17 Ақпан, 2010

КЕЛЕШЕКТІ БОЛЖАҒАН КЕМЕЛ ЖОЛДАУ

1237 рет
көрсетілді
36 мин
оқу үшін
АУЫЛ БОЛАШАҒЫ – ӨСУДЕ Көптеген шаруа қожа­лықтары электр желісі­нен алыста, әлі күнге дейін май шаммен отыр. Бұл сы­қылды келең­сіз­діктерді түбірімен жоя­тын уақыт жетті. *** Мұндағы бір қиыншы­лық – жылқылардың жо­ғалып кетуі. Сондықтан бұл орайда әлемде бар тәжірибені, ғы­лым жетіс­тіктерін пайдаланса дұ­рыс болар еді. *** Ауыл шаруашылы­ғындағы ұсақ-түйек сияқ­ты көрінетін маңыз­ды нәрсенің бірі ат, өгіз, түйе сияқты күш көлігін пайдалану болып табы­лады. Ауылда тудық, ауылда өстік. Ауыл шаруашылығы өте күрделі сала. Соның қиыншылығын да, қы­зығын да бастан бір кісідей өт­кер­дік. Сондықтан қазір қалалық бол­сам да, ауылға бүйрегім бұрып тұ­­ра­ды. Ауылдағы тамырымды да үзген жоқпын. Балаларым сол ауылда өркен жайып жатыр. Ауыл өмірі мен экономикасынан өзім де шеттеп кеттім деп айта алмаймын. Сондықтан да болар, Елбасының халыққа Жолдауын әуелі тыңдап, одан соң оқығаннан кейін ойда жүрген кейбір жайларды ортаға салсам деп едім. Жолдауда ауылдың өсу перс­пек­тивасы ауыл шаруашылығын­дағы еңбек өнімділігін арттыруда жатыр деп көрсетілген. Сөйтіп, 2014 жылға қарай агроөнеркәсіп кешеніндегі өнімділікті кем дегенде екі есе арттыру міндеті қойылып отыр. Осыған, сәйкес ойларымды өр­бі­тер болсам, нарыққа өткеннен кейінгі құбылыстарға көбірек тоқ­тал­ғым келеді. “Ұсақ шаруалар бірік­тірілсін” деген ұран көтерілуде. Дұрыс бастама. Орталықтандырыл­ған бухгалтерия, яғни есеп-қисап, мә­шине-трактор шеберханасы, мате­риалдық жабдықтау, тағы сол сияқты жалғыздардың тісі батпас істер игерілмек. Кімдер бірігеді дегенде қиындықтар да туындайды. Ұсақ шаруалар ма, әлде ірі-ұсақ­та­ры аралас па? Жері іргелес жат­қан­да­ры ма? Не болмаса аралары ал­шақ­тары да қосыла бере ме? Бас­шы­сы кім, қосшылары кімдер бол­мақ? Бұрын облыстық партия ко­ми­теті ұсынып, орталық партия ко­митеті бекітіп қойған басшылардың өзін шыдатпайтын қазекең өзімен тең құқықты тізгін ұстаушының айтқанына көніп, айдағанына жүре қоюы да қиын-ау. Тек туған-туыстардан құралған шаруа қожалықтары да бар. Бұ­лар­дың әр текті, әр ұлт өкілдерінен тұ­ратын шаруашылықтармен үйлесіп кетуі оңайға соқпайды. Қосылған күннің өзінде егіншілігі біріктіріліп, бірінің малы тәуір тұқымды, екін­ші­сінікі нашарлау болса, бұл ретте қолайсыз әңгіме туындамақ. Ұсақ-түйек көрінетін осы қиыншылық­тар­ды айта отырып, ондай тығы­рық­тардан шығудың жол-жобасын нұсқай кетпекпін. Жерді алпауыттарға жалға беру­дің тәжірибесі қалыптасып қалды. Кей реттерде бұл жолға түскен­дер­дің не тиесілі жерлерін қайтарып ала алмай, не жалдық төлемге жа­ры­май жүргендері де кездеседі. Ме­ніңше, осы орайдағы Канада, Еуро­па елдері фермерлерінің бірігу тәжі­рибесін зерттеп, өзімізге тиімді тұстарын пайдалансақ, қанеки. Бір ойым айтады, Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігінің мамандары әр аумаққа лайықты бірнеше нұсқа ұсынуы керек. Ақыл-кеңеспен қа­тар қаржылай көмек те көрсетіліп, соған мұқтаж шаруашылықтарды демеп жіберген абзал. Әрине, бұған тамыр-таныстық араласса, құрыдық дей беріңіз. Ауылдағы ұжымдар ірі­ленер болса, егін өсірудегі қиын­дық­тардың азаюы өз алдына, ас­тық­ты өткізу машақаттары да же­ңіл­дей түсер еді. Элеваторларда тара­зыдан жеу, бидайың таза емес, комбайннан бірден әкелдің деп 15-17 пайызды