Театр • 02 Тамыз, 2018

Сан қилы сахна салты

1055 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Астананың 20 жылдық мерейтойына орай Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы мен Қазақстан театрлары ассоциациясы ұйымдастырған ІІ Дүниежүзілік «Астана» театр фестиваліне қатысушы шетелдік ұжымдардың өнерін тамашалағаннан кейінгі ойымызды бөлісуді жөн санадық. 

Сан қилы сахна салты

Фестиваль той тойлау емес, жетістік­терімізді саралай отырып, әлі де жетіле түсуге және жаңа белестерді бағын­дыруға қол жеткізу болуы тиіс. Сондықтан бұл фестивальды Ресей­дің Чехов атындағы, Францияның Авиньон, Англияның Эдинбург, Аус­­­трияның Зальцбург секілді әлем­нің ірі халықаралық театр форумы дең­гейіне жақындатудың басы деп бағам­дағанымыз абзал. Мұны тәуелсіз Қазақ елінің оң имиджін әлемдік қауым­дастыққа таныту мақсатындағы саяси мәні зор мемлекеттік маңызды шара деп түсін­геніміз жөн.

Фестивальдың еуропалық көрсетілімі әлемге танымал италиялық «Piccolo Теаtro di Milano» театрының «Арлекин – екі мырзаға бір қызметші» спектаклімен бас­талды. 70 жылдан аса сахнадан түс­пей келе жатқан туындыны ХХ ғасыр театрының ірі тұлғасы, режиссер Джорджо Стрелер сахналаған. Мұны «Астана» фестивалі сахнасындағы шетел­дік театрлар шеруінің жақсы бас­тамасы деп білдік. Екінші дүниежүзілік соғыс бітісімен іле-шала қолға алынған спектакль несімен құнды деген мәселеге келсек, бұл – әлем театрының даму тарихына үлкен із қалдырған италиялық del arte театр жанры үлгісін жаңалап, қал­пына келтірген айтулы қойылым. Орын­даушылардың сахнадағы актерлік амал-әдістері әр алуан.

Заманауи театр өнерінде поляк режиссурасы, поляк театры ізденістерінің алар орны бөлек. Белгілі «TR Warszawa» ұжымы өзінің 2015 жылы сахналанған «Азап шеккендер» спектаклінен елге танымал екі бірдей авторды тартқанын көреміз. Немістің жас та болса танымал драматургі әрі режиссері Мариус фон Мейенбург пьесаларының заманауи Еуропа және орыс сахнасында қойылуы прогрессиялық өсу үстіндегі үрдіс болып табылады. Берлиндік «Шаубюне» театрының көркемдік жетекшісі Томас Остермайермен тұрақты тандемде жұ­мыс істеуі, классик драматургтерді заман­ға сай лайықтап қоюы, өз пьесаларын жазуы және сахналауы үйреншікті құбылысқа айналды. Оның «Азап шеккендер» пьесасын қойған талантты режиссер Гжегож Яжинаның бүгінгі заманауи Еуропа режиссурасындағы орнын ескерсек, көрермен бұл жолы да үздік туындымен танысты деуге толық негіз бар. Спектакль батыс пен шығыста қаны сорғалаған өзекті мәселенің біріне, жас ұрпақтың дін жолына келуінің, жай келмей дінді ұстанушы, насихаттаушы жолына түсуінің себеп-салдарына үңілдіреді.

Литвалық «Meno Fortas» театры Ф.Кафканың «Аштық шебері» әңгімесі негізінде белгілі театр режиссері Э.Ня­к­рошюс сахналаған спектакльді ұсын­ды. Суреткер мен қоғам арасын сипаттаған әңгіме негізінде режиссер философиялық терең мәні бар, метафоралық ойға жете­лейтін, экспрессивті заманауи спектакль жасаған. Адамның бойындағы «әлсіз­дікті» көрсететін детальдар спектакльде молынан табылады. Басты кейіп­кердің аштық жариялаудан алған сылдырмақ марапаттарын көрсететін тұс назар аударуға тұрарлық. Театр осы спектаклі үшін түрлі фестивальдарда алған марапат қағаздары мен естелік статуэткаларын, кубоктарын спектакльдің реквизиті ретінде қолданады. Мұндайда «Ф.Кафка тәрізді шағын әңгімелерімен танылған қазақта да жазушы аз емес, шіркін солар қашан сахналанар екен» деген үміт еріксіз тұтанады. Қалай десек те еуропалық деңгейдегі режиссерлік жұмыстардың төл режиссура үшін алдағы уақытта сабақ болар тұстары көп.

