Аймақтар • 27 Шілде, 2018

Нұрлан Ноғаев Исатай ауданына жұмыс сапарында құрылыс нысандарына ескертулер жасады

381 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жұмыс сапары барысында аймақ басшысы Исатай ауданы Зинеден ауылындағы Каспий теңізі жағалауында салынатын 500  орындық оқу-сауықтыру лагерінің құрылыс орнына барды.

Нұрлан Ноғаев Исатай ауданына жұмыс сапарында құрылыс нысандарына ескертулер жасады

Лагер құрылысы,  аталған орынға инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу шағын және орта бизнес субъектілеріне жаңа демалыс орындарын ашуға мүмкіндік береді,  ол өз кезегінде  жаңа жұмыс орындарын ашуға, ШОБ субъектілерін көбейтуге, ішкі және сыртқы туризмді дамытуға   ықпал етеді. Қазір сауықтыру лагерінің жобалау-сметалық құжаттамасы сараптамадан өтіп жатыр.

Аймақ басшысы, сондай-ақ, Зинеден селосындағы 100  орындық балабақша құрылысына, Кадырка  селосындағы 60 пәтерлік тұрғын үй құрылысына, Құрманғазы ауданы  орталығындағы 75  орындық аурухана құрылысына барды.

Құрылыс нысандарын қарау кезінде күнделікті техникалық қадағалаудың жоқтығы
аймақ басшысының наразылығын тудырды. Белгілі болғандай, құрылыс сапасына бақылау жүргізуге жауапты мамандар кейбір жұмыс түрлерін нысан басына бармай, қашықтан қабылдап келген.

-Бұл - жауапты тұлғалардың қателігі,  техникалық қадағалау күн сайын болуы керек. Техникалық қадағалау мамандарының қортындысы бойынша тапсырыс берушілер нысанды баланстарына қабылдайды, ал күнделікті қадағалаудың болмауының салдарынан құрылыс процесінде бұзушылықтар болуы мүмкін. Кейін соларды жою қажеттілігі туындап,  қосымша бюджет қаражаты жұмсалады, -деді Нұрлан Ноғаев. -Техникалық қадағалау мамандары нысанда күн сайын болып, барлық жасалған жұмыс сапасын бақылаулары керек. Біз біздің талабымыз және оның орындалуын бақылауда ұстайтын боламыз.

Нұрлан Ноғаев құрылыс нысандарына селолық округтердегі жұмыссыз тұрғындарды тарту жұмыссыздықты азайтуға септігін тигізетінін айтты.

-Жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері өз ауылдарындағы жұмыссыз адамдарды жұмысқа орналастыруға күш салулары керек. Ол үшін қажет жағдайдың бәрі бізде бар,  соларды тиімді пайдалануға тиіспіз,-деді Нұрлан Ноғаев.

Облыс әкімі Исатай ауданындағы ауылішілік жолдар құрылысын да тексерді. Айта кетейік, 2018  жылы Атырау облысында 280  шақырым жол құрылысы жоспарланған,  оның 220-сы облыс орталығында, қалғандары аудандарда.