Жазғы спорт • 23 Шілде, 2018

«Астана» велошабандозы «Тур де Франс» кезеңінде жеңімпаз атанды

460 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Франция тасжолдарында өтіп жатқан «Тур де Франс» жарысының 15-кезеңінде велошабандоздар Мийо – Каркасон маршрут бойынша 181,5 шақырым жолды жүріп өтті.

«Астана» велошабандозы «Тур де Франс» кезеңінде жеңімпаз атанды

Бұл кезеңде де «Астананың» велошабандозы Магнус Корт мәре сызығын бірінші болып кесіп, елорда командасының спортшылары қатарынан екінші күн айтулы доданың кезең жеңімпазы атанып отыр. Екінші орынды  «Bahrain-Merida» командасының өкілі Ион Исагирре, үшінші орынды «Trek-Segafredo» командасының велошабандозы Бауке Моллема иеленді.

Еске салайық, Сен-Поль-Труа-Шато – Манд аралығында өткен 14-кезеңде «Астана» велокомандасының тағы бір өкілі испаниялық Омар Фрайле жеңіске жеткен болатын. Бір айта кетерлігі, сол күні «Астана» велошабандоздары көпкүндіктің аталмыш кезеңіне қара лента байлап, 19 шілде күні Алматы қаласында ұрылардың қолынан қаза тапқан мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің рухына құрмет білдірген еді.

«Тур де Франс» жарысының 15-кезеңінен кейін жалпы есепте «Sky» велокомандасының өкілі Герайнт Томас көш бастап тұр. Ал «Астана» сапынан Якоб Фульсанг 9-орында келеді. Ол көшбасшысы Томастан 6 минут 14 секундқа арта қалып қойған.

 

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»