Осыдан 25 жыл бұрын қазақ жастары коммунистік отаршылдықтың өктемдігіне қарсы қайрат көрсетіп, әр халықтың өз көсемі болуы үшін Брежнев алаңына жиналып, жанқиярлық ерлік көрсетті. Өйткені, «Жаман үйді қонағы билейді» деген, жастар толқуының аржағында қызыл коммунистердің өркөкіректігі мен өктемдігіне қарсы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып күресу арманы тұрды. Көп ұзамай жастар аңсаған сол арманға – бостандыққа да қол жеткіздік.
Уақыт деген ұшқыр екен, тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығындағы экономикалық қиындықтарды артқа тастап, міне, екінші онжылдықты да көріп отырмыз. Бүгінгі күні кейбір керезулердің аузымен жер-жаһанға тарап жатқан «қиындық» деген мәселе, сол кездегі қиындықтың қасында түкке де тұрмайды. Нағыз қиындықтан біз сексенінші жылдардың аяғы мен тоқсаныншы жылдары өтіп кеттік. Айтайын дегенім, сол алмағайып кездің өзінде ел ішін алатайдай бүлдіру, яғни үй өртеу, дүкен мен банк тонау, адам өлтіру деген сияқты азғындық пен қанды қол қылмыс болмап еді. Ал қылмыстың дауасы – жаза! Өйткені, халқымызда «Қолыңмен істегеніңді мойныңмен көтер» деген даналық сөз бар.
Ағайын, айналамыздағы ынтымақты елдерге қарайық та, ойланайық. Айлығы жаңаөзендік мұнайшылардың жалақысынан екі-үш есе аз адамдар да отаны мен отбасының тыныштығы үшін «Барға қанағат, жоққа салауат» деп өмір сүріп жатыр. Ал «атыс» пен «шабысқа», «ұран» мен «үрейге» толы кейбір мемлекеттердегі аналар мен балалар болса, құдықтағы қара судың өзін тыныштықпен ішуді армандап, еңіреп отыр.
О заман да бұ заман, қай қазақ өз ауылына өзі шауып, өз үйін өзі өртеп, өз бауырын өзі өлімші ғып сабап, өмірін қиып еді. Есті халық өз шаңырағын өздері ортасына түсірмейді ғой. Қазағының туырлығын турап, шаңырағын шапқан адамдар әлеуметтің бетіне ұялмай қалай қарап, қалай ақыл айтады?!. Әлі де кеш емес, есімізді жияйық, ағайын!
Еркінбек СОЛТЫБАЕВ, Жамбыл облыстық мәслихаты тексеру комиссиясының төрағасы.
Жамбыл облысы.