Білім және ғылым министрлігіне қарасты Балалар құқығын қорғау комитетінің айтуынша, отбасыларды қолдау орталықтарында балалар отбасына қайта оралғанға дейін болады. Онда балалар үйінің тәрбиеленушілері болмайды. Балалар тек белгілі бір уақытқа, олардың құжаттары ресімделіп біткенше, асырап алушылар құжаттарын реттеп болғанға дейін қалады. Осыған байланысты еліміздегі балалар үйлерін трансформациялау жайлы қам-қарекетке көз жүгірткен едік.
Жоғарыдағы аталған орталық жұмыстарына назар салсақ, бала асырап алуға құлықты ата-аналармен псиxологиялық дайындық сабақтары, сонымен қатар жетім балаларды қазақстандық отбасыларға орналастыру жұмыстары жүргізілмек. Елімізде баланы қайтадан балалар үйіне тапсыру оқиғалары жиі кездесетіні белгілі. Мұның барлығы псиxологиялық дайындықтың жоқтығынан болуы мүмкін. Орталық осы олқылықтың орнын толтыруды көздемек. Комитет мәліметтері бойынша, баланы қайта тапсыру оқиғаларының үлесі 16 пайызды құрайды екен. Жалпы, балалар үйлеріндегі жеткіншектер саны жыл сайын 1 мыңға азайып келеді. Жаңа отбасын тауып жатқан балалардың саны артуда. Біз айтып отырған отбасын қолдау орталықтары былтыр Астана мен Алматы қалаларында сынама ретінде ашылғанның өзінде нәтижесін бере бастаған.
Қазіргі таңда балалар үйінде тәрбиеленушілерге мемлекет тарапынан көп қамқорлық жасалып жатыр. Бұл туралы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Жетім балаларды асырап алушы және тәрбиелеуші азаматтар үшін жағымды құқықтық ортаны күшейту қажет. Мұндай отбасылар мемлекет және қоғамдық бірлестіктердің жан-жақты көмек объектісіне айналу керек. Жыл сайын балалар үйінен балаларды асырап алушы адамдар санының өсуі қуанышты. Отбасыларда патронатты тәрбиелеу, қамқор болу және қамқоршылық тәжірибесін кеңейту үшін заңды негізді нығайту қажет. Көптеген мемлекеттерде қамқорсыз қалған балаларды уақытша орналастыратын «қонақ отбасы» тәжірибелері бар. Біз осы тәжірибені есепке алғанымыз жөн», деп атап көрсеткені белгілі.
Жуырда Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев те бала құқы бойынша жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдармен кездесу кезінде біраз мәселенің басын ашуға тырысты. Бүгінде балалар өміріне әлеуметтік және құқықтық кепілдік беру мәселесін бірлесіп қамтамасыз ету маңызды мақсаттардың бірі болып тұр.
Е.Сағадиев балалар омбудсменімен бірлесіп жұмыс істеу арқылы барлық шараны ашық та жариялы атқарып, азаматтық қоғамға қолдау білдіріп отыратынын айтады. Сондай-ақ министрлік қоғам өкілдерінің балалар үйінің жұмысынан хабардар болып отыруы үшін қамқоршылық кеңестерін құрғанын айта кеткен жөн. Онымен қоса балалар құқын қорғау жөніндегі комитеттің сайтында 2017 жылдан бері ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және әке-шешесінен айырылған балалар туралы республикалық мәліметтер базасы ашық тұр.
Бастапқы мәселеге қайтып оралар болсақ, «Асырап алушы ата-аналар» қоғамдастығының директоры Жанна Кимнің айтуынша ең өзекті мәселе асырап алған баланы қайта әкеліп тастау болып тұр. Жанна да бала асырап алудың қиындығын бір кісідей білетіндігін айтады. Ол бала асырап алмас бұрын ата-аналар міндетті түрде мамандардан кеңес алып, арнайы дайындықтан өтуінің заң жүзінде бекітілгенін қалайды.
