![211211-8](http://old.egemen.kz/2011img/211211-8.jpg)
Атыраудың қысы құбылмалы. Көшеде аяғымның басын аяз бүріп тұр едім. Ділда апам жеңіл көліктен түсе берді.
– Ақтөбенің Шалқарынан келеміз. Аудан орталығына жаңа мешіт салдырдым. Соны аштық, – дейді кейуана жүзінен нұр төгіп. Мына мейір қасат қардың өзін еріткендей.
– Шырағым, біздің жасымызға келген адам алдымен Аллаға мұқтаж болу керек, – дейді әңгімесін қысқа қайырып. – Мойнымдағы міндетім еді. Әкем алдындағы парызым мен қарызымның бір парасын өтедім-ау деп келе жатырмын.
Аллаға мұқтаж... Жүзімді құбылаға бұрып сөйлейін, Ділда апамның осы сөзі мені тосып тастады. Ой меңдеді. Өзімнің әлі күнге адам мен ақшаға мұқтаж болып жүргеніме ұялдым. Қанағаты қашқан, обал мен сауабы ортайған ортама қоңылтақси қарадым. Қақаған қыста қара суықты қақ жарып, алыс ауданнан оралған сексеннің сеңгіріндегі кейуананың қайратын айтсаңшы! Әр сөзі ел-жұртқа иман үлестіргендей жанның жұмсақ лебізін айтсаңшы! Лүп еткеннің бәрін ызғар көретін біз сияқтыларға мұнан асқан өнеге болар ма?!
Ертеректе Ділда апам шежірелеп айтқан өмірдерек оқиғасы жадымда қайта жаңғырды.
Иә, Мәтекең...
Заманында Шалқарда мешіт ұстаған, «Құран-кәрімді» қазақ тілінде сөйлеткен бірегей тұлға. Орташа дәулет иесі. Төңкеріске түсіп, қазақ даласын кезген қызыл құйын, ақ бораннан әупірімнің күшімен аман қалған. Іргелес Арал жеріне ауып қонған. Барыңда баптайтын ағайын жақсы ғой... Жоғыңда таптауға әзір тұратыны да табылады. Соның бірі тумалас Шақа еді. Кешегі 37-жылдың зобалаңында айқайға аттан қосқан да сол болды. «Мәтей жасырынып жүрген жуанның сойы. Өзі өмір бойы мешіт ұстаған. Жаңа дәуірге жарқын үнін қоспайды. Күніне күбірлеп бес уақыт намазын тастамайды. Маңдайын жайнамаздан ажыратпайды. Ниеті бұзық. Отанға деген оң көзқарасы жоқ» деп жоғарыға арызын айдаған. Әр ауылдан «халық жауын» іздеп қызыл өкше боп қыр кезіп жүргендерге мұнан асқан қандай олжа керек?
Дереу тұтқынға алынып Магнитогорск асырған. Ері айдалып кеткен соң алшая қонған ақордасын айдалаға тастап, аштықтың құрсауына түскен анасы жаяу-жалпы Шалқарға жеткен. Қолындағы қос алтын білезікті татар саудагерге шешіп беріп, бір пұт тары алып қызының аузына тосады. Әлсіреп аяғын баса алмай қалған қарғасына сөйтіп әл жинатады. Сол қыз Ділда апа еді.
Анасы ақыры ерінің соңынан аттанады. Жат қала, жыртық ауызға жырық қасықпен ас құйып отырған жүдеу жұрт... Әйтсе де, орыс халқының ешкімді жатсынбайтын кең мінезі бар ғой. Кері теппеді. Бір кездесуге барғанында түрмедегі әкесі анасына «Қарны ашып жүр ғой, қызыма берші» деп құдайы күлшедей нан ұсынған. Нан ішінде ішірткідей ғана хат бар екен. Әріп танып қалған қарғасы оны көшіріп пойызбен Мәскеуге, Калининге жібереді... Сол сәбидің періште көңілінің арқасы шығар, кешікпей әке де бостандыққа шыққан.
Сол хат жазған қыз Ділда апа еді.
Еркіндік алғанмен, үркек көңіл туған топыраққа тоқтатпай Өзбекстан асырған. Жаппай еңбекке араласып, несібе айырған. Аузы дуалы, сақалы киелі Мәтекеңді жергілікті жұрт «Молда аталап» алдын қия кеспейді. Сүрінгенге – сүйеніші, жабырқағанға – жәрдемі, ауырғанға – дұғасы әзір ақсақал сөйтіп елдің құрметіне бөленген. Аласа адамды тау басына шығарып қойсаң да – аласа. Ал, алып тұлғаны зынданға салып қойсаң да биік, еңселі.
