Тарих • 19 Шілде, 2018

Арқайым – аңыздар андыздаған алқап

116 app.timeкөрсетілді

Арқайымға баруды аңсап жүр едім, қызығы Алматыға өзі келді. Жақында Мемлекеттік орталық музейде «Синташта» бірегей мәдени-тарихи кешенінің зерттелуіне 45 жыл және қола дәуірінің дүние жүзіне әйгілі археологиялық ескерткіші Арқайымның табылуына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Арқайым – қалалар елі: кеңістік пен бейнелер» атты халықаралық фотокөрмесі ашылды.

Көрменің ашылу салтанатында музей директорының мәдени-білім жұмысы және сыртқы байланыстар жөніндегі орынбасары Бейбітқали Қақабаев, Қазақстан Республикасы Президенті архиві директорының орын­басары, тарих ғылымдарының докторы Қайрат Әлімғазинов, фото­көр­менің ұйымдастырушылары Ре­сей жаратылыстану ғылымдары ака­­де­миясының мүшесі Ирина Жу­рав­лева және басқалар сөз алып көр­ме­нің ашылуымен құттықтады. Шара барысында сонымен бірге «Арқайым.Оңтүстік Оралдағы мәдени және ки­е-
лі кеңістік» атты 30 минуттық де­рек­­ті фильм көрсетілді.

Арқайым – Ресей Федерация­сын­дағы Челябі облысында, Үлкен Қарағанды және Өтеген өзендерінің құйы­лысында орналасқан қола дәуі­ріне жататын тарихи-мәдени ескерт­кіш­тер кешені.

Көлемі, құрылымдық сипаты, ғы­лыми деректерінің молдығы мен ма­ңыздылығы жағынан тарих, археология ғылымдары үшін маңызы өте зор бұл ескерткіш 1987 жылы ашылды. Содан бері кең көлемді ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Арқайым қонысы екі шеңберлі жал тү­рінде салынған, ортасында құры­лыс салынбаған төртбұрышты алаңы бар бекініс.

«Арқайым – қалалар елі: кеңістік пен бейнелер» фотокөрмесінде форти­фикация, үй құрылысы, ежелгі ше­берханалар, жерлеу рәсімдері мен құрбандық шалу, тұрмыстық заттар, оның ішінде қыш ыдыстар, тастан, сүйектен жасалған бұйымдар, мыс және күшәлалы қоладан құйылған жонғыштар, пышақтар, біздер мен алуан түрлі әшекейлерді қамтитын қызықты мәліметтер қойылған.

Фотокөрме стендтерінде «Қалалар елі» ескерткіштерінің географиялық орна­ласуы, нығайтылған және ны­ғай­тылмаған қоныстардың әуеден түсі­ріл­ген фотосуреттерінің құпиялары ашыл­ған материалдар, саны жиырмадан асатын нығайтылған қоныстың ішін­дегі он төртінің қазіргі жағдайы мен тұмса табиғаттың авторлық фо­то­суреттері қамтылған.

Арқайымның тылсым сыры өзіне ынтықтыра түседі. Өзі көрер­менін іздеп келгенде көрген жақсы екен.

Арқайым... аңыздар андыздаған алқап...

Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Еділ мен Жайық суы араласты

Аймақтар • Бүгін, 10:04

Ұқсас жаңалықтар