Медицина • 27 Шілде, 2018

Каспий мәртебесі: Бес мемлекетті толғандырған мәселе Ақтау саммитінде қаралады

3725 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Осы жылдың тамызында Ақтау қаласында Каспий жағалауындағы мемлекеттер басшыларының саммиті өтеді. Көпшілік қауым бұл жиынға үлкен сеніммен қарап отыр. Себебі теңіздің құқықтық мәр­тебесінің анықталуына оған қаты­сушы елдердің барлығы мүдде­лі. Әсіресе, әлемде саяси жағ­дай тұрақсыз болып тұрған кезде...

Каспий мәртебесі: Бес мемлекетті толғандырған мәселе Ақтау саммитінде қаралады

Каспий теңізі аса маңызды стратегиялық аймаққа жатады. Географиялық орналасуы оны Азия мен Еуропа құрлықтарында ғана емес, дүние жүзіндегі ерек­ше ықпалды теңіздердің қа­тары­на қосты. Теңіз табанынан мұ­най мен газдың мол қоры табы­лып, әлемдік қоғамдастыққа жа­рия етілген соң оған деген қы­зы­ғушылық тіпті күшейіп кетті.

Геолог мамандардың баға­лау­ынша, қарт Каспийдің қой­науында 68 миллиард баррель мұнай бар. Ал әлемдегі «қара алтынның» барланған қоры 150 миллиард баррель көрінеді. Теңіздің орналасу жайына келсек, ол солтүстіктен оң­түстікке қарай 1,2 мың шақы­рымға созылып жатыр. Жағалау сызығының ұзындығы 7 мың шақырымға жуықтайды. Жан-жағы түгелдей құрлықпен шек­тесетін теңіз суы бес елдің мемлекеттік шекараларын шайып келеді. Жағалау сызығы бо­йынша алғанда, Қазақстан үлесіне Кас­пийдің 29 проценті тиесілі.

Каспий теңізі мұнай мен газ конденсатымен қатар, өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне де өте бай. Әлемде сұранысқа ерекше ие балық тұқымдастары – бекіре, шоқыр, қортпа балықтары молынан кездеседі. Кейбір деректерге қарағанда, бекіре тұқымдас ба­лық­тың 80 проценттен астамы осы Каспий теңізінің үлесіне тиеді екен. Сондай-ақ теңіз суы мен оның жағалауларында өсім­дік­тердің 500-ден астам түрі өседі, балық пен жануарлардың 770 түрі мекендейді. Теңіз дүние жүзі бойынша қара уылдырықтың «ота­ны» ретінде кеңінен танылған. Уақыт өткен сайын Каспийдің көлік-транзиттік маңызы да артып келеді. Сонымен қатар теңіздің әскери-саяси рөлі де күшейе түсуде. Өйткені Каспий сулары Еуропаны, Орталық Азияны және Кавказды шайып жатыр.

Қарт Каспийдің құқықтық мәр­те­бесін анықтау мәселесі көте­рілгелі бері жиырма жылдан асты. Кеңес одағы тұсында теңізге тек екі мемлекет – КСРО мен Иран Ислам Республикасы ғана «иелік» етіп келсе, бүгінде оның қатары бес елге – Қазақстан, Әзербайжан, Ресей, Иран және Түрікменстанға көбейді. Халықаралық талап-нормаларға сәйкес Каспийдің құқықтық мәр­те­бесін осы бес мемлекет өзара ке­лісе отырып, айқындауы тиіс. Осы аралықта талай мәрте екіжақ­ты және көп­жақты келіссөздер өткізілді, тиісті құжаттарға да қол қойылды. Уа­қыт бес мемлекетке ортақ санала­тын Каспий теңізінің құқықтық мәр­тебесін анықтау мәселесі аса өткір әрі аса өзекті екенін көр­сетті.

Каспийдің құқықтық мәр­те­бесін анықтау мәселесі көте­ріл­гелі бері теңізге шекаралас бес мемлекеттің басшыларының жоғары деңгейдегі төрт саммиті өтті. 2002 жылы Түрікменстанда, 2007 жылы Иран елінде, 2010 жылы Әзербайжанда, 2014 жылы Ре­сейдің Астрахань қаласында. Рас, Астраханьдағы саммитте Кас­пий теңізінің құқықтық мәр­тебесі туралы конвенцияға қол қойылады деп күтілген болатын. Мемлекеттер басшылары ең негізгі мәселеге тәуекел ете алмады. Каспий теңізін пайдалануға байланысты бірқатар келісімді қуаттаумен ғана шектелді.

Каспий теңізі жағалауындағы мемлекеттер басшыларының Астраханьдағы саммитінде баса назар аударған мәселелердің бірі – теңізге шектес елдердің қарулану жайы болғанын атап өтуіміз керек. Бір жақсысы, сол жиында президенттер Каспий те­ңізі аймағына кірмейтін держа­­валардың қарулы күш­терін кіргізуге жол бермеу туралы шартты бекітті. Аталған құ­жатқа сәйкес бес мемлекетке тие­сілі теңіз акваториясына өзге елдің қарулы күштері кіре ал­майды, кемелері жүзе алмай­ды. Бұл бастаманы Иран Ислам Рес­публикасы көтерген еді. Жа­сыратыны жоқ, аталған құжатты қа­былдаудың негізінде Каспий теңізінің маңына НАТО қарулы күштерінің әскери базасын орналастырмау мәселесі жатқан болатын.

