16 Ақпан, 2010

АСТАНА – МӘСКЕУ: ТҰРАҚТЫ БАЙЛАНЫС ӘРДАЙЫМ БАР

1032 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Ұлттық мүдделерді қамтамасыз етуге, елдің халықаралық беделін арттырып, ұлт­тық, өңірлік және жаһандық қауіп­сіздікті нығайтуға бағытталған белсенді, прагматикалық және теңдестірілген сыртқы саясат жүргізілетін болады.

(Қазақстан халқына Жолдауынан).

Мемлекет басшысы Нұр­сұл­тан Назарбаев Мәскеуге жұмыс сапары барысында Ре­сей Федерациясының Прези­денті Дмитрий Медведевпен және Ресей Үкіметінің Төр­аға­сы Владимир Путинмен кез­де­су­лер өткізді. Ресейлік әріптесімен Завидовадағы, қала сыртындағы резиденцияда болған әңгіме кезінде экономикалық ынты­мақтастықты дамытуға қатысты екі жақ­ты қарым-қатынас мәселелері, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды. Солар­дың арасында Жеңістің алдағы 65 жыл­дығы тақырыбы да сөз болды. Нұр­сұлтан Назарбаев Мәскеуге 9 Мамырды мерекелеуге қатысуға шақыруы үшін Дмитрий Медведевке алғыс айтты. Ол Екінші жаһандық соғыстың  қорытын­дыларын ешқандай да тарихи қайта қарау болмауға тиіс деп мәлімдеді. Нұрсұлтан Әбішұлы Ресей Прези­дентімен осы жолғы кездесу секілді бей­ресми байланыс кейде ресми кез­десуден маңыздырақ екенін атап өтті. Дмитрий Медведев өз кезегінде ЕҚЫҰ Саммитін биылғы жылы Қа­зақстанда өткізу туралы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасына қолдау білдірді. – Қазақстанға Ұйымға табысты төрағалық тілегім келеді. Бұл көп қа­жыр-қайратты талап ететін айтарлықтай елеулі жұмыс. Біз сіздің республикаға барынша көмектесуге әзірміз және бірлескен бастамаларды іске асыруға дайынбыз. Алда біз өңірлік қауіпсіздік мәселелерін талқылайтын бірқатар форумдар бар. Өткен жылы болған сынақтар, өкінішке орай, әлі сақталып отыр. Мен қылмысты да, есірткіні де, Ауғанстан және Пәкстан проблема­ларын қоса алғанда ішкі өңірлік сипаты бар бірқатар проблемаларды да айтып отырмын. Тұтастай алғанда, барлық осы мәселелер бойынша бізде достық үнқатысу жүріп жатыр, – деп атап өтті Ресей көшбасшысы. Сонымен қатар Завидоводағы кез­десуде экономикалық ынтымақтастық мәселелері де талқыланды. Ресей Президентінің сөзіне қарағанда, экономикалық та, гуманитарлық та салаларда екі жақты өзара ықпалдастық жолдарын белгілеу қажет. Атап айтқанда, бірқатар экономикалық үдерістерді жандандыру туралы ойласу, бизнестің дамуына көмектесу қажет, деп санайды Дмитрий Медведев. Нұрсұлтан Назарбаев өз кезегінде Қазақстан биылғы жылға үлкен үмітпен қарайтынын жеткізді. Алда болатын ЕурАзЭҚ мемлекеттерінің басшылары деңгейіндегі кездесу туралы айта келіп, Қазақстан көшбасшысы біздің тарап­тың оны өткізу мерзімі жөніндегі ұсынысты мұқият қарауға әзір екенін білдірді. ЕҚЫҰ Саммитіне қатысты Қазақстан Президенті бұл форум осы заманғы қауіпсіздіктің де, экономи­каның да, адамдық өлшемдердің де жай-күйін бағалау үшін де болуға тиіс екенін атап көрсетті. Мәскеуде болған кезінде Нұрсұлтан Назарбаев Ново-Огарево резиденция­сында Ресей Премьері Владимир Путинмен де кездесті. Тараптар мемлекетаралық эко­номи­калық ынтымақтастықты дамыту, әлеуметтік даму және Қазақстанның, Ресей мен Беларусьтің Кеден одағы қызметінің мәселелерін талқылады. – Біз бүгін Виктор Федорович Януковичті президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтауымызға болады деп ойлаймын. Мұны бүгін ОСК ресми түрде жариялапты. Келіңіз, телефон соғып, оны құттықтайық, – деді Владимир Путин. Мемлекетіміздің басшысы Виктор Януковичпен телефон арқылы сөйлескенде біздің елдеріміздің арасындағы дәстүрлі достық қарым-қатынас пен жемісті ынтымақтастық алдағы кезде де Қазақстан мен Украина халықтарының игілігі үшін белсенді дами беретініне сенім білдірді. Ресей Үкіметінің Төрағасы Қазақ­стан басшысымен әңгіме барысында посткеңестік кеңістікте Украинаның қатысуымен интеграция үдерісінің жеделдейтініне үміт артатынын атап өтті. Өз кезегінде Нұрсұлтан Назарбаев біртұтас экономикалық кеңістік құру идеясының әу баста нақ осы Ново-Огаревода 2004 жылы Ресей, Қазақстан, Беларусь және Украина көшбасшы­ларының қатысуымен талқыланғанын еске салды. Сол кезде тіпті тиісті меморандумға қол қойылған болатын. Мемлекетіміздің басшысы посткеңестік кеңістіктегі интеграция бастамаларына барынша қолдау білдіретінін атап көрсетті. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы мәселелерін сөз еткен Владимир Путин Ұйым биылғы жылы еуропалық қауіпсіздік мәселелерін шешудің әмбебап алаңына айналатынына сенім артатынын атап көрсетті. – Біз Қазақстан төрағалығымен ЕҚЫҰ шын мәнінде өзінің әмбебап сипатына ие болып, ол құрылған кезде мақсат еткен мәселелермен айналысады деген сенімдеміз. Бұл қауіпсіздік мәселелерін талқылау және, әлбетте, посткеңестік кеңістікте ғана емес, сонымен бірге бүкіл континентте демократияны нығайту жөніндегі  жақсы алаң болады, – деп қорытты ойын Ресей Премьері. Суреттер Ресей Федерациясы Президенті­нің баспасөз қызметінен және Ресей Үкіметінің сайтынан алынды.