Таным • 30 Шілде, 2018

Желбуаз аспабын білеміз бе?

89 реткөрсетілді

Қазақ халқының ежелден келе жатқан музыка өнерінің сан қатпарлы тарихы бар. Ежелгі заманнан бүгінгі дәуірдің тоғысына дейін жеткен көне саз аспаптарының түпкі тарихын жұртшылыққа дәріптеу – басты міндетіміз. Солардың бірі – желбуаз аспабы. 

Желбуаз – қазақ халқының кө­не саз аспаптарының бірі. Жал­пы тұрқы қауашақ тәрізді, іші қуыс етіп, тұтасымен көн теріден жасалады. Екі не үш жеріне дыбыс беретін ұзын­ша үндік түтік­шелер қамыстан орнатылады. Түтіктің аузында ашылып жабылатын тілшесі, бекітетін тығыны болады. Мойынға асып алуға ыңғайлы арнайы қайыс бау та­ғылады. Орындаушы желбуазды қол­тыққа қысып, түтіксырнайдың ойықтарын басып әуендетеді. Жел­буаздың жасалу тәсілі өте күрделі. Аспап жасайтын тері жар­ғақты жүнінен тазартып алып, қоламта қызуына уқалай отырып жұм­сарта созып кептіреді. Аспап әбден дайын болған соң сыртын табиғи қына шөбімен бояп тастайды.

 Әл-Фараби сөз еткен, Вэн Сунь, П. Юдиндер сипаттамасын жасаған осы желбуаз аспабын Көк түрік дәуі­рінде «қыпшақ» деп атаған болуы мүмкін. Орыс зерттеушісі П. Юдин өзінің «Қырғыздар» (қазақтар) атты зерттеу еңбегінде былайша сипаттайды: «…қысқа екі қамыс түтікше (най) үрлеген қарынның аузына қосып байланады. Сол най түтікшеден шығатын үн «волынканың» үніне ұқсас». Желбуазды түріктер заманынан бері қолданған. Бұл сөзімізді Вэн Сунь деген адамның Ор­хон түріктерінің ортасында бо­лып, соның әсерінен қағазға түс­кен деректерінде: «Өлген адам­ның мүрдесін шығарғанда түріктер бетін жыртып қайғылы ән салып (жоқтау айтып) жылайды. Осы кезде ат үстінде тұрған адам тері дорбаның аузына екі түтікше байлаған саз аспабын ойнап тұрады.

Оның себезгілете әуез шығарып, күрсіне боздаған қайғылы үні адамның қабырғасын қайыстырып, небір аянышты сезімге жетелейді. Бұл аспапты түріктер «цюше» деп атайды екен». Ал «цюше» сөзін си­нолог Г.Карлгерн, тарихшы А.Н.Бернштам сияқты ғалымдар «қыпшақ» деп аударған. Бұл аспап қазіргі біздің атауымыздағы желбуаз аспабының нақ өзі. Қазақ халқының домбырасының өзін ке­зінде екі түрлі атаған. Біздің бүгін «Абай» домбырасы деп атап жүрген аспабымызды кезінде «қып­шақ» домбыра деп, эллиписойд шанақты домбыраны «оғыз» домбырасы деп те атағаны мәлім. Дәл осы сияқты байырғы заманда «қыпшақ» деп аталған үрмелі аспапты кейін «желбуаз» деп атаған болуы әбден мүмкін.

Филология ғылымдарының док­торы, түркітанушы Қаржаубай Сарт­қо­жаұлының деректеріне сүйенсек, желбуаз (қыпшақ) сияқ­ты аспапты белорустар, француз­дар бүгінге дейін оркестрінде пай­даланып келеді. Волынка іс­петтес бұл аспапты белорустар «дуду» деп атайды екен. «Дуду» славян лексиконы емес. Түрік, моңғол тілдерінде «ән, әуен» деген мағына береді. Өйткені Жошы империясының құрамына славян халықтары кіргеннен (1240 жылдары) кейін ғана бұл аспап Еуропаға, белорустарға тараған болуы мүм­кін. Кезінде желбуаз аспабымен Н.Тілендиевтің «Отырар сазы» ор­кестрінің құрамында сүйемелдеу жасағаны белгілі. Желбуаздың ел арасында «желқабыз», «мес қобыз», «желсаз», «жел қобыз», т.б. секілді атаулары бар.

Қазақ халқының көнеден келе жатқан аспаптарын қайта жаң­ғыртып, кейінгі ұрпаққа насихаттау кезек күттірмейтін мәселе. Рухани жаңғыру кезеңінде атадан мирас болып қалған асыл мұ­раларымызды жиыстырып, көз­дің қарашығындай сақтауымыз қажет.

 

Әділбек ӨМІРЗАҚОВ,

журналист

Атырау

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Бүгін – жартылай финал

Спорт • Бүгін, 09:44

Қаныш мұралары

Аймақтар • Бүгін, 09:13

Желтауда табиғи саябақ салынады

Аймақтар • Бүгін, 09:05

Ұқсас жаңалықтар