Аймақтар • 28 Шілде, 2018

Солтүстік Қазақстан тұрғындары айдың толық тұтылуын тамашалады

1108 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шілденің 27-нен  28-не қараған түні  теріскей жұртшылығы Айдың тұтылуын бақылап, сирек кездесетін астрономиялық құбылыстың куәгері болды.

Солтүстік Қазақстан тұрғындары айдың толық тұтылуын тамашалады

   Ол үшін М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің бесінші оқу ғимаратының алдына телескоп орнатылып, қызықтаушылар қатары қалың болды.

   Еңселі оқу орнының  профессоры  Андрей Солодовниктің айтуынша айдың толық тұтылуы өте сирек кездесетін оқиға. Түнгі 12-лер шамасында жердің көлеңкесі айды жауып, атмосфераны кесіп өтетін күн сәулелелері қанық қызыл түске бояған. Сөйтіп жер серігінің тұтылуы 1 сағат 43 минутқа созылған.  Астрономның болжамынша  Марс та жерге жақындап, адам көзіне көрінетін қашықтықта болған.

   «Бір ерекшелігі  Айдың толық тұтылуы мен Марстың қарама-қарсы келуі бір мезгілде байқалды деуге болады. Астрономиялық құбылыстардың арасындағы  айырмашылық жарты тәулік қана. Бұл өзгерістерді  Ресей мен ТМД елдерінің басым бөлігі, Үндістан, Африка тұрғындары бақылай алды»,дейді профессор.

Өмір Есқали,

«Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы