Өнер • 30 Шілде, 2018

Әлемді тамсандырған «Жезкиік»

525 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Таяуда Ұлытауда өткен I халықаралық «Жезкиік» музыкалық фестивалі әлем назарын аударып, шартараптың бұқаралық ақпарат құралдары мерекенің майын тамыза әңгімеледі.  

Әлемді тамсандырған «Жезкиік»

Мексиканың El Universal, La voz de Michoacan газеттері, опералық өнер туралы қалам тербейтін аус­тралиялық New Merker журналы, перулік Peruanos en suiza интернет порталы секілді оқырманы мол жетекші медиа өкілдері аталған шарадан ақпарат таратты. Фестиваль туралы мақала жазған шетелдік авторлардың бәрі жиынның жоғары деңгейде өткенін атап өтті.

Мәселен, El Universal газе­тінің тілшісі фестивальдің Қа­зақстандағы киелі жерлердің бірі саналатын Ұлытауда өткенін айта келе, «Бұл мекен орталық Қазақстандағы жартылай шөлейт аймақта орын тепкен. Онда нео­лит дәуірі адамдарының өмір сүргенін айғақтайтын архео­логиялық деректер мол. Ұлы­тау қо­рығы мен оның табиғаты және ландшаф­ты ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұ­расы тізіміне енген. Қазіргі таң­да Қазақстан билігі осы өңірде туризмді дамытуды қолға алып отыр. Таулармен қоршалған атырап талай тарихқа куә болып, Қазақ елі мәдениетінің негізгі түп қазығына айналды», деп суреттейді.

Мексикалық журналист жиын­ның жоғары деңгейде ұйымдас­тырылғанын айта кетіпті. Әсіресе, авторды фестиваль үшін жабдықталған этно ауыл таңғалдырған. «Сахнада қойылған өнер туындылары бірде-бір латынамерикалықты бейжай қалдырмайтыны анық. Шотланд музыкасы, орыстардың әні, қазақ домбырасының қоңыр үні, барабан, флейта үні қосылып ерекше бір әуез туындайды. Жас музыканттар тілге, географиялық ерекшелікке қара­мастан музыканың кез келген адамның жүрегін жаулайтынын дәлелдеді», деп түйіндейді мақа­ласын мексикалық тілші.

New Merker журналы өздерінің интернет порталдарында оқиға орнынан арнайы репортаж жасап отырды. Әсіресе, аустралиялық опера әншісі Анна Рианның өнері жан-жақты көрсетілді. Сонымен қатар «Жезкиік» фестивалінің тарихи мекен Ұлытауда өткеніне тоқталып, ұйымдастырушылардың барын салғаны анық байқалғанын жеткізген.

«Жезқазған өңірінде өткен іс-шараға 17 елден келген өнерпаздар қатысты. Бұл халықаралық ынты­мақтастықтың жарқын үлгісі саналады. Фестивальға келгендер қонақ­жай халықпен, бір-бірімен жақсы тіл табысты. Әлемнің әр түкпірінен жиналған әншілер де өзара достасып кетті», делінген журналдың онлайн нұсқасында.

Жиынға келген жапониялық блогер Томкок Окадо өзінің фейс­буктегі парақшасына «Ұйым­дас­тырушыларға, әншілерге, бишілерге – жалпы іс-шараға атсалысқандардың бәріне алғысым ерекше. Достық көңіл-күй, мейірімділік пен шабыт сыйлағандарыңыз үшін рахмет. Қазақстанды теңдессіз фестиваль өткізуімен құттықтаймын» деп жазды.

Жалпы, I халықаралық «Жез­киік» музыкалық фестивалі 13-14 шіл­деде Ұлытауда өтті. Жиынға Жапония, АҚШ, Ресей, Перу, Шотландия секілді бірқатар мемлекеттен классикалық және ұлттық музыка ансамбльдері қатысты. Іс-шараны алты мыңнан астам көрер­мен тамашалады.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»