Араға ұзақ жыл салып, қашты-қудының құрығынан құтылған шақта бұл жанұя Шалқарымен қайта табысқан.
Осы бір ғана шаңырақтың шырайын қашырған зұлматты жазса, сол дәуірдің шындығы шырқырап тұрған дәу романға айналар.
Қазақ әдебиетінің патриархы Әбдіжәміл Нұрпейісов:
– Бала күнімде Мәтекеңнің қолына су құйғанмын, – деп отырады. Аузы берік жан осыны айтқанда нұрланып жүре береді.
Мәтекеңнің жиені Иманғали Нұрғалиұлы:
– Нағашы атам бүгінгі істі ертеңге қалдырмайтын жылдамшыл да қайырымды кісі еді. Кеңес кезінде де мешіттен қол үзбеді. Таңертеңмен атына мініп ауылды бір айналып шығатын. Ауылдың бар-жоғын түгендейді екен ғой, жарықтық, – десе, Ділда апам:
– Әкемнің осы Иманғалиға ықыласы ерекше ауды. Осы неменің көзінде бөлекше нұр бар. Бетінен қақпа. Түбі бір жерден шығады деп отыратын, – деп сол бір сағынышты кезді аузынан тастамайды.
Парыз бен қарыз.
Әкеден қалған өнеге – парыз. Өнегенің үлкені – ата-ене сыйлау, ұрпақ өсіру, шаңырақ ұстау. Ата-енесін келін боп әлпештегеніне мына ел-жұрт куә. Ұрпағы ұлағатты. Қара орман – қара шаңырағы бүгінде әр қазақтың қызырлы ордасындай. Өзі пейілі мен мейірін кім-кімге де тең үлестірген ел Анасы. Мұхамбеттің үмбеті, Шадиярдың сәруары екенін жадынан шығарып көрген емес.
Ал, қарыз ше?
Ғұмыр бойы халқына иман үлестірген, замана желі ұйытқи соққанда сыртқы сымбатын жоғалтса да ішкі қымбатынан ажырамаған әке арманына адалдық.
– Шалқарға барған сайын кішкене мешітке бас сұғып, өткен-кеткен әруақтарға дұға бағыштайтынмын. Әкемнің табан ізі қалған құтты мекен ғой. Ендігі бар ойым кітап жазып жиған аз-кем қаражатым бар, балаларымның көмегі бар – бәрінің басын қосып бір үлкен мешіт тұрғызсам-ау дегенге бекінгенмін, – дейді Ділда апам сөзін сабақтап.
Халықтан қолдау тапты. Ел-жұрт алқалады. Аз уақытта зәулім мешіт бой түзеді. Жанында Құрбан айт сынды діни мейрамдарда мүслимдерге дастарқан жаятын қосымша асүйі, жан-жақты жабдықталған медресесі де бар.
– Төркініме ризамын, – дейді Ділда апам жылы жымиып. – Қақаған қысқа қарамай қалың ел боп алдымыздан қаумалап шықты. Мешіттің ашылу құрметіне деп Жүсіп інім бір жылқы сойды. Сағынай інім бір ірі қара жаратты...
Бүгінгідей әр түрлі діни ағым белең алып тұрған шақта ата-бабамыз ұстанған Ханафи мәзхабы құттыханасының тұсаукесеріне Атыраудан бірге барған ардагер Амангелді Селбаев лебіз өрбітсе, Ақтөбе облыстық мәслихат хатшысы Балғали Ордабаев, Шалқар ауданының әкімі Рахат Сыдықов, Атырау облыстық теміржол бөлімшесінің бастығы Бөрехан Беркімбаев, кәсіпкер Қайыржан Балжігітовтер ортақ іске үнемі оң пейіл білдіріп жүрді. Ал Ақтөбе облыстық теміржол бөлімшесінің бастығы Жарас Ізғұлов болса, мешітке «Нива» автокөлігі мен компьютерлер сыйлады.
– Құрманғали мен келінім, қыз-күйеулер алып барған шапан мен пальтоны, костюм, көйлек, жаулықты ақсақалдар мен әжелеріне, аға-жеңгелеріне тегіс үлестіріліп баталарын алды,– дейді апам. – Ертеде мұны қолүздік деп атайтын, шырағым.
Ел-жұрттың өтінішіне орай мешіт Мәтей Қоқанұлының атын иеленген. «Молданың аузында – Алланың аузы бар» дейтін Ділда апамның пейілі қасат қардың өзін еріткендей ғой. Күннің жылынып кеткенін қарашы.
Рахымжан ОТАРБАЕВ.
Атырау.
–––––––––––––––
Суретте: Шалқарда ашылған Мәтей Қоқанұлы атындағы жаңа мешіт.