Әдебиет • 02 Тамыз, 2018

Арман Әлменбет. Менің бірінші бизнесім (Хикая)

1635 рет
көрсетілді
44 мин
оқу үшін

Бұл хикая үлкен өмірге енді араласа бастаған Еркіннің дүниеге деген қалыптасып келе жатқан көзқарасы, пайымы туралы. Өзінің алғаш бизнес бастар алдындағы, оны іске асырған кездегі ойын саң-саққа бөлген тәжірбиесіздігі мен жастығы хикаяның өне бойында жап-жақсы көрінеді. Дербес ойлауды, шешім қабылдай алуды, қоғамдағы қалыптасып қалған, бұзылмастай көрінетін түсініктерге Еркіннің ішкі қарсылығы анық білінеді. Жеке жұмыс жүргізудің өз тәртібі, өз ережесі бар екенін түсінсе де, ата-анасының сөзіне қарсы шыға алмаған Еркіннің бойындағы кемшілік – шарасыздығы. Алғашқы бизнесін бастап, жалғастыра алмаған оны әлі талай жұмыс күтіп тұрғандай.

Хикаяның қазақ тілін үйреніп жүрген орыстілді ортаға лайықталып жазылған нұсқасын ұсынып отырмыз.

Арман Әлменбет. Менің бірінші бизнесім (Хикая)

I БӨЛІМ

ХАБАРЛАНДЫРУ БОЙЫНША ХАБАРЛАСҚАН ЖІГІТ

2008 жыл. Маусымның 23-і. Дүйсенбі. Мен жергілікті газетке барып, хабарландыру бердім. Хабарландыруда: «Телефон жөндейтін адам керек. Еркін 87773465960» деп жазған едім. Бірнеше адам хабарласты. Бірақ ешқайсы көңілімнен шыққан жоқ. Сәрсенбі күні Антон деген орыс жігіт хабарласты.

– Қайырлы күн!

– Қайырлы күн!

– Хабарландыру бойынша хабарласып тұрмын.

– Иә, атыңыз кім?

– Антон.

– Бұрын осы салада жұмыс істеп көрдіңіз бе?.

– Жоқ, – деді Антон. – Бірақ үйде телефон жөндеп көргенмін. Бұрын телевизор, денди, сегаларды да жөндей беретінмін... Үйреніп кетемін.

         Маған оның сыпайы, шынайы, әрі батыл сөйлегені ұнады.

– Жасыңыз нешеде?

– Он тоғыздамын.

– Онда сен деп сөйлей берейін. Мен сенен үлкен екенмін. Сексен тоғызыншы жылғысың ба сонда?

– Иә.

– Мен сексен төртінші жылғымын. Онда ертең таңертең тоғызда кел, бір апта сынап көремін, – дедім.

– Жарайды, – деді Антон.

***

Мен мамыр айында ғана әскерден келгенмін. Оған дейінгі өмірімді қысқаша айтайын. 2001 жылы он бір жылдық мектепті бітірдім. Одан соң бір жыл бос жүріп, үш жылдық колледжге түстім. Мамандығым – программист. Коледжден соң тағы да бір жылдай бос жүрдім де, былтыр әскерге кеттім.

Әскерден келген соң әке-шешем жұмысқа тұр деп үгіттеді. «Қазақмыстың» шахтасында Дулат деген жақын туысымыз әжептәуір бастық еді. Сол кісі мамандығыма сай жұмыс тауып беремін депті. Мен келіскен жоқпын. Өзім бір кәсіп көзін тауып, бизнес жасағым келеді дедім. Сөйтіп, екі күн ғана үйде жаттым да, үшінші күні жүк түсіретін жерге жұмысқа шығып кеттім. Вагонмен келетін тауарларды түсіріп, таңертеңнен кешке дейін жұмыс істеп, 16 000 теңге ақша таптым. Бір айда үш-ақ күн демалдым. Әскерге кетер алдында сатып алған компьютерім бар еді. Соны 30 000 теңгеге саттым. Әскердегі табысымнан жинаған 8 000 теңгемді қостым. Сөйтіп, 54 000 теңге жинадым. Біздің Жезқазған кішкентай қала. Сондықтан 54 000 теңгені табу оңай емес. Оның үстіне қазіргі дағдарыс кезінде.

Биыл дүниежүзілік дағдарыстың кесірі бізге де тиіп жатқан секілді. Бензин қымбаттап кетіпті. Біраз жанармай бекеттері жабылып та қалды.