кеміту, сақтап бергені үшін төлемдер, тағы-тағылар азаяр еді. Себебі, іріленген шаруашылық­тың өзінің механикаландырылған қырманы, астық тазалағыш мәши­не­лері болады, түсіру-тиеу жұмыс­та­ры бір орталықтан атқарылады. Көптеген шаруа қожалықтары электр желісінен алыста, әлі күнге дейін май шаммен отыр. Бұл сы­қылды келеңсіздіктерді түбірімен жоятын уақыт жетті. Жалаң сөйлемейін, Қостанай облысының Арқалық ауданында ба­лаларымның шаруа қожалығы бар. Алматыда өзімнің азық-түлік дүкенім жұмыс істеп тұр. Сол се­беп­тен көңілге түйген ойларым бар­шылық. Алдағы уақытта Арқа­лық қаласынан арзан бағамен сүт, қымыз, тағы басқа да сүт өнімдерін сататын дүкен ашпақшымыз. Ар­қа­лықтың әкімі Теміржан Төлебаев сынды іскер азамат бұл ниетімізді құп­тап, ақылға ақыл қосып, қолы­мызды ұзартатын шығар деген ой­да­мын. Өзім бұрын сол ауданда кең­шар басқардым, азды-көпті тә­жі­рибеміз әлі де кәдеге асып жатса, мақұл емес пе. Мал шаруашылығының жайына келер болсақ, біздің Қазақстанның мүмкіншілігіндей жағдай еш жерде жоқ десек, артық айтқандық емес. Бұл ойымызды дәлелдеп байқасақ, қазақ қашанда жылқы мен қойды көбірек ұстап, сиыр малын азырақ өсірген. Оның себебі, көшпелі елге мал азығын дайындау қиындық келтірген. Жұт жылдары жиі болып тұрған. Құдайға шүкір, қазір оты­рық­шы елміз. Мал азығын қамдай­тын жағдай, мүмкіншіліктер бар­шы­лық. Сүтті мал шаруашылығы өз алдына бір сала болса, сонымен бірге, бір ет, бір май, бұлшық етті қазақтың ақбас сиырын өсіруге талаптанушылар шығып жатыр. Сиырдың сүтті тұқымын өсіріп, сүт бұлағын ағызу да біздің жігіттердің қолынан келмейтін іс емес. Бұдан әрі айтпағым, қыс те­бін­де, жаз жайлауда бағып, мыңдап жылқы өсіруге, сөйтіп, жылқының арзан етін көптеп өндіруге әбден болады. Қостанайдың оңтүстігі, Торғай өңірі, Жезқазған, Қараған­ды, Семейдің көптеген атырап-жондары осы істі өркендетуге өте қолайлы. Ертеде үш мыңнан бастап 17-18 мыңға дейін жылқы біткен байлар болыпты. Қазір Қарағанды облысында 1500 жылқы айдаған бір ақсақалды айтып жүр. 300-400 жыл­қылы кісілер әр тараптан шыға бастады. Ал өзім жұмыс істеген Ар­қалықтың түстігіндегі 50 шақырым­дай жердегі Жалғызтал ауылы бұ­рынғы Тоқтар Әубәкіров атындағы кеңшар еді. Ойлап отырсам, мұнда кейінгі отыз жылда күн райы жыл­қыға жайлы тиіпті. Ел ішінде бір үйір, екі үйір жылқысы барлар кә­дімгідей. Бұл дегеніңіз жыл он екі ай бойы өз қорегін өзі тауып, өсіп жатқан берекелі жануар. Мұндағы бір қиыншылық – жылқылардың жоғалып кетуі. Сондықтан бұл орайда әлемде бар тәжірибені, ғы­лым жетістіктерін пайдаланса дұ­рыс болар еді. Теледидардан қарап байқасақ, аңдарды ұстап алып, құ­лақ­тарына, балықтардың қанатына хабарлағыштар орнатып, қай маңда жүргенін біліп отыратын көрінеді. Ал біздің ауылдарда қатты боранда ығып кеткен жылқыны табу бір қия­мет. Кейде сол бетінде жоғалып кетеді. Айлап іздеген жылқың бір қырдың астында, көзден таса жүр­генін білмей қанша сабыласың. Тіпті күдер үзесің. Содан қаншама уақыт өткенде жылқы жарықтық тұрағына өзі қайтып келеді. Бұған дейін қаншама жанар май жағы­лып, аттың тері, жұқарған жүйке де мал иесіне оңай соқпайды. Хабар­ла­ғыш болса, мұндай өкінішке жол берілмес еді. Тағы бір қажет нәрсе – иттің мойнына, ет пен терінің арасына орнататын жеке анықтағыш (чип). Италиядағы бір танысым мына әңгімені айтып еді. Иті жоғалып ке­тіп, біраз