Аймақтар • 19 Шілде, 2018

Қаршыға мен қара бала

798 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өткен жылы отандық фотожурналистикада алғаш рет дау туып, белгілі фототілші Сәрсенбек Қызайбекұлы «авторлық құқығымды бұзып, суретімді рұқсатсыз пай­да­ланды» деген арызбен Алматы қалалық ішкі саясат басқармасынан 1,5 мил­ли­­он теңге көлемінде өтемақы талап еткен-ді. Фототілшіні осы қадамға ба­ру­ға мәж­­бүрлеген мұндай оқиғалардың жиілеуі болатын. Қалай десек те, бұл оқи­ға фототілшілердің суреттерін сұраусыз баса беретін БАҚ өкілдері үшін са­бақ бол­ғаны даусыз.

Қаршыға мен қара бала

Қысқасы, Алматы қаласындағы Бос­тан­дық аудандық соты фотографтың ары­зын жартылай қанағаттандырып, судья Аида Әбілмәжінова Алматы қалалық ішкі саясат басқармасын шағымданушы Сәрсенбек Қызайбекұлына 300 айлық есеп­­тік көрсеткіш (680700 теңге) көле­мін­де өтемақы төлеп беруге міндет­теді. Алай­­да бұл айдардың міндеті басқа. Ал өте сәтті түсірілген суреттің сыры төмен­де­гідей.

– Бұл сурет Алматы облысының Еңбек­ші­қазақ ауданында өткен «Сонар-2014» құс­бегілер байқауы кезінде түсірілді. Жа­рыс басталар алдында әр жерден келген құсбегілер қырандарын сылап-сипап, өз­ара шүйіркелесіп жатады. Фотографтар да осындай сәттерде жақсы сурет түсіріп қалу­дың сәтін аңдимыз. Жарыс басталуға жақындаған кезде құсбегілер сапқа түрып жатты.

Көзіме бірден қаршығасын қолына қон­дырған қазақтың қара домалақ баласы түсті. Олардың қимылын объективте аңду­мен болдым. Бала мен қаршығаның ара­сында бір байланыс, көзге көрінбейтін сүйіс­пеншілік бар екенін аңғардым. Тек осы баланы фотокөзбен аңдып отыр­дым. Оңтайы келгенде суретті тү­сі­ріп қалдым. Алайда бастапқыда бұл суретке риза болмадым. Жалғасты сәт­ті із­деп, тағы соңдарына түстім. Айна­лып кел­­­генде көп кадрлардың іші­нен осы су­­­ретке көз тоқтады. Кейін бір­қа­тар газет-журналдарда, оқулықтың мұ­қа­ба­сы­на да шықты. Қытайда өткен ха­лық­­ара­лық фотобайқауда да жүлделі болды. Осы фотоны «Үркер» сыйлығына да ұсы­­нып көргенмін, бірақ жолы болма­ды.

Кейін билбордтарда еліміздің жер-жерінде іліне бастады.

Содан кейін қызықтың көкесі бастал­ға­ны белгілі. Фото рұқсатсыз қолданғанға дейін автор ақысына бар болғаны 50 мың тең­ге сұраған... Нәтижесі жоғарыда. Бұл жер­де фототілші өзінің авторлық құқы­ғын қорғап қалғандығын басты жеңіс са­най­ды.

Осы оқиғадан кейін біздегі сайттар су­ретті пайдаланғанда авторын іздей­тін болды. Менің суреттерім бұрын рұқсатсыз жиі басылатын. Бұған дейін олар­ға түсіністікпен қарап келдім. Көп мә­селе қазақы жолмен шешілетін. Бұл фо­тоның дауы қолданыстағы заңмен шешілді. Демек біздің заңда бәрі дұрыс. Бірақ заң жолымен жүрмейді екенбіз, – дейді тәжірибелі фототілші.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