Маңғыстау маңы маған жақсы таныс. Қашанда жауапкершілікті жоғары сезінген аймақ. Татулығымен, еңбекқорлығымен ерекшеленіп, географиялық жағынан да, әлеуметтік жағынан да алдыңғы қатардан көрініп жүрген елді-мекен. Бірақ, Жаңаөзеннен түсірілген бейнетаспаны көріп, өте күйінішті әсерде қалдым. Мұндай күйрету, қирату, бүлдіру сияқты әрекеттерге ештеңеге жаны ашымайтындар ғана бара алса керек. Өз қолыңмен жасалған ғажайып ел игілігін өзіңнің бүлдіруің ешқашан және ешкім де кешірмейтін күнә әрі өкініші бітпейтін қасірет.
Бұл оқиғаның мерекеге сәйкес келуіне, менің ойымша, өзге күштердің ықпалы бар сияқты. Жастар солақай күштің құрбанына айналып отыр. Мұндай жағдайда жастарға айтатын орынды сөз табылуы керек. Олардың өмірі әлі алда, сондықтан арандатушылыққа бой алдырмай, өз-өздеріне берік болғаны дұрыс. Мұндай ақылшыларға еліңнің де, жеріңнің де, тіпті өзіңнің де құның көк тиын. Оларға арам ойын іске асырса болғаны. «Ашу – дұшпан, ақыл – дос» – деген данагөй бабаларымыз. Өз жерің мен өз еліңе және халқыңа шынымен жаның ашыса, оның көгеріп-көркеюіне үлес қос. Ашуға емес, ақылға бейім тұр, ақылдың айтқанын істе. Сонда бәрі де түзеледі.
Ел татулығына ешқашан енжар қарауға болмайды! Тәуелсіздік халқымыздың жалғыз перзентіндей бауырына басып, аялап отырған басты құндылығы. Асылымызды ардақтай білейік! «Бүкіл халық қуанып, тойлап жатқан мерекенің шырқын бұзу – ел естіп-көрмеген сұмдық» деп осы газетте Әбекең – Әбіш Кекілбайұлы дәл айтқан. Қазақ – әркез елін сыйлаған, ел-жұртының абыройына үлкен көңіл бөлген халық. Кемшіліксіз жұмыс болмайды. Кемшілік болған шығар... Сондықтан Жаңаөзен жұртшылығын кешірімді болуға, түсіністікпен қарауға шақырамын. Қазір білектің емес, білімнің заманы. Білек ешқашан бірлікке апармайды. Бірліктің жолы – білім мен ақыл. Бірлік болса, елде береке орнайды.
Мені құқық қорғау органдарының қамсыздығы да қынжылтты. Қоғам тынысын сезініп, сергек болып, мәселенің алдын алуға да, уақытында түзеуге де болатын еді ғой. Жан-жақта болып жатқан оқиғалардан сабақ алған жөн еді. Бұл, әрине, сондағы азаматтарға да сын. Кінәлілерді тиісті орындар анықтар, бүлікшілер жауапқа да тартылар, бірақ жазықсыз опат болғандарды қайда қоймақпыз? «Тәртіп бұзушылар шетінен есірткі шеккендер, ішімдік ішкендер екен» дегендей қауесет те айтылып жатыр. Анық-қанығын білмей тұрып, бұлай деуге өз басым қарсымын.
Тәуелсіздіктің жолында басқа басқа, қазақ халқының тартпаған тауқыметі, көрмеген қасіреті жоқ. «Мың өліп, мың тірілген» деген сөз тегін айтылып жүрген жоқ қой. Халқымыздың сан ғасырлық азабына берілген анық баға. Сондықтан Тәуелсіздігіміз – басты құндылығымыз.
Ел берекесі – бірлікте. Осыған кепілдік беріп отырған Елбасымыз бар. Соны әр азамат қаперінен шығармаса екен.
Асанәлі ӘШІМОВ, Халық әртісі.