Мен қандай бизнес ашқаным дұрыс деп, бір ай бойы көп ойландым. Дағдарыс кезінде қалай ақша табуға болады? Өзімде бар ақшаны ескердім. Әке-шешемнен ақша сұрай алмаймын. Өйткені, ол кісілерде онсыз да қарыз көп. Жалғыз ұлдарының түрі – мен. Әскерге дейін ештеңе ойламай, қыдырып, төбелесіп жүре беріппін. Енді-енді ойланып, ата-анамды қарыздарынан құтқарайын деп шештім. Қайтсем де жағдайын жасауым керек. Әрекет жасай бастағаным да сондықтан.

Бұрын студент кезімде әртүрлі жұмыс істедім: кафеде даяшы, жанармай бекетінде күзетші, телефон сататын жерде дүкенші болдым.Ең ұзақ істегенім осы телефон сататын жұмыс болды. Кейін шахтадан руда ұрлайтындармен бірігіп, камазбен Қытайға руда жіберіп те көрдік. Ол кезде ақшаны көп таптым. Бірақ екі рет жіберген соң, бұл жұмысқа енді жоламастай болдым. Арам ақша маған жақпайтынын білдім. Оңай келген ақшаны не істеріңді білмей, жұмсай береді екенсің. Көп қыдырдық. Арақты да сол күндері ішіп көрдім. Әке-шешем менен үміт күтіп отырғанда мен солай ақымақтың ісін істеп жүрдім. Енді тек дұрыс жолмен ақша тапқым келеді. Ойланып-ойланып, ұсталған телефондарды сататын және жөндейтін жер ашайын деп шештім. Жылдан жылға ұялы телефон ұстайтын адамдар көбейіп келе жатыр. Жаңалары қымбат. Дағдарыс кезінде осы ескілер көп өтетін шығар деп ойладым. Оның үстіне әскерге дейін ұзақ уақыт істеп көрген жұмысым да осы.

Мінекей, осындай оймен алдыңғы аптада бутикті жалға алдым. Бутикті базар жақтан емес, Бейбітшілік көшесінің бойындағы үлкен «Нұр» деген сауда орталықтан алдым. Айына 15 000 теңгеге келістік. Оның төлеген соң, менің қолымда 39-ақ мың теңге қалды. Енді тауар қоятын витрина іздедім. Жаңасын алуға немесе арнайы жасатуға әзірге қалта көтермейді. Сондықтан ұсталған, ескі екі витрина таптым. Біреуін 2500 теңгеден, екеуін 5000 теңгеге әзер берді. Екеуі екі түрлі. Мейлі. Екеуін әкеліп қойдым. Жанына үйдегі үстелім мен орындықтардың біреуін әкеліп орналастырдым. Бұларды екі жерден әкелу үшін такси шақырып, оған 800 теңге төледім. Содан соң әлгі «Телефон жөндейтін адам керек» деген хабарландыруды бердім. Оған тағы да 1000 теңгем кетті. Сонымен 29700 теңгем қалды. Шыдамай, 120 теңгеге су сатып алып іштім. Жүк түсіруге жаяу барып, тамақты тек үйден ішіп, әскерден келгелі 1 тиын жұмсамай жүр едім. Шөлдедім ғой деп, өз-өзімді көндіріп, су алып іштім. Жалпы, өз-өзімді қинамағаным дұрыс қой. Бірақ ақшаны жұмсамаймын деген соң, ережені сақтап, жұмсамағаным дұрыс еді. Яғни, мен табыс тауып, 54000 теңгемді қайтарғанша ақша жұмсамауым керек деп осыдан бір апта бұрын ереже қабылдағанмын.

Газетке хабарландыру берген соң қабырғаға ілетін сөзді де шығарттым. «Ұялы телефон сатамыз, сатып аламыз, жөндейміз» деп жазғыздым да, принтерден 130 теңгеге шығартып, бутиктің шыны қабырғасына жабыстырдым. Есігі көбінесе ішке қарай ашылып тұратын болған соң, көрінбей қалады ғой деп, әдейі қабырғаға желімдедім.

Сейсенбі күні телефон жөндегенде керек болатын құрал-саймандарды алу үшін базарға бардым. Оны іздеп тауып, сатып алып, қайтып келгенше түс болды. Саймандарға кеткен ақшамды да айта кетейін: 2800 теңге жұмсадым.