Германияның тәуелсіз халық­аралық «11» театры француз экзис­тен­циа­­лизм бағытының философы, жазушы-драматург Жан Поль Сартрдың «Жабық қоғам» («Шығарға жол жоқ») қойылымын көрсетті. Қоғамның әр- түрлі сатысына жататын бірі бай Эстель, екіншісі пошта қызметкері Иннес, үшін­шісі Гарсен журналисі Жұмбақ қыз­меткер бір бөлмеге тоғытады. Сәл­ден соң үш адамның арасында өзара кикіл­жің, күштінің әлсізге әлімжеттілігі, өз­гені өзіне бағынышты ету секілді әре­кеттер басталады. Автор осындай тар ортада, түрме камерасында, жа­бық қоғамда күш көрсету позициясынан болатын әлімжеттілік пен өзгеге тәуел­діліктің табиғатына назар аудартады. Тақырып қызықты, көтерген мәселе терең де мәнді. Театрдың жас актерлер құрамының орындаған спектаклі көрерменге екіұшты ой қалдырды. Негізінен спектакльдегі актерлердің сах­­на­лық әрекеті, мизансценалар, декорация, жарық құралдары өте қарапайым. Алай­да осы қарапайымдыққа ойынымен жан бітіруге тиіс жас актерлердің көзін­де от, жүрегінде жалын сезілмеуі, шығар­маның мәні мен мазмұнын толық ашып бере алмай қалғаны өкінішті.

Ағылшынның «1927» театры белгілі жас театрлардың бірі саналады. 2005 жылы жазушы, актриса және режиссер Съюзенд Андрейд пен әріптесі аниматор, иллюстратор және кинорежиссер Пол Бэрритт тарапынан құрылып, оларға актриса және костюм суретшісі Эсме Эпплтон және актриса, композитор әрі музыкант Лилиан Хэнли қосылады. Шығармашылық тұлғалардан құрылған театр спектакльдері сан түрлі жанрдың басын біріктіруімен жан баурайды. Мультипликация мен театрдың қосындысында жұмыс істейтін бұл ұжымның өнері әлемдік театрлар фес­тивальдарында үлкен сұранысқа ие.­ Балшықтан жасалған алып адам – Го­лем­ге жан бітіру арқылы адамның технология мен экономика тұтқынына ай­нал­ғанын көрсетеді, технологияның озық жетістіктері адам тұрмысын едәуір жеңілдеткенмен, големдер (тех­ноло­гиялық жетістіктер) билеген «замана­қырды» сатиралық тілмен ұтымды түй­рейді.

Ш.Руставели атындағы Грузия мем­лекеттік академиялық театры Астанаға ат басын бұрмас бұрын Алматыда өнер көрсетті. Белгілі режиссер Р.Стуруа драматург Б.Брехттың 1930 жылы жазған «Ережеден тыс және ереже» – «Исключение и правила» пьесасын «Заңдастырылған заңсыздық» деген атпен ұсынды. Грузин театр сыншыларының 2016 жылғы бағалауы бойынша жылдың 5 үздік қойылымының қатарына енген бұл спектакльдің Астана фестивалінің бағдарламасына қосылуы сөзсіз жетістік. Б.Брехт көтер­ген мәселе бүгінгі күннің тынысымен етене үндесуімен құнды. Бұдан ға­сыр­ға жуық уақыт бұрынғы қоғам жағ­дайын сөз ететін туынды сәл сабыр сақтап, өз ісімізге бажайлап қарау керек­тігін еске салады. Қойылым пысы­қай бизнесмен Лангман (актер З.Папуашвили) әрекетімен пайда бар жерге елден бұрын жүгіретін, байлық үшін бәрін таптап өтуден тайынбайтын ашқарақ капитал иесін еске салады. Оның жалдаған жұмысшыларына жасайтын қысымы, қатыгездігі, соттағы құқық қызметкерлерінің шешімін өз пайдасына заңдастыруы заманның азғанын, заң жүйесінің әбден тозғанын көрсетеді. Үстем тап езгісінен босамаған қарапайым халықтың тартқан азабына трагедиялық фарс жанрында назар аудартады. Режиссер пьесада жоқ араб шейхы мен будда құдайы секілді кейіпкерлерді спектакльге кірістіре отырып, шындыққа мүлде жанаспайтын, әділдікті белден басқан қарама-қайшы сот шешімін шығартады.

Жапония астанасы Токиодан келген «Nakamura Gekijo» театр труппасының өнерін асыға күттік. Күншығыс еліндегі 400 жылдан аса тарихы бар дәстүрлі «Кабуки» театрының Сарыарқа төсіне тұңғыш рет келуі шынында да тарихи құбылыс еді. Театрдың дәстүрлі ойынынан бөлек, жалпы шетелдік көрерменге ұғынықты қолтаңбамен жасалған арнайы қойылым оқиғасы Жапония та­ри­хындағы аңыздан бастау алады. Айдаһарға құрбандыққа берілген қыз­ды құтқаруға шыққан жас батырдың ерлігі, Күншығыс елінің барлық тарихы жазылған орама қағазға қол жеткізудегі күресі баяндалады. Асыл мұраны иелену жолындағы күрес жапонның дәстүрлі театр кейіпкерлерін Хан тәңірі тауынан ескен самал желмен бірге Қазақ елінің бас қаласы – Астанаға алып келеді.

Ал Қытай Халық Республикасынан Бейжің халықтық көркем театры Жэнь Мин сахналаған драматург Ц.Цзинчжидің «Шабдалы гүлін ұна­тамын» атты драмасын әкеліпті. Бас-аяғы үш-ақ актердің қатысуымен ойналатын драма «қойылым ішіндегі қойылым» үлгісінде орындалады. Ре­жиссер шағын сахна кеңістігінде өзіндік пластикасы мен сөйлеу мәнері бар актерлердің ойынын үйлестіре білген. Тан династиясы тұсындағы дәстүрлі қытай әдебиеті хикаятынан алынған оқиға желісі махаббат пен шынайы өмір өрнегімен астаса өрбиді. Қытай мәдениетінде махаббат символы болған шабдалы гүлінің көрерменге айтпақ ойы мол. Өз елінде танымалдыққа ие бұл қойылым халықаралық театр фес­тивальдарына қатысып, он жылда 275 мәрте көрсетіліпті. Бір ғажабы, орындаушы актерлер өз кейіпкерлерінің іс-әрекетіне баға беріп, қажет жерінде пікір-ұсыныстарын ашық білдіріп отырады. Бұл бүгінгі қоғамдағы махаббат, мораль, екіжүзділік секілді этикалық мәселелерді көтерген қызықты спектакльдің бірі болды.

Ленсовет атындағы Санкт-Петер­бург академиялық театрының белгілі ре­жиссері Ю.Бутусов сахналаған А.Чеховтың «Ваня ағай» драмасын кө­рермен сүйіспеншілікпен қабылдады. Спектакль 2017 жылы Ресейдің «Алтын маска» конкурсының алты аталымы бо­йынша үздіктер тізіміне ілігіп, «Үздік режиссура» жүлдесін иеленген. Александр Новиков Ваня ағайы үшін «Үздік ер адам», Сергей Мигицко – профессор Серебряков, ал Оль­га Муравицкая Соня рөлі, екінші қатар­дағы қосалқы бейнені сомдағаны үшін жеңімпаз атанған болатын. Әр кейіпкердің өзіндік айтар ойы бар. Актерлердің өмір сүру дағдысын режиссер әдейі шартты түрде көрсете отырып, олардың жанайқайын, жалғыздық зардабынан жапа шеккен кейпін беруге тырысқан. Бәрі оқыған, интеллигент ортаның адамдары бола тұрып, өмірде көп сүрінген, қателікке ұрынған, жанталаса адасқандар жайы суреттеледі. Кейіпкерлер трагедиясын, жалғыздық шерін көрермен бірге сезініп, бірге егіледі. Классикалық туындының ұзақ жылдар қолданыста болуының басты ерекшелігі – заман талабына сай өзгере алатындығында, өзгеше үлгіде қоюға болатындығында.

Бұған дейін Астанада бірнеше рет болған Мәскеу губерниялық теа­тры заманауи драматург Ярослава Пулиновичтің пьесасы бойынша режиссер А.Горушкина сахналаған «Шексіз сәуір» драмалық импровизациясын алып келді. Сахналық туынды көп отбасының шоғырлана өмір сүріп жатқан сүреңсіз ортасын суреттейді. Жасы 90-нан асқан, қатерлі ісікпен ауыратын Вениамин қа­рия өлер алдында бала күнінен бастап, барлық өмір белестерін дәл алақанға салғандай етіп есіне түсіреді. Бұл – аумалы-төкпелі ХХ ғасырдың елеулі кезеңдерінің куәгері болған адамның тұтастай ғұмыры. Актер А.Амелиннің сахнада өмір сүру дағдысы ерекше. Қалт-құлт еткен кәрілік пен балалықтың бақытты шағына қатар ене алатын актер ойыны арқылы режиссер соғыс әкелген өмірдің қиыншылықтары мен бейбіт өмірдің қызығын, албырттық пен ақыл толғандағы сабырлылықты, сүйікті ойыншықтарынан айырылған баланың ренішін, тұтас бір ұрпақтың толқымалы сәттерін көз алдыңызға әкеледі. Спектакль әсерлі әрі кейіпкерлер тағдырын актерлердің шебер ойыны арқылы өрнектеп көрсете алды.

