Қаржы • 01 Тамыз, 2018

Ұлттық банк ипотекалық қарыз бойынша банктерге комиссия алуға тыйым салды

694 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Ұлттық банкі 2018 жылғы 16 шілдеден бастап банктердің ипотекалық қарыз бойынша банк шотын жүргізгені үшін комиссия алуына тыйым салды, деп хабарлайды  ҚР Ұлттық банкі.

Ұлттық банк ипотекалық қарыз бойынша банктерге комиссия алуға тыйым салды

Бұл комиссиялар тізбесін оңтайландыру үшін және  қарыз алу және оған қызмет көрсету кезінде қарыз алушылардың шығыстарын қысқарту шеңберінде жасалып отыр. Ұлттық Банктің бастамасы бойынша 2018 жылғы 16 шілдеден бастап Банктер туралы заңға ипотекалық қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты банк шотын жүргізгені үшін банктердің комиссиялар белгілеуіне және алуына тыйым салды.

Сондай-ақ Заңның нормасы қолданысқа енгізілгеннен кейін 2018 жылдың 16 шілдесінен кейін жеке тұлғалармен жасасқан ипотекалық қарыз шарттары бойынша банк шотына қарызды есепке алуға тыйым салу енгізілді. «Осындай норма қазіргі кезде ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауындағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту және төрелік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасында қамтылған.

Кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес барлық жеке тұлғаларға қатысты қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты банк шотын жүргізгені үшін банктер комиссия алмайды», - деді Ұлттық банктен. Ұлттық Банк 2016 жылғы 30 мамырда жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеу кезінде ескерілетін, жеке тұлғаға берілген банктік қарыз және микрокредит беруге және оларға қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдердің тізбесін бекіткен болатын.

Комиссиялар тізбесі банктер өндіріп алатын комиссиялар санын айтарлықтай қысқартуға және оларды атаулары мен мағыналық мәндері бойынша бірегейлендіруге мүмкіндік берді.

Аталған тізбек 2016 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілген болатын. Бұл ретте, жеке тұлғалармен 2016 жылғы 1 шілдеге дейін жасалған банктік қарыз шарттары бойынша банктер, Банктер туралы заңның 39-бабына сәйкес, банктік қарыз шартында көрсетілген және Операциялар жүргізудің жалпы талаптары туралы қағидаларда белгіленген комиссияларды алуға құқылы.