқан Әміренің 140 жылдығы енді бұлайша өте ме, өтпей ме? Біртуарды тудырған мекен оған дейін тұра ма, тұрмай ма? Халық қала ма, қалмай ма? Бірдеңе деп болжам айту да қиын. Уақыттың еншісіне қалдыруға мәжбүрміз...  

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласы, Ақбұлақ ауылы