Бағдарламалар • 30 Шілде, 2018

Бішкекте цифрлы болашақ мүмкіндіктері талқыланды

501 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қырғызстанның астанасында «Блокчейнді пайдаланудың практикалық тәсілі және қауіпсіздігі» атты халықаралық конференция өтті. Шараға «Корея блокчейн менеджмент» компаниясы өкілдері, Қырғыз Республикасы Ақпараттық технологиялар жаңа байланыс мемлекеттік комитетінің төрағасы Бақыт Шаршембиев, Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, Беларусь Республикасының Байланыс және ақпараттандыру министрінің бірінші орынбасары Дмитрий Шедко, «BizBlocks» компаниясының бас директоры Чон Ин Ионг және Қырғызстанның цифрлық технологиялар бойынша мамандары қатысты.

Бішкекте цифрлы болашақ мүмкіндіктері талқыланды

Конференцияны ашқан Бақыт Шаршембиев Қырғызстанда цифрлы технологиялардың қазіргі кез­дегі қолданылу үрдісіне қыс­қаша тоқталып, Оңтүстік Корея­ның электрондық эконо­ми­калық  жо­ба­ларының бірі блокчейнге арналған конференция ісіне сәт­тілік тіледі.

Өз кезегінде Қазақстанның Ақпарат және коммуникация­лар министрі Дәурен Абаев кон­­фе­ренцияға қатысушыларға Қазақ­стан Президентінің  «Қазақ­ста­н­­ның үшінші жаңғыруы: жа­һан­­дық бәсекеге қабілеттілік» ат­ты Жол­дауының негізінде  2017 жыл­дың 12 желтоқсанында қа­был­­данған «Цифрлы Қазақстан» мем­­лекеттік бағдарламасын та­ныс­­тырып, Қазақстанда атқа­ры­лып жатқан жобаларға тоқ­тал­ды.

«Цифрлы Қазақстан» бағ­дар­­ла­масының негізгі міндеті – тұр­ғын­дардың өмір сүру сапа­сын жоғарылату және цифрлы эко­номиканы құру арқылы ел эко­номикасының бәсекеге қабі­лет­тілігін арттыру», деген министр бағдарлама бес ба­ғыт бойынша іске асырылып жат­қанын мәлімдеді. Біріншісі, инфрақұрылымды дамыту. Бұл бойынша жиырма бес жылда республика аумағында 20 мың шақырымдық оптикалық-талшықты байланыс желісі тар­тыл­ған. Мемлекет басшысы ал­да­­ғы 3 жылда тағы да осындай қа­шықтықтағы желі тартуды тап­сырған. Демек, барлық елді ме­кен тұрғындарын жо­ғарғы сападағы байланыспен қам­тамасыз етеді. Екіншісі, жа­сампаз қоғам құру.

Цифрлы сауаттылықты арттырмай бұл ба­ғытта даму қиын. Сондықтан елде цифрлы технологиялар бой­ынша білім беру қолға алынады. Үшіншісі, экономиканы цифрлау. Экономиканың барлық саласында электрондық тәсілдер енгізілетін болады. Бұл орайда 3 жылда электрондық жүйеге кө­шу бойынша 120 іс-шараны орын­дау көзделуде. Төртіншісі, цифр­лы мемлекет, цифрлы үкімет құру. Үкіметтік мекемелер­ден тұ­тынушыларға берілетін бес анықтама зерттелген. Яғни қа­­ғаз­­бас­тылықтан арылудың за­ма­ны келді.

Құжаттарды ци­фр­лау фор­маты арқылы 30 миллион анықтама қағаз беруді қыс­қар­туға болады. Бесіншісі, инно­ва­циялық  экожүйе аясында жаңа экологиялық технологияларды, стартаптарды өндіріске кіргізу. Министр конференцияға қатысып жатқан елдердің жастарына Астана қаласындағы ЭКСПО кешенінде іске асырылып жатқан «Ақылды қала» жобасы аясында озық технологияларды пайдалану арқылы жұмыс істеуге мүмкіндік бар екенін жет­кізді. Сондай-ақ  блок­чейн технологиясы бойынша Қазақстанда бірнеше жоба іске асып жатқанын мәлімдеді.

Мә­селен, Ұлттық банк өзінің құн­ды қағаздарына делдалсыз қар­жы құю қызметін іске қосқан. Бас про­куратура әкімшілік құқық бұзу­шылықтардың біры­ң­ғай реестрін жасап жатыр. Қаржы ми­нистрлігі қосарланған құн салы­ғын әкімшілендіру бойынша блокчейн  технологиясын қолдануды қолға алмақшы. Ауыл шаруашылығы, сауда салаларында және құқықты тіркеуде блокчейнді енгізу мәселесі қаралуда.

Д.Абаев криптовалютаның мүмкіндіктерін анықтау үшін Астана хабы мен Қырғызстанның жо­ғарғы технологиялық паркінің өзара әріптестігі керек екенін ай­­тып, қырғыз қоғамын цифр­лы болашақты бірге құруға ша­қыр­­ды.

Тәжірибе алмасу барысында Беларусь Республикасының Байланыс және ақпараттандыру министрінің бірінші орынбасары Дмитрий Шедко Қазақстан, Қырғызстан және Беларусьтің салалық мекемелері бірлесіп блкочейн платформасын қолдану бойынша келіссөздерді жүргізіп жатқанын атап өтті.Ал «BizBlocks» компания­сы­ның бас директоры Чон Ин Ионг блокчейн технологиясының жай-жапсары және осы арқылы ақыл­ды қала құру, оның қауіп­сіз­дігі туралы дәріс оқыды.

АҚШ-тан келген OptDun ink ком­паниясының негіздеушісі Субу­тай-Алекс Карасулу блок­чей­н­нің келешегі бойынша пікі­рін білдірді. «Блокчейн – өз ойы­ңыз­ды басқаға жеткізуші дербес жүйе, ортада үшінші жақ болмайды. Сондай-ақ ол арқылы инновациялық экожүйені, қаржы операцияларын жасауға болады, тіпті, мемлекеттік тұрғыда, сайлауларда дауыс беруге және басқа да амалдарды істеуге болады. Блокчейн адамның ерікті болуына алғышарт жасаған революция», дейді Субутай-Алекс.

Конференция «BizBlocks» ком­паниясына тиесілі жоғары тех­нологиядағы «Kaiser» белгі­сімен шығарылған өнімдерді  таныстырумен өз ісін аяқтады.

Назарбек БАЙЖІГІТОВ,

арнайы «Егемен Қазақстан» үшін,

Бішкектен