Тарих • 19 Шілде, 2018

Жәңгір ханның жазғы ордасы Ресей жерінде жатыр

117 реткөрсетілді

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ұйымдастыруымен «Хан бөгеті» халықаралық ғылыми-танымдық экспедициясы Ресей Федерациясының Волгоград облысы аумағындағы тарихи орындарды зерттеуге шыққанын жазған едік.

«Экспедиция мақсаты толық орындалды, Ресей Федерациясының Волгоград облысы аумағында Бөкей ордасының соңғы билеушісі Жәңгір хан Бөкейұлының жазғы ордасы болғандығы толық дәлелденді. Бес күндік сапар барысында Жәңгір хан салдырған «Хан бөгетін», сол заманда қарағайдан қиып салдырған үйлерді көрдік, жергілікті зерттеушілермен, тұрғындармен кездесіп, көп ақпарат алдық», - дейді экспедиция жетекшісі, Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті жанындағы Жәңгір хан музейінің меңгерушісі Нұржан Төлепов.

Оралдық топтың құрамында техника ғылымдарының кандидаты, доцент, «Өсімдік шаруашылығы және жер өңдеу» кафедрасының меңгерушісі Марат Оңаев, тарих кафедрасының аға оқытушысы Жаннат Ғалиева да болған еді. Ғалымдар әуелі Волгоград мемлекеттік аграрлық университетінде болып, ресейлік әріптестерімен кездесті. Сапар барысында екі елдің жоғары оқу орындары арасында әріптестікті дамыту, соның ішінде «Хан бөгеті» сияқты тарихи мекендерді бірлесе зерттеу мәселесі көтерілді. Ресейліктер Волгоград университеті базасында екі елдің мектеп оқушылары мен студенттері арасында халықаралық жас өлкетанушылар оқуларын өткізуді ұсынса, қазақ жағы «Бөкей ордасы Қазақстан мен Ресей тарихында» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастыруды ұсынып, меймандарды Бөкей ордасы ауданындағы тарихи орындарды көруге шақырды. Бұл ұсыныс ВолМАУ-дың халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Елена Патринадан, агротуризм және аймақтық өлкетану кафедрасы меңгерушісі И.Кравцов тарапынан қолдау тапқан.

Әрине, ең қызықты кездесулер Жәңгір ханның жазғы ордасы қонған қазіргі Палласов жерінде өтті. Тарихқа көз салсақ, 1839 жылы 19 шілде күні Жәңгір хан І Николай патшаға хат жазып, Бөкей ордасының жерін кеңейтіп, 10 елді мекен салуға рұқсат сұраған екен. Тарғын өзеніндегі Хан бөгеті 1843 жылы көктемде аяқталған. Жазғы орданың салтанатты құрылыстары да осы кезеңде салына бастаған.

«Қазір Кумысолечебница («Қымызбен емдеу») деп аталатын ауылға кіргенімізде, классикалық қазақ оюлары бедерленген қарағай үйлер көзімізге оттай басылды. Ауылдың іргесінде көне зират, онда араб жазулы, төре таңбалы құлпытастар сақталған. Жәңгір ханның жазғы ордасы осы жер болғанына күмәніміз қалмады», - дейді экспедиция мүшесі, журналист Данияр Бахишев.

1843 жылы Жәңгір хан тұрғызған бөгет туралы тарихи жазбалар да сақталған.

Н.Троицкийдің жазбасында: «Тарғын өзенінің жағасындағы хан жайлауында жеміс ағаштары бар бақ өсіп тұр. Теректерді суару үшін өзенге шығыр орнатылған. Бақ жақсы күтілген, осы жерде қияр, қауын-қарбыз егілетін бақша алқабы да бар» деп көрсеткен.

Бір қызығы, дәл осы бақ кейін ханның немересі, белгілі ақын Шәңгерей Бөкеевке мұра болған. Жергілікті қазақтар Шәңгерейді де «хан» деп атапты. Осы Савинка ауылының тұрғыны С.Жаманбалиеваның естелігіне қарағанда, Шәңгерейдің бағында алма, алмұрт, өрік, тағы басқа жоғары сортты жеміс ағаштарының түр-түрі өсіп, 1917 жылға дейін сол маңдағы халықты қамтамасыз етіп тұрған екен. Азамат соғысы басталып, ел аласапыран болғанда Шәңгерей ағайындарын сағалап қоныс аударса, Совет үкіметі бұрынғы Хан ауылынан өкпе ауруына шалдыққан жандарды қымызбен емдейтін сауықтыру орталығын ашқан. Әлбетте, бие байлап, қымыз дайындаушылар – жергілікті қазақтар болған.

Экспедиция мүшелерін қызықтырған – бұрынғы «Хан бөгетінің» жайы болатын. Бүгінде Савинка және Лиманный ауылдарының арасында бұл бөгет әлі сақталған екен. Тарғын өзенін бөгеп, жайылмаға су шығарып, сол арқылы бау-бақша егіп, әрі мал азығын мол қамдаған Жәңгір ханның шаруашылығы өркендеп, малы мыңғырып өскен деседі.

Осы жерде Савинка орта мектебінде география пәнінің мұғалімі, мектеп музейінің меңгерушісі болып қызмет ететін Елена Утропова қазақстандық ғалымдарды құшақ жая қарсы алған. Жоғарыдағы қызметіне қоса оқушылардың тарих үйірмесін жүргізетін Е.Утропова өз шәкірттерін туған жердің тарихын білуге баулып жүреді екен.

«Біз аулымыздың тарихына қатты қызығамыз. Әсіресе ауыл маңындағы құлпытастарды зерттегіміз келеді. Бірақ оны оқитын мамандар жоқ. Сондықтан, қазақстандық әріптестеріміздің көмегіне зәруміз. Біздің бастамамызға оқушылардың ата-аналары да атсалысып жүр. Соған қуанамыз», - деп ағынан жарылған Е.Утропова Айша Қажығалиева есімді шәкіртінің Волгоградта облыстық деңгейде өткен тарихи конференцияға өңірдегі қазақ құлпытастары туралы ғылыми еңбегімен қатысып, жүлдегер болғанын мақтанышпен айтыпты. Жергілікті өлкетанушылардың талап етуімен көне қазақ құлпытастары мәдени мұра тізіміне тіркеліп, мемлекет қорғауына алу мәселесі қолға алынған.

«Біз осы сапарымыздың нәтижесін «Хан бөгеті – ашық аспан астындағы мұражай жәдігері» атты ғылыми жинақ етіп шығарамыз. Шын мәнінде Жәңгір ханның жазғы ордасында сақталған бірнеше көне ғимарат мемлекет қорғауына алынып, музей ашылса, керемет болар еді. Бірақ бұл халықаралық деңгейде шешілетін іс қой», - дейді экспедиция жетекшісі Нұржан Төлепов.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы

Суретті түсірген Данияр БАХИШЕВ

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар