21 Желтоқсан, 2011

Ала болсақ, ауыздағы кетеді

391 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Жаңаөзеннен жеткен суыт хабарды естігенде кө­ңі­лімізді алаң кернегенін жасырып қайтейік. Өмір жолын жаңа бастаған жас­тар­дың әлде­кім­нің арбауы­на түсіп, аз­ғыр­ғанына еріп тағдыр­ларын ойран еткені өкініш­ті. Ондай азғыру­шы­лардың, тыныштығы­мыз­дың шыны­сын шытынатқан бүлікті ұйымдастырушылардың бар екендігі де тайға таңба басқандай айқын. Тәуелсіз күн кешкен 20 жыл­дың ішінде еліміздің үлкен жетістіктерге жеткендігі, өз тізгінін қо­лына алып, дербес саясат жүр­гізіп отыр­ғандығы бүгінде бар­ша­ға аян ақи­қат. Мұндай жетістіктерге жеткенімізге сүйінетін дос­тарымыз да жеткілікті, көре алмай отырған мысық­тілеулі қас­та­ры­мыз да жоқ емес. Ондайлар егемен елі­міз ешқашан аяғы­нан нық тұра ал­маса, тәуелділіктен арыл­­маса екен деген тілеуде. Жаңа­өзен­­де­гі жастар­дың сон­дай­лардың отына май құ­йып, қол­жау­лы­ғы­на айнал­ға­ны­на жаным күйеді. Әрине, бұл жерде еңбек дауы да орын алды. Бірақ мұндай дау­ды шешудің де заңды жолдары бар емес пе? Дүкендер мен бан­ко­маттарды тонап, автокөліктер мен мерекеге тігілген киіз үйлерді өр­теу, сөйтіп азамат­тар­дың ты­ныш­тығына қа­тер төндіру ешқандай қисынға сый­майды. Соның сал­дары­нан ба­ла-шағасын асырап, бей­біт тірлік кешіп отырған қаншама қара­пайым азаматтар зардап шекті. Мұның аты – қылмыс. Менің ойымша, ең алдымен сол қыл­мыс­ты ұйымдастырушылар қатаң жазалануы тиіс. Өмір адамға бір-ақ рет беріледі. Ойланбай істеген ісіңнен опық жеп, тағдырыңды талқан етуің де оп-оңай. Сондықтан әлдекім­дер­дің сөзіне еріп, ба­сыңды қауіп-қатерге тіккен жөн емес. Тығы­рық­тан шығу­дың, тұрмыстық кіл­ти­панды шешу­дің де заң ая­сын­дағы мың сан жолы бар. Мұны өмір жолын жаңа бас­таған жас­тар­дың есте ұста­ғандары абзал. Еліміздің ең басты байлығы – тыныштық екендігін ешуақытта ұмытпайық. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» дегенде баба­ларымыз ынтымақ керектігін айт­қан болар деп ойлаймын. Ендеше, осы ынтымағымыздан айыр­масын. Тұрсын ӘБДУӘЛИ, Алматы облысының құрметті азаматы.