Өнер • 19 Шілде, 2018

Өткендер ізі өшпейді. «Жұмкен, үш күннен соң майданға аттанамыз. Арыс стансасынан өтеміз... »

103 реткөрсетілді

Бұл – Оңтүстік Қазақстан облыстық Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының негізін қалаушылардың бірі, кәсіби білікті актер, режиссер Халел Шаженовтің сүйікті жары Жұмабикеге жазған хатынан үзінді. 

1908 жылы 25 наурызда қазіргі Шығыс Қазақстан облысы (Семей облысы), Жарма ауданында дүниеге келген Халел ағамыз 1932-34 жылдары Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының (қазіргі ҚазҰПИ) тіл-әде­биет факультетінде оқып жүрген кезінде әдеби іс-шаралардағы кішігірім сах­налық қойылымдарға қатысып, театр­ өнеріне деген қызығушылығы оянады. Табиғи шыншыл ойынымен театр режиссерлерінің назарына іліккен оған 1936 жылы Ленинградтың (Санкт-Пе­тербург) мемлекеттік сахна өнері тех­никумының қазақ студиясына оқуға түскен қазақстандық алғашқы студенттер тобын бастап бару тапсырылады. Аттары әлемге әйгілі театр тарландары В.В.Меркурьев пен И.В.Мейерхольдтан 1938 жылы оқуын үздік тәмамдаған өнер саңлағы Шымкент облыстық қазақ драма театрына қабылданады. Шымкент өңірін таңдауына бір себеп – Оңтүстіктен аттанған бір топ жастардың арасынан өмірлік жары Жұмабике Серікбаеваны табуында еді. Ол жайында Қазақстанның халық әртісі Әмина Өмірзақова апамыз Е.Кәпқызының «Адамгершілік – бәрінен биік мұрат» мақаласында «Пойыз бірінші Алматыға жеткенде, аңырап жылап қоя бердім. Халел Шаженов деген жетекшіміз бар еді. Ол мені бауырына басып, көз жасымды сүртіп, қанаттандырып қояды. Туған ағамдай болып отырған ол Бикешке (Қазақстанның халық әртісі Жұмабике Серікбаева) қырындай бастаған...», деп естелік айтыпты. Студияда оқып жүрген қазақ жастары өздерінің өнерге деген ынтызарлығын К.Гольдонидің «Екі мырзаға – бір қызметші» комедиясын ойнау кезінде дәлелдеп үлгереді. Х.Шаженов табиғат сыйлаған талантымен қоса адами қасиеттерімен дараланған абзал тұлға екендігін туған жерден шалғайда жүріп те дәлелдейді. Ол жайында Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәжит Ілиясқаров былай дейді:

– Халел ағамыздың адами қасиеті жайлы Жұмабике Серікбаева апайымыз: «Халел ештеңеден қорықпайтын өжет еді. 1937 жылы бізбен бірге ак­терлік шеберлігін шыңдап жатқан Мусинді НКВД сұраққа алады. Мусин Ленинградтағы қазақ Алаш комитетінің жиналысына жиі барады екен. Қылы­шынан қаны тамып тұрған НКВД-дан қаймықпай, Мусиннің саясатқа еш қатысы жоқтығын дәлелдеп, қамаудан аман алып қалды» деген болатын.

Жұмабике апайымыздың естелігі бойынша Х.Шаженов өзі басқарып барған топтан екі актерді НКВД «қар­мағынан» сақтап қала алмағанына қатты өкінумен өтіпті. Қалғандарын ел­ге аман-есен жеткізеді. Өмірлік жары Жұмабикемен Ленинградта отау құрып, тұңғышы Мэлс дүниеге келеді. Арнайы білім алған мамандарды бөлу кезінде қос тарлан Шымкентте ашылған қазақ театрын таңдайды. Бұл 1938 жыл болатын. Кең диапазонды, саңқылдай шығатын ашық дауысымен қойылымдардағы күллі бас кейіпкерлерді, атап айтқанда, Шиллердің «Зұлымдық пен махаббатында» – Президент, Д.Фурмановтың «Чапаевында» – Чапаев, Гольдонидің «Екі мырзаға бір қызметшісінде» – Панталоне, Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібегінде» – Бекежан, «Ақан сері - Ақтоқтыда» Ақан серіні ойнап жүрген Х.Шаженов режиссураға бет бұрып, ресейлік майталман режиссерлерден алған тәлімін қазақ сахнасында қолдануға білек сыбана кіріседі. Қазақ сахнасында ұлттық авторлар тәй-тәй басқан шақта ол қазақ қаламгерлеріне көбірек ден қояды. 1939 жылы сахналаған алғашқы қойылымы – «Еңлік-Кебек» трагедиясының режиссерлік деңгейі биікке көтеріле алмағанымен, махаббат трагедиясын өзіндік штрихпен аша білді. Бұл негізінен Шымкент театрында Ю.Рутковскийдің режиссерлік еңбегі ерекше бағаланып жатқан кезең болатын. Тырнақалды қойылымының орташа деңгейде қалып қойғанына жігері жасымаған Х.Шаженов Ю.Рутковскиймен бірлесе отырып, М.Әуезов пен Б.Тәжібаевтың «Ақ қайың» пьесасын сахналады. Қойылымның сәтті шығуы Х.Шаженовке шығармашылық қанат бітіріп, аз уақытта ол М.Әуезовтің «Айман-Шолпан», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Ақан сері-Ақтоқты», Ә.Әбішевтің «Отан үшін» т.б. қазақ драматургиясындағы сүбелі пьесаларды сахналап үлгереді.

