Қазақстан • 28 Шілде, 2018

Жүк айналымы былтырғымен салыстырғанда 9%-ға артып, 106,5 млрд т-км-ді құрады - «ҚТЖ» ҰК»

343 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

27 шілде күні «ҚТЖ»ҰК»АҚ Басқарма төрағасы Қанат Алпысбаев 2018 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыс қорытындысына арналған отырыс өткізді.

Жүк айналымы былтырғымен салыстырғанда 9%-ға артып, 106,5 млрд т-км-ді құрады - «ҚТЖ» ҰК»

«Өткен кезеңде жоспарланған өндірістік қаржылық көрсеткіштердің барлығы орындалып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда олардың өсімі қамтамасыз етілді, - деді Қ. Алпысбаев.

Жүк айналымы былтырғымен салыстырғанда 9%-ға артып, 106,5 млрд т-км-ді құрады. Барлық тасылған жүктердің ішінде тау-кен, астық, химикаттар, тыңайтқыштар және құрылыс жүктерінің тасымалы артқан.

2018 жылдың соңына дейін жүк айналымын 219 млрд. т-км деңгейіне жеткізу жоспарлануда.

Транзит өткен жылғы деңгеймен салыстырғанда 23%-ға, яки 6,8 млн тоннадан 8,3 млн тоннаға көбейген. Осы тұрғыда жоспар 7 пайызға артық орындалып отыр. Транзиттік контейнерлік тасымал көлемі 206,6 мың ДФЭ-ні құрады, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 39,5%-ға жоғары. Қытай/Азия-Еуропа – Қытай/Азия бағытындағы тасымал 2017 жылғы деңгейден 1,4 есеге артып, 109 мың ДФЭ-ні құрады.

Транзиттік дамытуға басымдық берген компания басшысы «Мемлекет басшысының транзиттік жүк айналымы көлемін 2020 жылға дейін 2 млн контейнерге және транзиттен түсетін пайданы 5 млрд доллар көлеміне жеткізу бойынша тапсырма бергенін» еске салды.

Қазіргі таңда компанияның 26% кірісі транзиттік тасымал есебінен құралып, ол жалпы жүк айналымы көлемінің 14%-н құрайды.

Отырыс барысында компанияның қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жүк және жолаушылар тасымалы, темір жол инфрақұрылымының жағдайы, көліктік-логистика, өндірістік - қаржылық қызметтердің дамуы туралы басшылар есебі тыңдалды.

Бұл мәселелер бойынша жұмыс қорытындысы туралы Басқарма төрағасының логистика бойынша орынбасары С.Елубаев, «ҚТЖ» ҰК» АҚ бас инженері Б.Котырев, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ Басқарма төрағасының м.а. Қ.Сәуірбаев, «Жолаушылар тасымалы» АҚ Басқарма төрағасы А.Сұлтанов, Магистральдық желілер Дирекциясының директоры Т.Кенжебеков, «Қазтеміртранс» АҚ бас директорының м.а. К. Сулименов баяндады.

Отырыста сонымен қатар Қостанай жол бөлімшесінің директоры Б. Қайдаров және Алматы магистральдық желі дирекцичсына қарасты Бескөл жол дистанциясының бастығы М. Ескендіров сөз сөйледі. Олар жүк тасымалын ұйымдастыру, күтіп ұстау және пайдаланудағы озық тәжірибелерімен бөлісті.

«Компанияның бірінші кезектегі міндеті - пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және технологиялық тәртіпті сақтау», - деп атап өтті компания басшысы.

Маңызды қызмет бағыттарының қатарында әлеуметтік маңызды жүктердің уақытылы тасымалын қамтамасыз ету мәселесі айтылды.

«Компания коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер үшін қатты отын, ауылшаруашылығы өнімдерінің үздіксіз және тұрақты тасымалын ұйымдастыру үшін керек мүмкіндіктерге ие»,- деді осыған орай Қ. Алпысбаев.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы өндірістік үдерістерді оңтайландыру, инфрақұрылымды жаңғырту, транзиттік контейнерлік жүк айналымын, тасымал көлемін өсіру, пойыздар қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша барлық жоспарланып отырған шараларды сапалы жүзеге асыру қажеттігін атап өтті.