Бұл мәселеде министр балалар үйінің қысқаруын қолдайтынын жеткізіп, балалар үйлерінің орнына балаларды қолдау орталықтары пайда болғаны жөн деген пікірде. «Бұл – асырап алынған балалардың әлеуметтік бейімделуіне ыңғайлы, ата-аналарға үлкен қолдау және көмекті қажет ететін балалар үшін де пайдалы», дейді ол. Балалар құқын қорғау жөніндегі комитет төрағасы Нұрбек Оршубеков болса, министрліктің «Асырап алушы ата-аналар мектебі» туралы бастамасын қолдайтынын айтады. Бірақ бұл үшін мұндай мектеп қызметінің стандарттарын дайындау керек.
Бұл бағытта алғашқы қадам ретінде Парламент Мәжілісінде заң жобасы қаралуда. Жобада балалар құқын қорғау саласында арнайы әлеуметтік қызмет көрсету стандарттарын дайындап, мақұлдаудағы Білім және ғылым министрлігінің құзыретін анықтау ұсынылған. Аталған заң жобасы қабылданған жағдайда «Асырап алушы ата-аналар мектебі» стандарттары секілді барлық стандарт құқықтық актілермен бекітіліп, үкіметтік емес ұйымдар сол бойынша жұмыс істей алады. Одан кейінгі әрекет бала асырап алғысы келген барлық азаматтар «Асырап алушы ата-аналар мектебінде» дайындықтан өтуге міндеттелетін заң жобасын ұсынуды қамтиды.
Бала тағдырына барлық жағынан тиянақты шешім қажет екені анық. Ал «Ерікті мейірімділік қоғамы» қорының жетекшісі Аружан Саин балалар омбудсменінің қызметкерлер штаты болу керек деген пікір айтады. «Өкілетті уәкіл институты барлығымыздың басымызды қосуы керек. Біз тізе қосып жұмыс істеп, қолдау білдіруге әрдайым дайынбыз. Біздің ойымызша, бала құқын қорғаушы адамның өз командасы, штаты болуы керек. Себебі жалғыз адамның іс бітіруі қиын. Бұл қоғамдық жұмыс ретінде жүргізілмеуі керек», дейді А.Саин. Сонымен қатар ол белсенді жетім балалар туралы республикалық базаның кемшіліктерін атап өтіп, жергілікті атқарушы органдар тарапынан кездесетін кедергілер туралы да жеткізді.
Қоғам белсенділерінің көбі жетім балалар базасының кемшіліктерін түзеп, бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем туралы заңға өзгеріс енгізуді ұсынады. Яғни құжаты жоқ аналар мен жалғызбасты ата-аналардың құқы тапталмауын ескеруді сұрайды. Жалпы алғанда, қоғам бала құқын қорғау мәселесі төңірегіндегі көптеген проблемаларға назар аударуды талап етеді.
Жаңадан тағайындалған балалар омбудсмені Сәуле Айтпаеваның пікіріне сүйенсек, бұл тақырыпқа қоғамның белсенділігі артып келеді. «Біз үнемі қоғамды толғандыратын мәселелерді тыңдап, шешім шығаруды үйрендік. Бала құқын қорғау мәселелерін шешуді көздейтін кездесулердің жиі өтіп тұрғаны дұрыс. «Жергілікті атқарушы органдарға сенімі жоғалған азаматтар бірден орталық атқарушы органдарға немесе Бала құқын қорғаушы уәкілге жүгінетінін байқаймыз. Білім және ғылым министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің алаңында үкіметтік емес ұйымдар, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, Бала құқын қорғаушы уәкіл әр тоқсан сайын халықпен бейне байланысқа шығып отырады. Кездесу тақырыбы бізге қандай сауалдар келіп түсетініне байланысты болады. Жұмыс тәртібімізді анықтап аламыз. Ел қамқорлығымызды сезінуі керек. Алғашқы қабылдау күзде болады деп ойлаймын», дейді омбудсмен.
Айта кетуіміз керек, Президент тапсырмасына орай Қазақстандағы балалар үйінде тәрбиеленушілер мен балалар үйінің саны жылдан-жылға азайып келеді. Осындай ілкімді істердің арқасында елімізде жетім балалар және ата-аналарының мейірімінсіз қалған балаларға арналған 58 мекеме қайта ұйымдастырылып, біразы жабылған.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»