Сейсенбі күні түстен кейін және сәрсенбіде күні бойы бутикте өзім отырдым. Бірінші күні витринам таза бос тұрды.

Бейсенбіде жұмысқа Антон келді.

***

Антон арық, ұзын бойлы бала екен. Үстіне ескі қызыл футболка киген. Шашы өсіңкіреп кеткен. Бірақ өзі жағымды жігіт екені бірден байқалды. Екеуіміз қайта таныстық.

Менің бойым 172 сантиметр ғана. Антон, сірә, 180 сантиметрден асатын сияқты. Жаныма келгенде тіпті ұзын көрінді.

– Бұрын қайда жұмыс істедің? – деп сұрадым.

– Ешқай жерде ұзақ уақыт жұмыс істеген жоқпын.

– Қайда оқыдың?

– Кәсіптік лицейде оқығанмын, бірақ тастап кеттім.

– Әскерге бардың ба?

– Жоқ.

Сотталғансың ба деп те сұрағым келді. Бірақ сыпайы, жағымды жігітті ондайға қимадым.

Оған енді шаруа жағдайын түсіндірдім. Аптасына алты күн таңертең оннан кешкі жетіге дейін осы жерде отырасың, айына 20 000 теңге айлық аласың дедім. Жексенбі – жұмыс, демалыс – дүйсенбі күні болатынын да айттым. Антон келісті.

– Жөндеуге телефон әкелетін болса, алдымен қолыңнан келе ме, соны қарап ал, – деп ескерттім кетер кезде. – Мүмкін демалыс күндері білетін бір адамдарды тауып, біраз үйреніп қайтатын шығармыз. Көреміз.

Антон басын изеді.

***

Бутикті Антонға тапсырған соң, басқа шаруаларды істеуге мүмкіндік туды. Енді алдымда екі жұмыс тұрғанын түсіндім. Біріншісі, бутикті жарнамалау, екіншісі тауар табу.

Телефон сататын және жөндейтін жер деп атадық. Бірақ әлі бір де бір телефон жөндеген жоқпыз. Кеше бір қыз келіп Motorola RAZR V3 телефонын ұсынған. Мен оны 6000 теңгеге сатып алдым. Тіпті, ұсталған телефонның бағасы қандай болатынын да онша білмейді екенмін. Қымбатқа алып қойған сияқтымын. Антонға түсіндіргенде осы жайтты ескертіп, барынша арзанға алуға тырыс деп, қолына әдейі төрт-ақ мың теңге тастап кеттім. Ал Motorola-ны кем дегенде 8000 теңгеге сат дедім.

Антонға ақша бергеннен кейін қалтамда 16 500 теңге қалды.

«Түйенің танығаны жапырақ» дегендей, алдында хабарландыру беріп Антонты тапқан газетке барып, «біз ашылдық» деп жарнама бердім. Жарнама хабарландыруға қарағанда қымбаттау болды. 1 500 теңге алды.

Қалған он бес мыңымның неше теңгесіне телефон алуым керек деп біраз ойландым. Енді 28 күннен кейін 15 000 теңге бутиктің ақшасын, Антонға 20 000 теңге айлық төлеуім керек. Одан бөлек өзім де пайда табуым керек емес пе? Не істеуім керек? 15 000 теңгені бутик үшін төлеуге қалдырсам ба екен? Әлде бәріне телефон алып, витринаны толтырып қойғаным дұрыс па? Бірақ айдың соңына дейін олар өтпей қалса ше? Немесе аяқ астынан ақша керек болып қалса не істеймін?

Түскі аста үйге барғанша осыны ойладым. Тамақ ішіп отырып та бас қатырумен болдым. Ал тамақ ішіп болған соң, тағы бір мәселені ескермегенімді түсіндім. Осы Антон түскі асты қайдан ішеді? Кешке дейін бутикте аш отыра ма? Аш отырған адам жұмысты дұрыс істей ме? Мен оған әлі айлық берген жоқпын, ақшасы да жоқ шығар. Өзім тойып алып, оны аш қалдырғаным дұрыс па?

Бір нәрсені уайымдап отырғанымды байқап, анам мән-жайды сұрады. Мен шынымды айттым. Антон деген баланы жұмысқа алдым да, оның түскі асы туралы ойланбаппын дедім. Анам маған риза болғандай көрінді. Жымиып күлді де:

– Өзі үйден пісіріп әкеліп отырмай ма? – деді.

