Бүгінде федерацияның 2 миллионнан астам мүшесі бар. Ағымдағы жылдың шілде айында Алматы қаласында алқалы жиында Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым кәсіподақтар қызметінің мәні әлеуметтік әділеттілікті дамытумен байланысты екендігін атап өткен болатын. Яғни федерацияның міндеті – кәсіподақтардың бірлігін нығайтумен қатар ұйымдық құрылымдардың қызметін жетілдіру болмақ. Кәсіподақтар әлеуметтік және еңбек қатынастары мәселелерін шешуге, кәсіпорындарда қолайлы жағдайлар мен тұрақтылықтың қамтамасыз етілуін жіті бақылауда ұстауға тиіс.
Осы бағытта «Алматы қаласы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінде «Алматы қаласының кәсіподақтарын жаңғыртудың жол картасы» бойынша саладағы мәселелерді шешуге, әлеуметтік серіктестікті дамыту және нығайтуға байланысты кешенді жұмыс жолға қойылған. Бірлестіктің құрамына 687 кәсіподақ ұйымы кіреді. Алматыдағы кәсіподақ мүшелерінің саны – 183 мың.
Ағымдағы жылы Алматы қаласының әкімдігі, «Алматы кәсіподақтар одағы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі, «Алматы қаласы Кәсіп-
одақтар орталығы» АКБ, Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы арасында 2018-2020 жылдарға арналған өңірлік келісім жасалған болатын. Бұл құжатқа сәйкес, жалдамалы жұмысшыларды еңбекпен қамтамасыз ете отырып, әлеуметтік қамсыздандырудың дер кезінде орындалуы қадағаланады. Яғни жұмысшылар еңбекақысын, зейнетақы және әлеуметтік аударымдарды уақытында алып отыруы тиіс.
«Алматы қаласы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы Зәуреш Өмірбаева қауіпсіз еңбек жағдайларының күшейтілуіне байланысты соңғы жылдарда өндірісте жарақат алу жағдайларының азайғандығын айтады. Бұл көрсеткіш биыл еліміз бойынша 1500-ді құраған. Қазіргі кезде еңбек қауіпсіздігін ары қарай жетілдіруге байланысты қоғамдық бақылау жүйесі арқылы өнеркәсіптік және еңбек қауіпсіздігі кеңестері құрылған. Яғни кеңес құрамына кәсіподақ және жұмыс берушінің өкілдері кіреді. Бұл әлемдік тәжірибеде қалыптасқан үдеріс. Еліміздің қолданыстағы еңбек туралы заңнамасында бекітілген өндіріс кеңесінің шешімдері жұмыс беруші үшін міндетті болып табылады. Әрі оған жұмыс беруші жауапты. Кәсіподақтар әрбір жұмыс орнының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өндірістік қорлар мен технологиялық жабдықтарды жаңартуды қадағалап отырады. Осы бағытта әлеуметтік серіктестік аясында «Қа-
уіпсіз жұмыс» бағдарламасы әзірленді. Бағдарлама өндірістік жарақат алудың, оқыс оқиғалардың алдын алу сияқты қауіпсіздік шараларын жақсартуға бағытталған.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында жұмыссыздарды және өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдарға жәрдемдесу негізінде еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптерге баулу мақсатында қысқа мерзімді кәсіптік оқыту жүйесі де жолға қойылған.
Ағымдағы жылы Астана қаласында Жоғарғы сот пен Кәсіподақтар федерациясы арасында өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойылды. Онда тараптар келісу үрдістері, татуласу орталығында қызмет көрсететін мамандарды оқыту және қызмет сапасын жақсарту арқылы дауларды реттеу туралы заңнаманы дамыту және өзара байланыс жасау мәселелері бойынша әріптестікке қол жеткізді. Осыған орай Кәсіподақтар федерациясының аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерінің базасында Татуласу орталықтарын ашу қарастырылуда. Ал Алматыда ашылған Татуласу орталығы сотқа шағымдардың санын азайтуға мүмкіндік береді. Бітімгерлік рәсімдердің рөлін күшейту азаматтарға дауларды сотқа жеткізбей шешуде үлкен көмек көрсетеді. Сонымен қатар 2018-2019 жылдар аралығында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Кәсіподақтар федерациясы, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тарапынан «Ұжымдық шарт жасаңыздар!» республикалық акциясы ұйымдастырылып отыр. Жастар саясатын іске асыруда әрі оқитын жастардың әлеуметтік және еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғауда «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы және Алматы қаласының жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп бос орындар жәрмеңкесін, семинарлар, дөңгелек үстелдер тұрақты өткізіліп келеді.
Жұмысшылар мүддесін қорғауда халықаралық байланыстар да жолға қойылған. Ағымдағы жылы Түркияның, ҚХР Хайнань провинциясы кәсіподақ орталықтарының делегацияларымен өткен кездесулер барысында демалыс беруге, демалыс бөлімдерін бөлуге, қызметкерлерді қысқартуға, бала күтіміне арналған демалысқа, жалақыны ұлғайту мүмкіндігіне қатысты шетел тәжірибелері талқыланды.
«Алматы қаласы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі жұмысшылар мүддесін қорғауды жетілдіруге байланысты Алматы қаласы Мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасы, Қоғамдық кеңес, Жастар ұйымы, Іскер әйелдер қауымдастығы, «Жас Отан» жастар қанаты, бастауыш кәсіподақтар ұйымдарымен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді.
Эльвира Серікқызы,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