Мәселенің мәнісін отандық телеарналардың жаңалықтарынан естігенде таңданысымызда шек болмады. «Бақсақ бақа екен» дегендей, көрші Ресей елінде тіркелген компания белгілеген «Қазақстанның құрметті азаматы» орденінің құны – 1 млн 750 мың теңге. Ауадан ақша жасап отырған серіктестік директорының орынбасары Игорь Кан есімді азамат «Біз алдымен қоғамға еңбегі сіңген адамдарды, саясаткерлерді, бизнес өкілдерін таңдап аламыз. Оларға арнайы хат жібереміз» дейді. Яғни «Сіз айрықша кәсіби жетістігіңіз және экономиканы дамытуға қосқан үлесіңіз үшін «Қазақстанның құрметті азаматы» орденімен марапатталасыз. Көптеген үміткердің арасынан сізді таңдадық» деген сипаттағы мәтіннің соңына орденнің құны да көрсетіледі. Телеарналар таратқан ақпаратта осы орденді 3 жыл ішінде 150 адамның алғаны, ал жыл сайын 10 шақты азаматқа тегін берілетіні де айтылды. Биылғы таңдаулының қатарында 30 адам бар көрінеді. Ал 10 адамға осы орден тегін ұсынылды дегеннің өзінде қалған 20 шақты «еңбегі еленгендердің» қалтасынан шыққан қаражат қаншама десеңізші?!..
Кей азаматтарымыздың даңққұмар даурықпалығын есепке алған пысықайлардың екі ортада пайдаға белшесінен батып, даңғойлықпен шашқан ақшаға миығынан күле қарқ болып жатқаны аян. Сонда дейміз-ау, бұл серіктестік «Қазақстанның құрметті азаматы» деген зор атақты беретін құқықты қай органнан алыпты, қай құрылым мұндай рұқсат бермек? Тұтас мемлекет пен халық атынан берілетіндей дардай марапатты сату қандай пысықайлық? Әлеумет қарап отырсын ба? Әлеуметтік желі сол сәтте-ақ гу ете қалған. Жасұлан Мәуленұлы есімді желі қолданушысы «Мен үш компанияның атқарушы директорымын. Осы үш компанияның электронды поштасына бір мәтінмен (тек басшылардың аты ауысқан), бір күнде осындай ұсыныс келді. Бұл – шындық! Бұл атақ туралы ұсыныс барлық мекеме басшысына келеді. Бізге де келді. 1,7 млн теңгеге 7 мың теңгелік металл орденді сатып алардай әлі есімізден ауысқан жоқпыз», деп жазды.
Жалпы, атаққұмарлықтың түп төркіні неде жатыр? Неге марапатқа құмартамыз? Ағылшын әдебиетінің классигі У.Теккерейдің «Атаққұмарлар жәрмеңкесі» романындағы Ребекка Стайн тәрізді «қолдарында жоқ болса да көсеумен қамшылаудан» неге арыла алмай келеміз? Той өткізсе тортының бағасымен таңғалдырып, ас берсе жүлдеге тіккен бәйгесімен адамдардың аузын аштырып, көзін жұмдыруға әуестік, жалпы атақ пен марапатқа тоймау ненің белгісі? Жасыратыны жоқ, қазір республикалық деңгейдегі әр ұжымда кеуделері орден мен медальдан көрінбейтін, тіпті ақшалысы бар, ақшасызы бар түрлі лауреаттық атақтардың түр-түрінен коллекция жиған адамдар жеткілікті.
Өткен жолы газетімізде «Таланттың тағдырын түсінетін мәдениет қалыптастыру керек» атты сұхбатта тарлан әртіс Сәбит Оразбаев «Театр актерлерінің ішінде мінездісі Нұрмұхан ағам еді. Әділетсіздікті көріп қалса, бойына күш құйыла кететін. Бетің бар, жүзің бар демей, тіліп тұрып айтатын тік мінезі болмағанда Нұрмұхан ағам КСРО халық әртістігін де, КСРО мемлекеттік сыйлығын да қатарының алды болып алып кететіндердің біреуі еді», деген өкінішін жеткізіпті. Ал Жантөринге тимеген атақтың иесіз қалмағаны да анық қой.
Енді міне, қоғамды кеулеп, асқынған дерттің аяғы «Қазақстанның құрметті азаматы» деген сөзді саудалауға жетті. Өйткені қоғам да осы дүниеге лайық. Атын атағанда атағы мен лауазымы ұзаққа созылатын адамның жолында қоғадай жапырылу белең алды. Тіпті осы марапат пен атаққа лайық пенде ме деп бас қатырып та жатпайды. Атағы болса болды, құлдық ұрып, бас июге бар. Сол шіркін енді білім саласына да жетті. Сабаққа, дәріске қатыспастан ғылыми дәрежені малданып, магистр, PhD докторы болудың ғылымға қандай пайдасы болмақ?
Қай адамның да өзі таңдаған кəсібі жолында өсуге, жетілуге ұмтылғаны өте қуанарлық жайт. Бірақ мемлекеттік грантқа оқып, ғылыми дәреже алып, басы дауға қалған өнер шеберлері сол қаражатқа қарап қалып па еді? Егер жастарды, елдің болашағын ойласа грантты алмақ түгілі, талантты жастың ақшасын төлеп магистратураға оқытуға да шамалары келеді. Қара басты ғана ойлағанша, төбесіне тұтып жүрген жұртқа сондай бір амал жасаса қолқ ете қалар халық разылықтың дариясын лекіте толқытар еді. Бірақ әлгі әзіл сөздегідей «Ондай атты күн қайда, оны білер ұл қайданың» кебін киіп отырмыз. Бұл да ел алдындағы ерлердің деңгейін көрсетеді. Ал сабаққа бармастан, оқу оқып жарытпастан қатырма қағазды алуға ғана келушілер, даңқ пен дақпырттың аражігін айырмай, атақ үшін абыройларын айрандай төгетіндер қатары азаяр емес. Не істеуге болады?...