Мен ойланып қалдым. Солай істесе, Антонның өзіне жақсы болар еді. Әйтпесе ана жерден ұзақ уақытқа кете алмайды. Қалай бұл жағдайды ескермегенмін...

Жұмысқа тұрған адам берілген тапсырманы орындайды. Рұқсат еткен уақытта кетеді, белгіленген уақытта жұмысына қайта барады. Ал мен бизнес бастаған адам ретінде біреуден көмек күте алмаймын. Қайта өзім қол астымдағы адамдарға көмектесуім керек. Олардың жағдайын жасауым керек. Осы ойдан өзім шошығандай болдым. Расында да мен біреуге жұмыс беріп отыр екенмін ғой? Ол мен не айтсам соны істейді. Мен жақсы қарасам, жұмысты жақсы істейді, дұрыс қарамасам, нашар істейді. Немесе кетіп қалады.

Мен түстен кейін ұсталған телефондарды сататын басқа дүкендерді қарайын деп шештім. Бутикке сағат алты жарымның кезінде бір-ақ барғаным дұрыс шығар.

Біз студент болып жүрген кезде байланыс түрлері аз еді. Қателеспесем, Activ пен Beeline ғана болды-ау деймін. Қазір, міне, Neo, Pathword дегендер шықты. Бұрын қалада ғана байланыс болса, қазір ауылдарда да бар. Сол үшін күннен күнге ұялы телефон саудасы қызып келе жатыр.

Сонымен бірге, телефон ұрлайтын бұзақылардың табысы көбейген сияқты. Гоп-стоп деген пайда болды. Түнде жүрген адамдарды тонап, телефонын ұрлап, сатады. Әрине, өздері сатпайды. Оны ұйымдастыратын адамдар бар. Ертең олар маған да келіп ұсыныс жасауы мүмкін. Бірақ оны алуға болмайды. Алсаң, артынан иесі келіп телефонын танып қойса, шу шығаруы мүмкін. Бұны Антонға ескертуім керек екен деп ойладым.

Қалада базардың маңында телефон сататын жерлер көп екен. Базар Некрасов көшесінің бойында. Менің бутигім келесі үлкен көше – Бейбітшілікте. Яғни Некрасов пен Бейбітшілік параллель жатыр. Базар арзандау, сауда үйі қымбаттау. Демек мен тұрған жерге жағдайы бар адамдар келеді... Бұл туралы да ойлану керек.

Осылай ойланып жүріп, дүкендердің біразын қарап шықтым. Содан соң сағат алты жарым болғанын күтуге шыдамай, алтыға он минут қалғанда бутикке кіріп бардым.

Антон қолын қусырып, орындықта отыр екен. Біраз зеріккен секілді. Мен жаққа бірден қараған жоқ. Жақындап келе жатып витринаға қарап үлгердім. Бір де бір телефон жоқ екен. Тіпті өзім сатып алған Motorola да көрінбейді.

Тура витринаның жанына барғанда Антон мені көріп, атып тұрды.

– Қал қалай? – дедім жымиып.

– Жақсы, – деді ол да. Мен сияқты жымиып күлген жоқ, бірақ жылы жауап берді.

– Motorola-ны саттың ба?

– Иә.

– Қаншаға кетті?

– 9000.

– Тамаша. Тамаша ғой?! Бірнәрсе жедің бе?

– Жоқ.

– Қап. Шаршаған екенсің.

– Жоқ, шаршаған жоқпын.

– Құрал-саймандарды қарап көрдің бе?

– Иә, қарап шықтым.

– Онда ертең істемейтін біраз телефон алып келейін. Соларды жөндеп көр. Бүгін хабарландыру бердім. Енді осы жерде отырып жауап беретін бір телефон қоюым керек. Әзірге менің нөміріме хабарласа береді ғой.

Антон басын изеді. Мен көңілденіп кілттелетін суырманы аштым. Бұл – біздің кассамыз. Ішінде 13 000 теңге жатыр. Таңертең кеткенде 4 000 болған. Сонда бұл сауда Motorola-ны сатып алған 6000 теңгемді жапты және 2000 теңге пайда түсірді деген сөз. Бірінші күнге жаман емес. Бірақ күніне 2000 теңге деген, әрине, аз.

– Антон, – дедім содан соң ақшаны қалтама салып жатып. – Сен түскі асты үйден пісіріп әкеліп отырғаның дұрыс шығар? Өзің бойдақсың ғой, иә?