Қырғыз ағайындардың екі спектаклін тамашаладық. Т.Абдумомунов атын­дағы Қырғыз академиялық драма театры тарихшы-ғалым Ерлан Сыдықов пен Шамил Жапаровтың «Ажал­мен күрес» драмасын алып келіп­ті. Қойылым этнограф-ғалым Шоқан Уәлихановтың өмірінің соңғы сәтін бейнелейді. Қыр­ғыз-қазақ үшін қастерлі тұлғаның 170 жылдық мерейтойы тұсында сахнаға шығуы, оған екіжақты шығармашылық байланыспен келуі көңіл қуантарлық жайт. Спектакль бір сарынды шыққан. Тек Шыңғыс пен Шоқанның бақұлдасқан сәті ерекше әсер қалдырады.

Жазушы-драматург С.Досановтың «Жанұран» пьесасы негізінде қойылған спектакль желтоқсан көтерілісінің сабақ аларлық тұстарына назар аудар­тады. Мұнда Халық қаһарманы Қай­рат Рысқұлбековтің тағдыры, оның Фати­мамен арасындағы сезімі, елім, жерім, Отаным деген ұланның еркіндік аңсаған күресі, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған егемендікке талпынысы суреттеледі. Қазақ жастарының бойындағы ерік-жігер, төзімділік пен намыс оты жырланған қойылымның желісі жалпы көпшілік сахналардағы пластикалық сахналармен ұштасып әсерлі шыққан. Азаттыққа ұмтылған жастардың жігері мен бұлқынысын дене пластикасы тілімен берілуі құптарлық. Сот процесі кезінде Қайратты бес бұ­рыш­ты қызыл жұлдызға керіп қойып жауап алуы жалпы спектакльдің ой-идеясын ашатын темірқазық деу керек. Алайда Қонаевтың орнынан түскені туралы ресми қаулы оқылғаннан бастап атойлап, ұрандатқан жастардың бәрінің жаппай алаңға жүгіруі, төңкерісшіл топқа айналуы ескі кеңестік «ура-па­триотизмді» еске салатын біржақты шешім болған.

Өзбек ұлттық академиялық драма театрында режиссер Марат Азимов сахналаған И.Сұлтанның «Ар-ождан» драмасы өткен ғасырдың 60-шы жылдары жазылған екен. Профессор Камиловтың: «Үйіме байлық келіп, ар бас тартса, байлықты өртеймін» деген сөзі спектакльдің негізгі өзегін аңдатады. Жаһандану тұсында, талай ғасырлар бойы халықтың даралығын, салт-дәстүрін, бірлігі мен бірегейлігін жоғалту қаупі өткір тұрғанда жеке отбасыдағы рухани хал-ахуалды жалпы қоғамдағы болып жатқан өзгерістерден бөле-жарып қарауға сірә болмас. Сондықтан атадан балаға берілетін тәрбие, ұят пен ар-ұждан мәселесін көтерген өзбек театрының спектаклін бүгінгі қоғамның өзін-өзі қорғауға, өзіндік даралығын сақтап қалуға жасаған қадамы десе де болады. Бұл спектакль фестивальдық форматтан гөрі кассалық қойылымға келеді.

Фестивальды кәсіби тұрғыдан ал­да­ғы уақытта жетілдіре түсу үшін «Ас­­­та­на» фестивалінің бағдарламалық ди­рекциясы бекіп, фестиваль миссия­сы мен ұстанымдарын, форматын айқын­дау қажет, әлемдік театрдың озық жетістіктерін насихаттайтын тақырып­тық бағдарламалар түзуді қолға алу керек. Сондай-ақ фестиваль аясында қазақ және өзге диаспоралар театрларын, озық режиссура жетістігімен насихаттайтын «қазақстандық шоукейс» бағдарламасы ұйымдастырылып, белсенді жұмыс істеуі тиіс, отандық театрлардың шоу­кейс бағдарламасына арнайы ше­телдік қонақтар, театр сыншылары, теа­тр фестивальдарының бағдарламалық дирек­торлары, продюсерлер, т.б. шақы­рыл­са құба-құп. Қазақ театры мен қай­раткерлерін толғандырған мәселелер төңі­регінде тақырыптық конференциялар, ғылыми симпозиум мен «дөңгелек үстелдер»  тұрақты өткізіліп тұрса, қанеки.

Аманкелді МҰҚАН,

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Театр және кино бөлімінің меңгерушісі