«Біз кеше осы суық хабарды естігелі түнде отбасымызбен ұйқымыз шала болды, жылап алдық. Денистің әр бір мұзға шыққан сәтін қуана күтетін едік, ол сұлулықтан, парасаттылықтан жаралғандай жан еді. Ол нағыз жастардың ұстыны болатын, оған мыңдаған жас бүлдіршіндер еліктеді, Денистей болсам деп армандады. Екі соқталдай жігіт сондай дарынды, талантты, зиялы адамға қалай пышақ жұмсады десейші?! Адамдықтың ең төменгі сатысынан көрінген, ананың сүтін ақтамаған малғұндар», деп күйіне сөйледі Мәдина мен Зарина Салықова деген егіз қыздар. Екеуі қолына бірнеше ақ шар ұстап келіпті, бүгін Денисті еске алып, қоштасу рәсімі ретінде аспанға ұшыратындарын айтты.
Тобыл жағасына келушілердің кешке қарай қарасы молая түсті, адмдар қолында қызыл гүл немесе ақ шар ұстаған. Барлығы да мұңлы, кейбір жастар тіпті көз жасын да ірке алмады. Осында философия ғылымдарының кандидаты, белгілі ғалым және өлкетанушы Қалқаман Жақып та болды.
«Бар-жоғы 25 жасында аққан жұлдыздай кетіп бара жатқан Денис Теннің Қазақстанға жасаған еңбегі ұшан-теңіз. Спорттағы жеңістерімен Қазақстанды дүниеге танытты. Бірақ әңгіме оның тек талантты спортшы екенінде емес, адамгершілігі мен терең парасатында еді. Соңғы сұхбатында «сыртқа шыққанда өзімді корей емес, қазақ сезінемін» деген сөзі мені таңғалдырған, жүрегімді езіп кеткен еді. Ол адамдықтың Абай айтқан деңгейінде болды. Денистей талантты, тамаша баламыздан айырылып қабырғамыз қайысқан кезде, оған пышақ сілтеген бұзақылардың біздің ұлттан болғаны мені тағы күйіндірді. Олар өздерін енді кім санайды?», деді Қ.Жақып.
Денис Тен қостанайлықтардың да мәңгі жүрегінде!
Нәзира Жәрімбет
«Егемен Қазақстан»
Қостанай