әуреге салса керек. Бір апта өткенде полициядан хабар келеді: “Иттеріңді неге қаңғыртып жібергенсіңдер, келіп айыппұл төлеп, алып кетіңдер”, дейді. Сөйт­се, иттің терісіне сіңірілген “чип” арқылы иесі кім екенін біліпті. Оларда ит ұстаушы үшін бұл мін­дет­ті шара екен. Ал біздің жағдайы­мызда жоғалып табылған ақ-адал малыңды кейбір ардан безгендер менікі деп бой бермесе, дәлелдеуің де қиын. Бұл арада нөмірлеу, ен салу дегендер ескірген әдістер. Ен­де­ше, бізге керегі: малдың қайда жүр­генін білдіретін хабарлағыштар, мал иесін айғақтайтын анықтағыш­тар, ірі қараның, әсіресе, аналық және аталық ірі малдың төлқұжаты. Мал тұқымын асылдандыру өте күрделі, ғылыми тұрғыны керек ете­тін мәселе. Мал иелері бұған көңіл бөлсе, ұтады. Аталық малды, яғни бұқа, қошқар, айғырды іріктеп салып, сұрыптап отыру керек. Және бір жағдай, табынның ішінен ылғи ірісі мен семізін талғамай сой­ып, сата берсе, мал ұсақтап ке­те­ді. Бұл қателікті болдырмас үшін алдындағы малдың кішісін, сүттілігі кемін, уақытынан ерте төлдегенін жұмсаған дұрыс. Әлбетте, сойып-сатардан ең кемі екі ай бұрын ол малдарды жемдеп, семірту жұмы­сын ұйымдастыру керек. Дені дұрыс малды үнемі сұрыптап, тәуірін тұқымдық өсімге қалдырып, өсімі нашарын жұмсаған жөн. Жүн мен теріні іс қылудың жайы да жауыр болған әңгіме. Қостанайда, тағы басқа жерлерде пима басатын цехтар барын білеміз. Бірақ, неге екені белгісіз, осы керек іс өрге баспай келеді. Ауыл шаруа­шылығымен байланысты кәсіп­кер­лер назар аударып, дұрыстап қолға алатын істің бірі осы. Соңғы уақыттары арнайы қа­сап­ханалар жұмыс істеуі керек де­ген тәртіп шықты. Бұл да құптар­лық жай. Еті таза сойылып, артық қан-жыны экологияны бүлдірмей, жым-жылас етіледі. Осы арада мына бір көріністі көзге елесте­тейік­ші. Жаңа оқу жылы басталар­да, ауылдағы отағасы үш-төрт ірі қарасының бірін сойып, оның ішек-қарнын, бас-сирағын, терісін, қой болса, жүнін үйде қалдырып, базарға алып жөнеледі. Бұл үшін сонда апаратын мәшине, көлік із­деуі керек. Оған қоса, беретін анық­тамасы үшін мал дәрігеріне, жолдан бөгемесі үшін МАИ қыз­мет­керіне, тағысын-тағыларға қол­үз­дік төлеп, өткізер мал ақша­сы­ның үштен бірінен айырылып үйіне қайтады. Сондықтан, қасапханасы барлардан малымды сендерде сой­дым деген анықтама сатып алуға мәжбүр. Немесе делдал сатушыға арзан өткізіп “өнерлейді”. Демек, қасапхананың әр ауылда ашылғаны абзал. Бұлар санэпид­стан­саның барлық тазалық талап­тарына сай болсын. Қуаттылығы бір тоннаға дейін жететін электрлі тельфер, механикалық тельфер сияқты бауыздалған малды көте­ре­тін құралдар орнатылса құба-құп. Сойылатын жер бетондалып, аққан қан арықшамен жабық құдыққа құйылуы керек. Малдың ішінен шыққан қан-жыны арнайы орынға көміледі. Осы қасапхананың иесі арзан бағамен жүк көлігін, авто­то­ңазытқыштарды жалға бере­тін­дей жағдайы болса, тіпті жақ­сы. Басқа да мәселеле­рін ойласты­рып шешуге әбден болады. Айталық, ауылды жерде мал күнде сойылмайды. Сон­дықтан ол үшін аптаның бір күнін белгілесе де артықтық етпейді. Шалғай өңірлерде арзан азық-түлік, жеміс-жидек бар. Соларды жетпей жатқан жерлерге жеткізудің де түйткілі же­тер­лік. Жа­нар ­май қым­бат. Жолдан тосатын МАИ қызметкерлері ауыздарын ашып “жиен­дік” жасамай және тұрмайды. Бұл ты­ғырықтан шығатын бір жол, көп­теген қалалардан жүздеген “КамАЗ”-дар киім-кешек, тауар алуға