Аймақтар • 26 Шілде, 2018

Өскеменде «Дала семинары» пилоттық жобасы іске қосылды

382 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ен сахараны ен жайлаған бабаларымыз талай түйткілді мәселені кең даланың төсінде, самал желпіген төбе басында немесе туырлықты киіз үйдің ішінде алқақотан отырып шешкен жоқ па? Мұны неге айтып отырмыз?! Шығыс Қазақстанда кешегі бабалар салған сара жолды жаңғыртуға талпынған тағылымды шара өтті. 

Өскеменде «Дала семинары» пилоттық жобасы іске қосылды

«Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы жариялаған «Ислам және отбасы» жылының аясында ҚМДБ Өскемен аймағының өкілдігі «Дала семинары» атты пилоттық жобаны жүзеге асырды.

Ұлан ауданындағы «Бескөл» демалыс орны аумағына өкілдіктен бірнеше киіз үй тігіліп, жайлаудағы отбасылық үлгіде өткен далалық семинарға жамағаттар және демалушылар қатысты.

Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, көл жағасындағы тамаша табиғат аясындағы шараға келген 50-ден астам демалушылар киіз үйлерге орналастырылып, азық-түлікпен, жатын орынмен қамтамасыз етіліпті. Далалық семинар келушілердің ешқайсысынан ақы сұрамай барлығын тегін қабылдап, қызмет көрсетіпті. Ең маңыздысы, өкілдіктің имамдарының ұйымдастыруымен ұстаздар мен мамандар қатысушыларға дәріс оқыпты. Уағыз-насихатпен қатар спорттық сайыстар да ұйымдастырылып, салт-дәстүрден көріністер қойылып, тағылымды әңгімелер айтылыпты. «Діни басқарма жарияланған 2018-«Ислам және отбасы» жылының аясында осы шараны қолға алуды жөн көрдік. Бұл жоба алдағы уақытта да жалғасын табады. Игі бастамаға халықтың қызығушылығы ерекше болғанын аңғардық. Жергілікті әкімдіктер де қолдау көрсетті. Бұл іс әсіресе кері ағымдарға қарсы күресте өте тың тәсіл деп бағаланып отыр. Шара барысында ұлттық құндылықтарды насихаттауға да ерекше назар аударылды», - дейді  ҚМДБ Өскемен аймағының өкіл имамы Ермек Тасболатұлы.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН