Тарих • 26 Шілде, 2018

Сығанақ бүккен сыр

455 реткөрсетілді

Сыр бойында орналасқан көне қалалардың бірі – Сығанақ. Оның 2000 жылдық тарихы бар. XІ ғасырдың екінші ширегінде қыпшақтардың әскери-тайпалық одағы осында тұрған. «Орта ғасырдағы Сығанақтың саяси тіршілігін, мәдениетін, ұлан-байтақ базарын, қала құрылысын, үйлерін толығырақ жазған ғалымдар Шараффуддин Иазди, Фазулулла Ибн Рузбихан» деп жазады академик Әлкей Марғұлан. Олардың баяндауынша, Сығанақ қыр даланың іргесінде әдемілеп салынған шаһар. Қала базарында күн сайын 500 түйе сатылып отырған. Бұл қалаға Арқадан (Дешті Қыпшақ), Хажы – Тархан (Астрахань) жағынан көп дүние келетін, олардың ішінде мыңдаған қой, топталған жылқы, түйе, қымбат ішіктер, тондар, қару-жарақ, қайыңның безінен жасалған жебелер, жібек маталар болған.

Орта ғасырда қала моңғол шап­қын­шылығына ұшыраған. 1219 жылы Жошының қолы Сығанақты қоршайды. Ол қол астындағы мұсылман саудагері Хасанды жіберіп, қала тұрғындарынан қарсылықсыз берілуді талап етеді. Сыға­нақтықтар Жошының өкілін моң­ғолдарға сатылғаны үшін өлтіріп, қа­ла­ны қорғауға кіріседі. Шайқас бір апта күні-түні үздіксіз жүреді. Жошы қаланы басып алады. Он мың адамды қойша қырып, Хасен қожаның баласын әкім етіп тағайындайды. Сөйтіп Сыр бойындағы тағы бір ірі қорған-қала моңғолдар қолына көшеді.

ХІІІ ғасырдың ортасына қарай Сығанақта тіршілік қайта жандана­ды. Қаланың шаруашылығы мен мә­дениеті шарықтап дамиды. Алтын Орда билеушілері Сығанақ қаласын астана етіп, күмістен ақша құюды жолға қой­ды. Эрзен ханның ұлы Мүбәрак Қожаның есімі көрсетілген (1320-1344) хижра бо­йынша 768 жылы Сығанақтан соғылған 5 тиын Петербургтағы Эрми­тажда сақтаулы. Эрзен хан 25 жыл билік құрып, 1345 жылы дүние салып Сығанақта жерленді. Осыдан бас­тап Сығанақ Жошы хан – Орда Эр­зен әулетінен тараған алтынордалық ақ­сүйектерді жерлейтін ата қорыққа айналды.

Ал XIII-XVI ғасырларда Сығанақ ірі сауда орталығына айналды. Сығанақ жайлы аса құнды дерек қалдырған адам Мұхаммед Шайбани ханның жылнамашысы Фазлалах ибн-Рузбихан Исфахани өзінің «Михман-наме Бұқар» атты еңбегінде қалада «күн сайын бес жүз түйенің еті қуырылып, кешке қарай одан түйір де қалмайтын» деп жазған. Дештінің атақты хандары міндетті түрде Сығанаққа жерленіп, кесене (мавзолей) тұрғызылатыны туралы деректі жазып қалдырған да осы Рузбихан.

Бұдан біз Сығанақ қаласы ХV-ХVІІ ғасырларда ірі орталық болғанын байқай аламыз. Оны археологиялық зерттеулер де дәлелдеп отыр. 1867 жылы орыс архео­логиялық комиссиясының тапсырмасы бойынша археолог П.И.Лерх Түркістан аймағындағы ортағасырлық қалаларды қарап шығуға жіберіледі. Ғалым қалада болып, оның қай жерде орналасқаны туралы ақпарат берген алғашқы адам.

1899 жылы Түркістан өлкетану бөлімінің меңгерушісі В.А.Каллаур да қалаға барлау жұмысын жүргізіп, оның топографиясын сипаттап,  қаланың шығыс жағындағы қақпасы алдындағы 100 метр жердегі мешіттің жобасын қағазға түсіреді. 1927 жылы Ресей Ғылым академиясы жанындағы материалдық мәдени институтының тапсырмасы бо­йынша Сығанақ қаласын А.Ю.Якубовский біршама тыңғылықты зерттеген. Ол қа­ланың топографиялық жағына көңіл бө­­ліп, жанындағы кей­бір қабырғалары сақ­таулы тұрған ғимарат­тардың суретін түсіріп алған. Қала туралы үлкен ғылыми мақала жазған.

Сондай-ақ академик В.В.Бартольд Ыстанбұлға барған сапарында оның кітапханасынан «Миһман – нама-ий Бұхара» («Бұхаралық қонақтың жазбалары») атты еңбекті кездестіреді. Осы қолжазбадан сығанақтық ақынның:

Шыққан мұнда ғұлама да, дана көп,

Айтады жұрт қасиетті қала деп.

Қайта туу нәсіп болса, дүние-ай,

Қайтып осы Сығанақты қалар ек, – деп жазған өлеңін көшіріп алады. Оны Сығанақты зерттеп жүрген А.Ю.Яку­бовскийге әкеліп береді. Кеңес кезінде 1947 жылы А.Бернштам келіп қаланың то­по­графиялық жобасын қа­ғаз­ға түсірсе, 1950 жылдары ОҚАЭ-ның жетекшісі  Е.И.Агее­ва мен  Г.И.Паце­вичтер археологиялық барлау жұмыс­тарын жүргізген.