– Иә.

– Онда мамаң пісіріп беріп отырса?

Антон үндемей қалды. Мен бірнәрсені бүлдіргенімді сездім. Қалай сезгенімді білмеймін, әйтеуір денем дір еткендей болды.

– Қазір әлі бір сағат уақытымыз бар екен, – деп аяқ астынан әңгімені басқа жаққа бұрдым. – Бүгін қандай адамдар келді, не сұрады соны айтып берші маған.

– Көп адам келген жоқ. Келгендер қандай телефон жөндейсіңдер, бағасы қанша деп сұрады.

– Сен не дедің?

– Бірінші телефонды алып келіңіз дедім.

– Дұрыс. Алдымен қарап көр, содан соң жөндеуі қиын ба, жеңіл ме соған қара. Жеңіл болса арзандау айта бер. Ал қиын болса, одан соң бөлшектерін ауыстыру керек болса, онда бағасын кейін айтамыз де. Өйткені ол бөлшектерді іздеу керек қой...

– Оны қайдан іздейміз?

– Алаңдама, ол жағын өзім бірдеңе қыламын.

Күндіз қараған дүкендерімді еске алдым. Олар да жөндеумен айналысады. Демек, бұзылған, ішіндегі кей бөлшектері алынған телефон оларда бар. Солардан сұрап көруге болады. Одан соң...

– Одан кейін істемейтін телефон әкелсе, өте арзан бағаға аламыз де. Солардың бөлшектерін кейін басқа телефонға саламыз. Бірақ сирек кездесетін телефондарды алмауға тырыс.

– Жарайды.

– Айтпақшы, бір адам қайта-қайта телефон әкеле берсе, алмай қой. Өйткені, ұрланған телефондарды әкелуі мүмкін. Кейін басымызға бәле болады.

– Жарайды.

– Бәрінен бұрын Motorola-ны сатқаның күшті болды. Оны кім алды өзі?

– Бір қыз келіп алып кетті. Біраз тексеріп қарады. Симкартасын салып сөйлесті. Содан кейін саудаласпастан 9000 теңгеге алып кетті.

– Жақсы, тамаша. Бүгін біраз ішің пысқан шығар, бірақ алда әлі жұмыс көбейеді. Кешкі жетінің қалай болғанын білмей қалатын боласың.

         Антон жымиды. Мен жарайсың дегендей арқасынан қағып қойдым.

***

Мамасы туралы айтқанда Антонның үндемей қалғаны есімнен кетпей қойды. Өзі оқу оқымаған, дұрыс жұмыс істемеген. Осы уақытқа дейін немен айналысты екен? Әлде әке-шешесі жоқ жетім бе екен?

Кешкі ас ішіп отырғанда әке-шешеме Антон туралы айттым. Өзі жақсы бала, бірақ отбасылық жағдайы қиын секілді дедім. Әкем «байқап жүр» дегендей қауіп айтты да қойды. Көп сөйлей қоймайтын кісі. Анам болса жақынырақ сөйлесіп, жағдайын біліп алғаның дұрыс шығар деді.

Мен үндемей ойланып отырдым да, анама:   

– Жеңіл-желпі түскі ас дайындап, ыдысқа салып беріп отырасыз ба? Антон өзі пісіріп әкеле алмайтын сияқты, – дедім.

– Сосын оны қалай апарасың? – деп күлді анам.

– Білмеймін. Түс кезінде соғып, алып кетіп отырсам ше?

– Жарайды, ары-бері жүруге шаршамасаң болды ғой, – деді анам. – Көрші бутиктеріңде тоңазытқыш жоқ па екен, сұрап көр. Болса, таңертең шыққанда апарып қоя саласың. Тіпті микротолқын пеш болуы да мүмкін. Соған жылытып іше береді, – деп ақыл қосты содан соң.

***

Менде қазір 28 000 теңге бар. Таңертең үйден шығардағы ойым осындай болды. Оның 4 000 теңгесін кеше кассаға тастап кеткенмін. Сонда қалтамда 24 000 теңге тұр.

Бүгін күн ысиын деп тұр екен. Маусымның ортасы ғой. Жезқазған осы уақытта құрғай бастады. Ыстық көтерілсе болды, ауа қапырықтанып кетеді.

