Қазақстан • 19 Шілде, 2018

Еуразия сәулетшілер академиясын құру ұсынылды

342 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанада 14-шілдеден бастап өтіп жатқан халықаралық сәулетшілер конгресі кеше аяқталды. Бір сөзбен айтқанда, шетелдік кәсіби тәжірибеге сүйене отырып заманауи отандық сәулет өнерін дамыту мақсатында ұйымдастырылған бұл игі шара туралы газетіміздің өткен санында жазған болатынбыз. Енді шара қорытындысы мен конгресі аясында көтерілген бірқатар ұсыныстар туралы айта кетсек.

Еуразия сәулетшілер академиясын құру ұсынылды

Конгрестің ашылуында Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райым­құлова: «Біз бүкіл әлем сәулетшілерінің шы­ғар­машылығына зор құрмет білдіре отырып, әрдайым жаңа жобаларды қуана күтеміз, еліміз ең сәулетті елдердің бірі болуы үшін жұмыс істеуге әрдайым әзір­міз» деген еді.

Соған орай жас сәулетшілер мен студенттер арасында стартап уикенд форматында «Қалалық орта: «ақылды» аудан» байқауының өтіп жатқанын да айтқан болатынбыз. Қорытынды жиында байқау жеңімпаздары марапатталды.

Сонымен тұрғындар үшін қысқы жылыжай кешендерін жасауды ұсынған «Sredalab» командасы гран-при иеленді. Ал қаладағы көлік тұрақтары үшін AirBnB баламасын жасауды ұсынған «Nur­celona» командасы бірінші орынды алса, қалалық дренаж жүйелерін ұсынған «RainTech» командасы екінші орын иегері атанды. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін АТ-мектеп құруды ұсынған «АТ мектебі» командасы үшінші орынды еншіледі. «King Wins» командасы болса Астана әкімінің арнайы сыйлығымен марапатталды.

Astana Innovations басқарма төрағасы Олжас Сартаев жеңімпаздардың өз идеяларын «ақылды» аудан жобасы аясында іске асыруға мүмкіндіктері болатынын айта келіп: «Бүгінде «Жастар» шағын ауданында үш бағыт бойынша бірнеше технология енгізілген. Мысалы жылыжай кешендері туралы айтсақ. Оларды іске асыру үшін үш-төрт ай уақыт керек. Біз өз тарапымыздан бағалап, биыл ең болмаса бір жылыжайды шағын ауданға шығаруға тырысамыз», деді.

Осы шара аясында Астана қаласы әкімінің орынбасары Малика Бектұрова да қаладағы «ақылды» жүйе тұрғындар үшін қалай қолайлы болуы керектігі туралы айтып: «Біз алғаш рет сәулетшілер конгресі мен «ақылды» қала бо­йынша бөлігін Астананың дамудың келесі ке­зеңіне өткенін көрсету үшін біріктірдік. Бұл жай ғана құрылыстар емес, үй «ақыл­ды» болуы үшін енді біз энергиялық тиім­ді ғимараттар салып, материалдарды, озық технологияларды пайдаланғымыз келе­ді. Қала өсіп келе жатыр, оның тиім­ділігі де арта түсуі тиіс», деген болатын.

Жан-жақты талқылау, қызу пікір­талас, жаңа технология мүмкіндіктері ту­дырған небір озық ойлар ортаға салынған аталмыш жиын соңына да келіп жетті. Мәдениет және спорт министрлігі жиналыс залында конгресс жұмысының қорытындысына арналған баспасөз конференциясы өтті.

Жиналыс тізгінін алған Сәулетшілер одағы халықаралық қауымдастығының президенті Серік Рүстембеков сөзін: «Сәулет өнері осы өмірдегі бар өнердің «ана­сы» болып табылады. Сурет салу, мүсін жасау болсын олардың бар­лығы бастауын сәулет өнерінен алады. Жалпы, күні бүгінге дейін Мәде­ниет министрлігінің басшылығына олар бізбен дұрыс жұмыс істемейді деп ша­ғым­данатынбыз. Бүгінде бұл олқы­лықтың орны толтырылды. Мәдениет және спорт министрлігі Астананың 20 жылдығын атап өту аясында біздің осындай ауқымды шара өткізуімізге көмектесті. Болашақта бұл дәстүрге айналады деген ойдамыз», деген ризашылық леппен бастады. Әрі қарай төрт күн бойы өткен жиында сәулет өнері саласындағы заманауи тенденция­лар және өзге де көптеген тақырыптар сөз болғанын қысқаша айтып өтті.

«Өткен жүз жылдықта және 21 ға­сыр­да жапан далада салынған қалалар сау­сақпен санарлықтай. Мысалы Аус­тралиядағы Кандра, Бразилияның жаңа қаласы – Бразилия және біздің Астана. Конгрестің жұмысы барысында осы үш қа­ланың арасындағы үндестік пен айыр­машылық өзара салыстырылды. Ше­телден келген сарапшылардың бар­лығы дерлік Астананың сәулетіне риза­шылықтарын білдіріп отыр», деді ол.

Сонымен бірге сәулетшілер кон­гре­сінде Еуразия сәулетшілер академиясын құру бастамасы көтерілгенін тілге тиек етті.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»