Одан кейін 1970 жылдары қалаға ОҚАЭ Отырар археологиялық экспеди­циясының меңгерушісі К.А.Ақышев пен К.М.Байпақов Сығанаққа Отырардан кейінгі атақты екінші қала деп анықтама берген.

Сығанақ археологиялық экспедициясы жүргізген қазба жұмыстарының нәтижесінде қала Х-ХІІ ғасырлардан ХV-ХVІІІ ғасырлар арасында гүлденіп өмір сүргендігі анықталды. Экспедиция нәтижелері бойынша, қазіргі Сығанақ жұрты екі бөліктен: шахристан және оған үш жағынан жанасып жатқан рабаттан тұрған. Оның оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан шахристан кезінде пішімі бесбұрышқа ұқсайтын мықты қамал болған, оның өлшемдері: солтүстігі 275 метр, солтүстік-батысы 175 метр, оң­т­­үс­т­ік-батысы 190 метр және оңтүстігі 175 метр, ал оңтүстік-шығысы 320 метр көле­мінде. Биіктігі 1,5 метр. Қала 6-7 метр шығыңқы 15 төбешікке айналған және мұнара іздері сақталған, қасында Сунақ ата мешіті бар.

«Қаланың шығыс жағындағы қақпа­сының алдынан 100 метр қашықтықта күйдірілген кірпіштен (25х25х5 см) жасалған ХІІІ ғасыр аяғында сағана салынып, оның жанына табынатын ғимарат кейіннен ХІV ғасырдың аяғы мен ХV ғасырдың басында мешітке айнал­дырылған, оған басты дәлел ғи­мараттың оңтүстік қабырғасын тесіп михраб жасалған. Осы кезден бастап ғимаратты айналдыра кіші бөлмелермен жалғаған. Соған қарағанда ғимараттың қолданыста болған соңғы уақытында мешіт-медресенің де рөлін атқарған тәрізді. Ол шамамен ХХ ғасырдың 20-жылдарына дейін өмір сүрген» деген қорытынды жасалған.

Елбасының 2005 жылғы Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауына сәйкес, ежелгі Сығанақ қаласын туризмнің ірі орталығына айналдыру үшін архео­логиялық қазба жұмыстары жүргізілген қорған қақпасын, қаланың ішіндегі ғима­раттарды, мешіт, медреселер, кітап­ханалар сияқты маңызды – әлеуметтік-тұрмыстық нысандарды орта ғасырдағы бастапқы қалпына келтіріп, реставрация жұмыстарын жүргізуге мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлінуде.

 Жоғарыдағы жұмыстарды атқару кезінде 2016 жылы «Сығанақ тарихи мәдени-қорық мұражайы» қоғамдық бірлестігі құрылды. Қазіргі таңда Сығанақ қаласының инфрақұрылымына жоба жасалынып, алдағы уақытта көгалдандыру, абаттандыру, асфальтталған жол, ауыз су, кәріз жүйелерін жүргізіп, келген де­малу­шыларға арнап қонақ үй, «Сығанақ тарихы» музейі, автотұрақ салынатын болады. Және де осы туризмді дамыту арқылы шетелдік туристер келіп, елі­мізді әлемге танытып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

Шындығында, облыста туризмді дамыту үшін жасалып жатқан жұмыстардың қарқыны көңіл көншітпейді. Қазіргі туризм­ге алдымен бұқаралық сипат қа­жет, яғни мектеп оқушыларын немесе қызығушылық танытқан кісілерді облы­сымыздағы тарихи орындарға жиі апарып тұрған абзал. Сонда ғана бізге ішкі туризмді дамытуға сәл де болса айқын жол ашылады.

Дәл қазіргі уақытта Сығанақ қаласы төмпек астында қайнаған сыр, сарғайған тарихымыздың құпиясын қойнауына бүгіп, сіресіп жатыр. Бүкіл дамыған елдерде туризм саласына айрықша мән беріледі, соған сәйкес, тарихи жерлерде көптеген мұражайлар ашылып, халыққа пайдасын тигізіп, жұмыс атқаруда.

Көне Сығанақ қаласы – болашақта Батыс пен Шығыстың өркениеті мен мәде­ниетінің арасындағы диалогты дамы­та алатын Түркістан облысының мақтанышы болар еді.

Қазақ мемлекетінің астанасы болған әйгілі Сығанақты жер қайнауында тас­тамауымыз керек. Археологиялық жұ­мыс­ты жалғастырып Сығанақты ашық­аспан астындағы музейге айналдырып, сол жерге демалыс орны мен «Сығанақ тарихы» музей-қорық ашып, «Сығанақ – Қазақ мемлекетінің астанасы» деген монумент тұрғызу қажет. Астананың бір көшесін Сығанақ деп атағанымыз игі іс болды. Әрі қарай Түр­­кістан қаласы ауданының бірін Сы­ғанақ деп атаса, тарих алдындағы бір борышымыздың өтелгені болар еді.

Рысбек АСҚАРҰЛЫ, 
«Сығанақ тарихи-мәдени қорық-мұражайы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы

Соңғы жаңалықтар

Егемендіктер елге шықты

Қазақстан • Бүгін, 11:19

Баспасөз рөлі – басты мәселе

Әдебиет • 15 Қараша, 2019

Қазақстанға шетелдік банктер келеді

Экономика • 15 Қараша, 2019

Ұқсас жаңалықтар