Қарулы күштер дегеннен шығады, теңіз маңындағы елдер Каспийдегі өздерінің қару­лы күштерін тең дәрежеде ұстап отыруға уағдаласқан еді. Бірақ олар теңіздегі өз қарулы күштерінің санын ресми түрде жария еткен емес. Дегенмен ресми емес деректер бойынша, Ресейдің теңіздегі әскери флотилиясы өте әлеуетті. Олардың күзет кемелерін қоспағанда Каспий флотилиясында отызға жуық кемесі бар. Алдағы жылдары ресейліктер теңізге соңғы үлгіде жабдықталған тағы бір­қатар кемені түсіруді жоспарлап отыр. Екінші орында Иран елі тұрған сияқты. Теңізде олардың 90-ға жуық кемесі, 4 мыңнан астам әскери қызметшісі, үш әскери базасы шоғырланған көрінеді. Каспийдегі біздің еліміздің де қарулы күштері жыл өткен сайын көбейіп, соңғы үлгідегі техникалармен, қару-жарақпен толыға түсуде.

Каспий маңы мемлекет­тері­нің қарулануынан сеске­ну­дің, қорқудың қажеті жоқ. Кей­біреулер олардың ортасына от тастап, алауыздық тудыр­ғылары келетінін тағы жоққа шы­ғара алмаймыз. Көршілес бес мемлекет ондайға бармақ емес, бармайды да. Өйткені Қазақ­стан, Ресей, Иран, Әзербайжан және Түрікменстан кез келген түсі­ніспеушілікті келіссөздер арқы­лы шешуді қалайды. Ал те­ңізде қарулы күштер ұстау сыртқы күштерден қорға­нуға тікелей байланысты. Себе­бі мына алмағайып заман­да Каспий секілді мұнай мен газға бай теңізге көз алар­ту­шы­лардың кездесетіні шындық. Қарулы күштер солар­дан қор­ғану үшін керек. Оның үстіне онда мемлекеттік шекара­мыз бар. Оны күзету, көздің қара­шығындай қорғау, қауіпсіздікті қам­тамасыз ету сол қарулы күш­тердің міндеті, соларға жүк­телген. Сондай-ақ бес мемле­кет­тің бірі – Иранға тістерін қайрап, бармақтарын батырғы­сы келетін елдер де аз емес...

Каспий теңізін ортақ бай­лық ретінде санайтын оның жаға­лауындағы бес ел бір-біріне жақын әрі жақсы қарым-қа­ты­настағы мемлекеттер болып табылады. Егер Ақтау қала­сын­дағы саммитте Каспий­дің құқықтық мәртебесін анық­тайтын конвенцияға қол қойы­латын болса, қатысушы елдер бас біріктіру арқылы теңізге төне­тін кез келген қауіп-қатерге қарсы тұра алар еді. Сәуегейлік та­ны­тып, ұшқары пікір айтып жүр­гендердің аузына құм құйы­лар еді. Сөйтіп қарт Каспий тұ­рақтылық аймағына айналар еді.

Жалпы, мүдделі мемлекеттер арасындағы қатынастардың заманауи үлгіге сай болуын қалыптастыру үшін ең алдымен аймақтың халықаралық құ­қық­тық қағидаларына байланысты құқықтық мәртебесін нақтылап алғаннан ешкім ұтылмайды.

Жоғарыда атап өткеніміздей, Каспий теңізі өсімдіктер дүниесі мен жануарлар дүниесіне өте бай. Өкінішке қарай, бүгінде теңіздің экологиялық жүйесі жақ­сарудың орнына кері кетіп барады. Оған мұнай-газ өндіру, бағалы балық түрлерін қисап­сыз көп аулау, тағы басқа да мәселелер тікелей әсер етіп отыр­ғанын ешкім жоққа шығара қоймас. Осы жағын ескерген Каспий маңы мемлекеттері жа­­қында Мәскеуде Тегеран кон­венциясының шеңберінде Кас­пий теңізіндегі қоршаған ортаны бағалау туралы хаттамаға қол қойды. Құжат елдердің парламенттері мақұлдаған соң үш ай ішінде күшіне енеді.

Қазақстан Каспий теңізін бөлу мәселесі күн тәртібіне қойыл­ғалы бері Ресеймен, Иран­мен, Әзербайжанмен және Түрік­мен­станмен екіжақты, сон­дай-ақ көпжақты келіссөздер жүргіз­ді. Соның нәтижесінде атал­ған мемлекеттермен түрлі мә­се­лелер бойынша келісімдер жа­салды. Кейбір дереккөздері­не қарағанда, Каспий маңы мемлекеттері басшыла­ры­ның Ақтауда өтетін жоғары дең­гейдегі саммитіне тараптардың дайындығы ойдағыдай екен. Ал саммитке бес мемлекеттің бас­­шылары түгел қатысады. Он­дағы ең басты және негізгі мәселе – Каспий теңізінің құ­қық­тық мәртебесі туралы конвенция болмақ.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»