Алматыға үзбей қатынайды. Солар келерде бос келеді. Айталық, Арқалықтың базарында сиыр еті 400-500 теңге аралығында. Күз айларында қала тұрғындары алып үлгермейді. Ет сатушылар сарсаңға түседі. Мал басы жылдан-жылға көбейіп келеді. Сонда деймін-ау, жа­ңағы, Алматыға бос келе жатқан мә­шинелер жолай ет ала келсе қай­теді? Оны келгеннен кейін бүлдір­мей сақтайтын тоңазытқышты қой­малар да керек. Осы істі Үкімет та­рапынан үйлестіретін құрылымдар болса, кәсіпкерлерге жол сілтеп, жөн көрсетіп, жаңағыдай қойма салатын несие бөлінсе, жолдағы ауыздағыны жырып алар погонды жандайшаптарға тыйым салынса, бұл айтқанымыз да шешілмейтін мәсе­ле емес. Картоп, көкөніс, жеміс-жидекті де жетпейтін жерлерге тасымалдаудың жайы осындай жолмен шешілер еді. Ауыл шаруашылығындағы ұсақ-түйек сияқты көрінетін маңызды нәрсенің бірі ат, өгіз, түйе сияқты күш көлігін пайдалану болып табы­лады. Біздің балалардың жеке ша­руа­шылығында “Т-40” маркалы шағын тракторы бар. Жанар майды аз жұмсайды, өзі жүйрік, өзі берік. Қит етсе, соны пайдаланады. Әсі­ре­се, науқандар кезінде комбайн­шы­ларға тамақ жеткізу, қосалқы бөл­шек апару, отын-су, тағы басқа­ларын тасу сонымен атқарылады. Бірақ, қанша үнемдесек те, бұл тракторы болғырың да жанар майы мен жөндеуін қоса, бір жылда 250-300 мың теңгені жеп қояды екен. Оның орнына жазда екі доңғалақ­ты, төрт доңғалақты арбаға, қыста шанаға ат жексе қайтер еді? Әрі ыңғайлы, әрі үнемді. 1980-жылдары кеңшарда балабақша мен асханаға ат-шанамен тамақ тасытқанымда жігіттер әуелі күліп, артынан қатты аязда мәшине біткен тырп ете алмай қалғанда, ат-шананың дұ­рыс­тығына көздері жетіп еді. Мұндай әбзел-құралдар қазір таптырмайды. Міне, соны жолға қою керек. Ақмола облысының Балқашын ауданындағы орман шаруашылығында шана да, арба да жасалатын. Осы жайды да еске бір алып қояйықшы, ағайын. Аграрлық саласы дамыған елдің ауыл шаруашылығын жеке жазатын газеті жоқтығы да қынжылдырады. Бір кездерде белгілі журналист Бекболат Әдетов жетекшілік еткен “Ауыл” газеті жақсы тәжірибелерді, өнегелі істерді таратып жазып тұрғанын білетін едік. Нұрмолда Алдабергенов, Бірәлі Нұртазин, Бошай Кітапбаев сияқты ауыл ерлерінің атағы да қалың жұртқа баспасөз арқылы танылды емес пе. Ауылдың өз га­зеті болып, жақсы тәжіри­белерді жазса дейміз ғой баяғы. Елбасы Жолдауы алға қойған міндеттерге сәйкес, шаруа қожа­лық­тарына арнап шағын трактор­лар шығарған жөн сияқты. Сөзімді түйіндей келе қайталап айтарым, шаруа қожалықтарындағы электр жарығының мәселесі. Электр қуатын өндіру орайында желді пайдалану жайы айтылуын айтылғанмен, іс-жүзіне аспай келеді. Соншалықты қиын ба, жоқ, әлде мән бермейміз бе, түсіне алмай қойдым. Ауыл шаруашы­лығы министрі А.Күрішбаев мырза қолынан іс келетін азамат сияқты. Жолдаудан кейін жолы ашылып, ауылды алға сүйрейді деп сенеміз. Әуелі өнімді өндіріп, содан соң тұтынушыға қымбаттатпай жеткі­зіп, халықтың аузынан ақ май ағы­зуға мүмкіндіктер жетіп артылады. Тек істің көзін тауып, ұқсата білейікші, атқа мінген азаматтар. Кенжебек САУЫТОВ, ауыл шаруашылығы өндірісінің ардагері, кәсіпкер. Алматы. АДАМ ДЕНСАУЛЫҒЫ  БӘРІНЕН ҚЫМБАТ Елбасы биылғы Жолдауында саламатты өмір салты мен адамның өз денсаулығы үшін ынтымақты жауапкершілік қағидатын ұсынып, денсаулық сақтау саласындағы және халықтың күнделікті тұрмысындағы мемлекеттік саясат­тың ең басты мәселесі екенін атап көрсетті. Ден­саулық сақтау министрі Ж.Досқалиевтың Қызылжар өңіріне жұмыс сапары Мемлекет басшысы қойған талаптармен үндесіп, сабақ­тастық тауып жатты. Ол мекемелерді аралау, облыс тұрғындарымен жүздесу барысында та­ри­хи құжаттың халықтың өмір сапасын арт­ты­ру­дағы, әлеуметтік қорғаудағы стратегиялық мән-маңызын тар­қа­та әңгімелеп, көптеген сауал­дарға жауап берді. Жақсылық Досқалиев пен облыс әкімі Серік Біләлов ал­ды­мен Петропавл қаласында пай­да­лануға берілген заманауи қан ор­талығының салтанатты ашылуына қатысты. Жақсылық Ақмырзаұлы ұжымға жылжымалы донорлық пункт көлігінің кілтін табыс етті. Бес қабатты жаңа ғимаратты ара­лап көрді. Шетелдің клиникалық-диагностикалық, қан дайындау мен сақтау, иммундық-фермент­тік, бактериологиялық залалсыз­дандыру секілді озық медициналық құрал-жабдықтары мен қондырғылары қойылған 10 мың литрлік қан орталығын салуға ел қазы­на­сынан 1 миллиард 182 миллион 515 мың теңге жұмсалды. Бұрындары донордан қан алу үшін 2-2,5 сағат жұмсалатын болса, енді 40-45 минут жеткілікті. Министр БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында былай деді: Соңғы уақытта түрлі жұқпалы вирустардың жаңа түрлері пайда болып жат­қа­нын жақсы білесіздер. Осындай қатерлі ауру­ларды болдырмаудың, алдын алудың жолдарын қарастырып отырмыз. Бірінші – донорларды диагностикалық байқаудан өткізу. Екінші – қан құрамындағы түрлі инфекцияларды сәуле арқылы залалсыздандыру. Халықаралық талап­тар­ға жауап беретін мұндай қан орталығы Аста­нада ғана бар. Тағы 6 нысан бой көтеретін бола­ды. Осы 8 стансада жиналған плазмаларды шетелдік зауыттарға жөнелтіп, олардан қаннан жасалатын дәрі-дәрмек алатын боламыз. Мұн­дай келісім-шартты өндіріс жүйесіне биыл кө­ше­міз. 2014 жылға қарай елімізде қан өңдейтін зауыт салынады. Сөйтіп, экспорттау мүмкін­дігіне де ие боламыз. Ж.Досқалиев Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары әкімдерінің орынбасар­ла­ры, аумақтық ведомство жетекшілері, емдеу-профилактикалық ұйымдардың басшылары қатысқан аймақтық кеңес өткізді. Басқосуды аймақ басшысы Серік Сұлтанғазыұлы кіріспе сөзбен ашып, Жолдаудан туындайтын мін­дет­тер­ді алға тартты. Облыстың денсаулық сақтау жүйесінде 34 аурухана,  166 амбулаториялық-емханалық ұйым, 485 медициналық қосын жұ­мыс істейді. Былтыр бұл салаға 16,8 миллиард теңге бөлінді. “Жол картасы” аясында емдеу мекемелерін жөндеуге жарты миллиард теңге жұмсалды. Биыл осынша мөлшерде қаражат қарастырылып отыр. Кардиологиялық орталық ашылып, республика және шетел ғалымдары­ның қатысуымен жүрекке 51 ота жасалды. Медицина қызметкерлерінің баспана жайын шешу мақсатымен 88 пәтерлі жайлы жатақхана және 60 пәтерлі ипотекалық тұрғын үй салы­ну­да. 200 миллион теңгеге 26 жоғары техно­логиялық құрал-жабдық сатып алынды. “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы шең­берінде биыл 4 денсаулық сақтау нысанының құрылысын аяқтау белгіленген. Ведомство басшысы өз сөзінде 2010 жылы денсаулық сақтау ісін реформалау мен дамы­туға арналған мемлекеттік бағдарламаның бірін­ші кезегі аяқталатынын жеткізді. Оның қорытындысы жаман емес көрінеді. Ана мен бала өлімі, туберкулез, қатерлі ісік, жүрек-қан тамырлары сырқаттарының төмендеуі байқа­ла­ды. Министр денсаулық сақтау ісін реформалау мен дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама жобасымен таныс­тыр­ды. Оның мақсаты – адамдардың денсаулығын нығайту және әлеуметтік-демографиялық дамуды қамтамасыз ету үшін денсаулық сақтау жүйесінің тиімді жүйесін қалыптастыру. Ол үшін алғашқы медициналық-санитарлық көмекті басымдықпен дамыта отырып сапасын арттыру, бәсекеге қабілетті кадр әлеуетін қа­лыптастыру, медициналық және фармацев­ти­ка­лық білімді жетілдіру, инновациялық техно­логияларды кеңінен енгізу жолдары жан-жақты ескерілген. Бағдарлама іске асқан жағдайда 2015 жылға таман ана мен бала өлімі 1,5 есе, жалпы өлім 15 пайыз төмендеп, өмір сүру ұзақ­тығы 69 жасқа ұлғаяды деп күтілуде. “Саламат­ты Қазақстан” деген атауға ие бағдарламаны қар­жылық қолдауға 396 миллиард теңге тартылған. Жобада өзгешеліктер көп. Жақсылық Ақ­мырза­ұлы тың жаңалық ретінде соның бірін атады. Ол учаскелік дәрігерлер мен мейірби­ке­лер қызметін бөлісу, қайта құрылымдауға қатысты өрбіді. Бұдан былай учаскелік терапевт басы артық, қосалқы жүктемелерден босаты­лып, науқастарды емдеу міндетімен ғана айна­лысады. Дәрігер қабылдауға дейін атқарылатын жұмыстар, тіпті дәрігерге қаралу-қаралмау мә­селесін шешу де мейірбикелерге жүктеледі. Со­ған орай олардың еңбекақысы 1,5 есе өсіріледі. Жүйе 2011 жылдың 1 қаңтарынан енгізіледі. Министр елімізді дәрі-дәрмекпен қам­та­масыз ету мәселелерін де ортаға салды. Сәуір айында Астана қаласында фармацевтикалық зауыттың құрылысы басталады. Сөйтіп, бес жылда қажетті дәрілердің 50 пайызы шыға­рылатын болады. Ол бұдан былай төсек санын көбейтумен емес, оларды айналымға қосу арқылы дәрігерлік қызмет сапасын жақсартуды, медициналық қызметтің қолжетімділігін қам­та­масыз етуді атап көрсетті. Мұндай мемлекет­тік шаралар кешені 2020 жылға қарай ана мен бала өлімін екі есеге төмендетіп, жалпы өлімді 30 пайызға азайтып, туберкулезбен ауруды 20 пайызға қысқарту мақсатын көздейді. Жуық арада бағдарлама Парламент қарауына ұсыны­латын болады. Министр Жолдауда медициналық қызметке нәтиже­лерге бағдарланған қаржыландыру мен ақы төлеу жүйесін енгізу міндеті қойылғанын, оның жақсы үлгілері Қызылжар өңіріндегі Тайынша ауданында орныққанын айта келіп, медицина кадрларын дайындау мен қайта даярлауға бай­ланысты өзгерістердің жасалатынын, амбу­ла­то­риялық жұмыстардың жетілдірілетінін, отан­дық дәрі препараттары үлесінің көбейетінін жеткізді. Жаңа жобаға, бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесіне қатысты пікірлер айтушылар көп болды. Министр олардың тілектерін мұқият тыңдап, маңызды ұсыныстардың жан-жақты ескерілетінін жеткізді. Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы. ЕЛІМ ДЕП ЕЛЖІРЕГЕН ЕЛБАСЫМЫЗ Роза ЕЛЕКЕНОВА, І топтағы мүгедек ана. Мен қол арбаға таңылған мү­ге­дек жанмын. Тағдырдың тәлке­гі­мен І топтағы мүгедекке айна­лып бір жүдесем, баспананың зарын тартып екі жүдеп, өзімді өмірден тыс қалған жандай сезі­ніп, түңіле бастаған едім. Соңғы үмітімді артып “Нұр Отан” пар­тиясының есігін қақтым. Елбасымыз күні кеше Қа­зақ­стан халқына арнаған Жол­дауын­да былай деп еді ғой:  “Біз­дің жетістіктерімізді мойындай отырып, БҰҰ өзінің 2009 жылғы баяндамасында Қазақстанды адам әлеуетінің жоғары деңгейі бар елдер санатына қосты. Бұл – біз­дің өскен әл-ауқатымыздың дау­сыз дәлелі! Он жылда 350 мың отбасы – бұл шамамен 1,2 миллион адам – тұрғын үйге ие болды”. Міне, мен де сол Прези­дент­тің айтқан 350 