Таланты ұштала бастаған өнер иесінің таудай арманын 1941 жылғы екінші дүниежүзілік соғыстың алапат зардабы тас-талқан етті. Ер азаматтар қару асынып майданға аттанып, ақ жаулықты аналар аңырап қалған тұста Х.Шаженов егілген халықты жігерлендіріп, рухтандыратын М.Ақынжановтың «Исатай-Махамбет» пьесасын сахналайды. Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты» туындысының режиссерлік тізгіні қолына тиіп тұрғанына қарамастан өр мінезді Халел әскери комиссариат­тан арнайы босату қағазы (бронь) бола тұра, Отан қорғау парызынан аттап кете алмады. Майданға шақыру қағазын алған Шымкент театрының 11 актері Халел ағамыз сахналаған «Ақан сері-Ақтоқты» спектаклінің премьерасын өткізеді. Халел сахнада Ақан сері болып ойнайды. Ақтоқтыны бейнелеген сүйікті жары Жұмабикемен сахнада қоштасады. Қойылымға дән риза болған көрерменнің қошеметтеп қол соғуы отандастарының театр саңлағына көрсетілген ең соңғы сыйы еді.

Қойылым аяқталысымен әлгі он бір өрен беттеріндегі гримін сүрте са­ла, иықтарына жол қапшықтарын ар­қалап, сахна табы бойларынан тарап үлгермеген күйі Шымкент темір жол бекетінен соғысқа аттанып кете барады.

М.Ілиясқаровтың мына бір естелігі кім-кімді де бей-жай қалдырмайды: «Жұмабике апай сүйген жары Халел жайлы көзіне жас алып отырып: «Ха­лелдер алғашында Самарқандтағы әскери дайындық курсында 3 ай оқиды. Бір күні бір жапырақ жедел хат алдым. «Жұмкен, үш күннен соң майданға аттанамыз. Арыс стансасынан өтеміз... » депті. Қыстың қақаған аязында 5 жасар Маратжанымды жетелеп, Арыс стансасына жеттім. Соғыс кезінде тиіп тұрған Арысқа жетудің азабын айтсаңшы?! Әр эшалонға жүгіремін. Аяз қарып барады. Маратжаным үсіп қалмасын деп, станса күзетшісі өзбек шалға жалынып жүріп кішкентай күркешесіне отырғызып қойдым. Сапырылысқан адамдардың арасында пойызды күте-күте аяздан тоңған соң, жылынуға күркешеге кірдім. Жылы жерде қалғып кетсем керек, эшалонның келгенін естімей қалыппын. Өзбек шал оятқан соң, Маратымды көтерген күйі перронға қарай жүгірдім. Халелім айналаға алақтап, мені іздеп тұр екен. Құшақтасып, есен-сау айтысып үлгердік. Бұйрық беріліп, солдаттар вагондарға секіріп мініп жатты. Маратымды сүйрелеп, пойыздың соңынан жүгірдім. Соңғы кездесуіміз екен. 1943 жылы қаралы хабар жетті. Көп ұзамай ленгерлік Сұлтан деген жігіттен шақыру алдым. Халелге оқ тиген сәтте қасында болыпты. Болған оқиғаны айтып, қолыма Халелімнің партбилеті мен менен алған хаттарын қайтарды. Оқ жүрегіне тиген екен. Партбилетін оқ тесіпті...», дейтін.

Театр өнеріне сусындап үлгермеген қыршын ғұмыр Украина жеріндегі Харьков маңайында болған қанды қырғын шайқаста көз жұмды. Өткенді не үшін еске алып отырмыз? Қазір Құдайға шүкір, өмір – тыныш. Ол кез бен бүгінді қалай салыстырасың. Адам алдына мақсат қойса, мұратына жетуіне кедергі болып жатқан қазір ештеңе жоқ. Кейде сәл нәрсеге жанымыз қиналған сәтте есіме сұрапыл майданда үміт гүлдері үзілген сол ағаларымыздың ерлік істері түсетіні бар. Біздер, бейбіт заман адамдары өткенімізді, тарихымызды, елі үшін, жері үшін құрбан болған асыл ұлдарымызды, өзімізге дейінгі ұрпақты ұмытпай, әрдайым есте сақтай білуіміз керек. Шымкент қазақ театрының қалыптасуына, өркендеуіне үлес қосқан сол қайран, Халел ағамыздың туғанына биыл 110 жыл толады екен. Иә... Өткендер ізі өшпейді. Дейміз-ау. Бірақ осы жұрт бүгін Халелді біле ме екен?!

Сая ҚАСЫМБЕК,

Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Келесі кезеңге шықты

Спорт • Бүгін, 11:41

Полицейдің бір күні

Қоғам • Бүгін, 11:32

Өтімді сөз өлеңмен өрнектеледі

Руханият • Бүгін, 11:22

Көмекей әулие туралы кітап

Руханият • Бүгін, 11:17

Күйшілердің саябағы

Руханият • Бүгін, 11:17

Тіл табиғатын бұзбайды

Қоғам • Бүгін, 11:13

I Гендерлік форум өтті

Қоғам • Бүгін, 11:06

Абыройы асқақ азамат

Руханият • Бүгін, 11:06

Мақсат – жол сапасын жақсарту

Аймақтар • Бүгін, 10:52

Мақсатымыз айқын

Саясат • Бүгін, 10:37

Ердің еңсесі қашанда биік

Саясат • Бүгін, 10:34

Әке деген ұлы есім

Қоғам • Бүгін, 08:25

ҰБТ-2019: қандай өзгеріс бар?

Қазақстан • Бүгін, 08:17

Ұқсас жаңалықтар