Қазақстан • 31 Шілде, 2018

«Сібір Мис­сиясы – 2018» экспедициясының қатысушылары мен ҚХА өкілдері кездесті

282 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Сібір Мис­сиясы – 2018» экспедициясының қатысушылары мен Қазақстан хал­қы Ассамблеясы өкілдері кездесті. Аталған экспедицияны Лит­ваның «Яунемс» қайырымдылық қоры ұйым­дастырды.

«Сібір Мис­сиясы – 2018» экспедициясының қатысушылары мен ҚХА өкілдері кездесті

«Сібір Миссиясы» – Литва Республикасы билігінің тарапынан қолдау тауып, 2006 жылдан бері іске асырылып келе жатқан жоба. Жоба шеңберінде жастардан құралған экспедиция жер аударылған литвалықтардың зираттарына барады. Сондай-ақ жергілікті литвалықтар немесе олардың ұрпақтарымен кездеседі. Миссия мүшелері жыл сайын әлем бойынша депортацияланған литвалықтардың қабірлерін аралап, мәліметтер жинақтайды.

Литва халқының тари­хын сақтау, Литва мен Қазақ­стан­ның ортақ тарихын түсіну, алған әсерлерін Литва жұрт­шы­лығымен бөлісу, сондай-ақ Литва мен Қазақстан ара­сын­дағы мәдени байланыс­ты ны­ғайту мақсатындағы экспеди­ция елімізге 19 шілдеде келген болатын. Экспедицияға қаты­су­шылар литвалықтардың Қара­ғанды облысындағы зираттарына барып, өңірде тұратын қан­дастарымен кездесті. Жер ауда­рыл­ған литвалықтардың қабірлерін жөндеумен айналысты. Экспедиция мүшелері 10 күннің ішінде Қарағанды, Жезқазған және Балқаш өңірлерін аралап үлгерген. Енді, міне, Астанадағы ұлттық кітапханада сапар қорытындысын жариялады.

Айтуларынша, кезінде елімізге жер аударылған литвалықтар туралы ақпараттарды түгендеп, олардың ұрпақтарымен кездескен. Ал қиын-қыстау кезеңде Қазақстанға Литвадан 50 мыңнан аса адам келген.  Иә, 1941 жылдың маусымындағы көтерілістен кейін Қазақстанға мәжбүрлеп қоныс аударған литвалықтар көп. Сапар барысында солардың 200-іне қатысты ақпарат нақтыланып, тың деректер табылған.

Динара БІТІК,

«Егемен Қазақстан»