мың отбасының немесе 1,2 миллион адамның бі­рі­мін! Өткен жылдың желтоқсан айында төрт бөлмелі пәтердің кіл­ті қолыма тигенде қатты тол­қы­дым. Баспананың зарын тарт­қан, менімен бірге уайымдап, көңілдері пәс тартып жүрген бес жа­рығым – бес қызымның қуан­ған­дарын көрсеңіздер, шіркін!.. Бұрын құқық қорғау орган­дары­ның ғимараты болған үйдегі өмірі жылынбайтын әрі сыз бөл­меден “расымен құтылдық па?” деп әлі күнге ішімнен күбірлеп қоямын. Қазіргі пәтерім жып-жылы, тіпті моншасына дейін бар. Жұмақтың төріне көшіп келгендей күй кешудеміз. Бұл – “елім” деп елжіреген Елбасы­мыз­дың басқа саланы айтпа­ған­да, тұрғын үй саясатын сындар­лық­пен әрі табандылықпен жүр­гізіп келе жатқан қамқорлығы­ның біздер сияқты миллиондаған жандарға көрсеткен бір көрінісі деп білемін. Дүниені дірілдеткен дағда­рыс­қа қарамастан, халықтың жағ­дайын ең бірінші кезекке қойған Президентіміздің елге берген уәдесін, айтқан сөзін орын­дамай тынбайтын абзал жан екендігіне менің көзім анық жетті. Сол үшін де Нұрсұлтан Әбішұлына мың да бір рахмет! Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақ­стан халқына арнаған кешегі Жолдауында: “Алда тұрған он­жылдықтың аса маңызды міндеті – Қазақстанның барлық азамат­тарының өмір сапасы мен дең­гейін жақсарту, әлеуметтік тұ­рақ­тылық пен қорғалуды нығайту”, – деді. Бұл сөздердің арғы жа­ғында миллиондаған жандардың қоныс тойы, әл-ауқаты жақсара­тын қуаныштары тұр деп түсі­не­мін. Елбасымыз Нұрсұлтанмен бірге ел ертеңі нұрлана берсін, ағайын! Батыс Қазақстан облысы,  Қазталов ауданы. УАҚЫТ ӘРЕКЕТ ЕТКЕН АДАМҒА ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ Асылхан ОЙСАЕВ, “Алтынай” шипажайының директоры. Елбасымыз халыққа Жол­дауын­да: “Біз рецессияға жол бер­медік, өйткені, не істеу керек­тігін білдік және мұны жедел істедік”, деп атап көрсетті. Біз осының жақсы мысалын облыс өмірінен көріп отырмыз. Қазір ертеден кешке дейін сарыуайым­ға салынып, не істейміз дейтін уақыт емес, уақыт әрекет еткен адамға жұмыс істейді. Дағдарыс кезінде елімізді түрлі қиындықтардан мемлекет­тік бағдарламалар сақтап қалды. Мәселен, “100 мектеп, 100 ау­рухана”, “Жол картасы” сияқты бағдарламалар тек мыңдаған адам­дарға ғана жұмыс тауып беріп қойған жоқ, әр облыстың жылды табысты аяқтауына негіз қалады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өңірлердің дамуы – елдің дамуы деп батыл реформалардың қолға алынатын­дығын көрсетті. Экономикалық өсу жағынан әр аймақтағы мін­деттерді межеледі. Оңтүстік Қазақстан ауыл ша­руашылығы, асыл тұқымды мал шаруашылығы және олардың өнімдерін терең өңдеу сала­ларында табысқа жете алады. Біз оны облыс басшысы Асқар Мырзахметовтің жүргізіп жатқан жұмыстарынан көріп отырмыз.  Ауыл шаруашылығында табысқа жету көкөніс алқабына сарқыра­ған өзеннен су салып қою мен алдыңдағы малды ысқырып жүріп бағумен бітпейді. Біріншіден, қазір айдын көл­дер жоқ, жыл сайын су тап­шы­лығы сезілуде. Екеуіне де жаңа әдіс, соны тәсіл, заманауи қон­дыр­ғылардың көмегін  пайдалану керек. Жалпы, су тапшылығын тамшылатып суару, көкөніс кө­ле­мін жыл мезгіліне қарамай көбейтуді жылыжай, оны бұзыл­майтындай сақтауды қойма салумен шешуге болады. Облыс басшысы тамшылатып суару әдісі арқылы 2010 жылы 20 мың гектар алқапты игеру мәсе­лесін қойып отыр. Инвести­ция­лық жоба іске асу үшін Түркістан сервистік-дайындау орталығында арнайы құбырлар жасалуда. Жылыжай көлемі 146 гектарға жеткізіліп, осы өнімдерді сақтай­тын қоймалар көбейтіліп жатыр. Егіншілік саласында 53, оның ішінде 17 элиталық, 30 арнайы тұқым шаруашылығы жұмыс іс­тей­тін болады. Мал тұқымын асыл­дандыруда да жақсы жетіс­тік­тер бар. Осының бәрі мем­ле­кет қам­қорлығының арқасында жасалып жатқанын қарапайым жұрт білгенімен, аттанға ойбай қосатын байбаламшыл аз ғана топтың білгісі келмейтіндігі өкінішті. Оңтүстікке Қазақстан, Ресей, Беларусь біріккен Кеден ода­ғын­да табысқа шығатындай мүм­кін­діктер бар. Олардың негізгі ба­ғыттарын жоғарыда қысқаша болса да айттып өттік. Елбасы қазақстандық барлық азаматтардың өмір сүру сапасы мен деңгейін жақсарту, әлеуеттік тұрақтылық пен қорғауды нығайту мәселесін бірінші кезекке қойып келеді. Ал біз атап көрсеткен іс-шаралардың барлығы жұмыс күшімен бітеді. Жұмысы бар адамның уайымы жоқ, көйлегі көк болса керек. Оңтүстік Қазақстан облысы,Сарыағаш ауданы. БАСШЫ БОЛАМ ДЕСЕҢ, АУЫЛДАН БАСТА К.БЕКМАҒАНБЕТОВ, ішкі істер органдарының ардагері, отставкадағы полиция полковнигі. Елбасы Н.Назарбаевтың басшы қызметтерде істеймін деген жастар ең бірінші ауылда еңбек етіп, үлкен өмір мектебінен өтуі керек деген ойын толығымен қолдаймын. Бүгінгі ел басқаруда, түрлі өн­діріс орындарын, алпауыт компа­нияларды басқарып немесе басқа да салаларда жүрген, зиялы қауым санатындағы көптеген азаматтар өмір мектебін ауылдан бастағаны, не белгілі бір кезеңінде ауылда қызметтен өткені белгілі. Бұл тіпті кездейсоқтық емес, толықтай не­гіздемесі бар екені даусыз. Ауылда, әсіресе қазақы ауылдарда қаймағы бұзылмаған ұлттық болмыс, дәстүр мен тіл, мәдениет пен тұрмыс кім­нің болсын адами жетілуіне әсер етері анық. Оның үстіне ауылдағы ең төменгі әлеуметтік ортаны кө­ріп, танып оның мұң-мұқтажын се­зі­ну адамды ұлттық мүдденің жоқ­таушысы болуға бағыттайтыны ақиқат. 30 жыл ішкі істер органдарында қызмет атқарған өз өмірлік тәжіри­бемде Тоқырауын аудандық ішкі істер бөлімінде өткізген 13 жылды аса бір ризашылықпен еске аламын. Сол кездегі ауданның 6 шаруашылығы таза қазақы елді мекендерден тұратын. Оларға әрбір қызмет бабымен барған сайын өтетін жиналыстарындағы таза, мәнді, нәрлі қазақ тіліне таңдай қаға риза болатын едім. Шалғай жатқан елді мекен тұрғындарының қонақ күтісі де олардың ақ көңілді, кең пейілді екеніне күмән келтіртпейтін. Мұндай жағдай шаруашылықтардың басшылары, белсенділеріне ғана емес, барлық дерлік қарапайым ауыл тұрғын­дары­на да қатысты болатын. Ол жылдары әрбір қазақ от­ба­сында “Жұлдыз”, “Жалын”, “Мә­де­ниет және тұрмыс”, “Қазақстан әйелдері” журналдары, “Социалис­тік Қазақстан”, “Лениншіл жас”, облыстық, аудандық және т.б. га­зеттер жаздырылып алынатын. Кез келген ауыл адамымен әдебиет, поэзия, мәдениет, тарих, саясат мәселелері бойынша әңгіме құруға болатын. Қарапайым ауыл ақсақал­дары ішінен небір көсем, шешен, білгірлері табылып жататын, олар “дала академиктері” деп бағала­натын. Ауыл ақсақалдарының пәл­сапасы, мәде­ниеті, тілі, пейілі, бүкіл болмысы саған да оң әсерін бермей қоймайтын. Ауыл деген қайнар бұлақтың сарқылмай, лайланбай сақталған қасиеті қазір де талайдың рухани сусынын қандыруға қабілетті екеніне шүбә келтірмеймін. Қорыта айтқанда, ауылдан бас­тау алған қадам қай жағынан бол­масын мықты, баянды болатынына мен сенемін. Қарағанды облысы.