Үйден ерте шыққан екенмін. Бір қызығы Жезқазғанның базарының өзі сағат 11-ден бастап толық іске кіріседі. Бірен-сараны 10-да ашылады. Ал қазір сағат тоғыздан жиырма кетті. Әлі ерте. Соны ойлап, жаяу шықтым.

Антон үйінен шығып, жұмысқа келе жатқан шығар. Бутиктің шыны есігінің кілті де, кассаның кілті де сонда. Өзі барып ашып, сағат онда отыруы керек. Әйтеуір келмей қалмаса болды. Он жарымға қарай сол жерге барып, бір тексере салайын.

Мен Жезқазғанның тоғызыншы орам деген жерінде тұрамын. Базардан әжептәуір алыс жер. Бірақ қала өзі соншалық үлкен емес, сондықтан алыс деген жерінің өзіне жаяу бара беруге болады.

Бүгін бейсенбі. Адамдар жұмыстарына барып үлгерді. Кешіккендері ғана асыға басып кетіп бара жатыр. Жалпы, Жезқазған тыныш қала. Базардың айналасында болмаса, адам аз.

Жолмен жүрмей, үй-үйдің арасымен төте тарттым. Студент кезімізде талай жүрген жерлер. Өзім оқыған колледждің жанынан да өттім. Сағат онға таяды.

Кеше соғып, телефондарын көріп кеткен бір дүкенге бардым. Дүкен болғанда толық дүкен емес, ол да біздікі секілді бір бутик қана. Бірақ базардың жанындағы дүкеннің ішінде. Және тура кіреберісте, есіктің жанында. Кеше келгенімде жас жігіттер үймелеп, музыка жүктеп жатқан. Бізде ондай қызмет жоқ. Музыка жазу үшін компьютер керек. Мүмкін кейін қосу керек шығар. Мүмкін қоспаған да дұрыс шығар. Оны да ойлану керек.

Дүкенге кіргенімде сатушының орнында бір жас қыз тұр екен. Мектепте оқитын сияқты. Дүкеннің кіреберісінде кондиционер қосылып тұрған соң ба, бұлардың бутигі тұрған жер салқын екен. Сол үшін қыз үстіне спортбешпент жамылып алыпты. Сірә, кешегі жігіт бұл қыздың ағасы болса керек, мына киім соныкі шығар деп ойлап үлгердім.

– Сәлеметсіз бе? – деді қыз маған қарап. Қарасы байыпты екен.

– Сәлеметсің бе... Кеше осы жерде бір жігіт тұр еді...

Мен осы сөзді айтқанша болған жоқ, бутиктің есік жақ бұрышында еңкейіп, шкафтың ішіндегі заттарды жинап отырған жігіт басын көтерді. Мен оны сол кезде бір-ақ байқадым.

– Ассалаумалейкум! – деп даусымды шығара амандастым.

– Уағалейкум.

Танымадым ғой дегендей маған бақылай қарады.

– Мен кеше де келіп кеткенмін. Адам көп болды да, сөйлесе алмадым.

– Иә, не шаруа еді?

– Мен телефон жөндейтін, сатып алып, сататын бутик ашып жатқанмын.

– Қай жерден?

– «Нұрдан».

– Қанша болды ашқаныңа?

– Үш күн.

Ана жігіт күліп жіберді. Сірә, біраздан бері істеп жатқан адам деп қалса керек.

– Атың кім? – деді содан соң.

– Еркін.

– Марғұлан.

Екеуіміз қол алыстық. Байқауымша, менен 7-8 жас үлкен жігіт сияқты.

– Қай мектепте оқыдың? – деп сұрадым.

– Мен Сәтбаев қаласында оқыдым. 4-ші мектеп.

– Ә, онда мен осы жақта 13-ші мектепті бітірдім.

– Нешінші жылғысың?

– 84. Өзің?

– 76.

Бұдан кейін Марғұланнан шаруа жайын сұрай бастадым. Қай жерден бөлшектер алуға болады, қай жерден арзан бағаға жаңа телефондар алуға болады. Ол көмек ретінде керек адамдардың нөмірін берді. Алматыдан тапсырыс бойынша әкелетін жігіттер бар екен.

– Сенде істемейтін телефондар бар ма? – дедім содан соң.

– Дұрыс істемей тұрғандар бар. Біреуінің даусы шықпайды, біреуі заряд алмайды.

– Сатасың ба?

– Ал.

– Қаншаға бересің?

– Ескі телефондар ғой. Мың жарымнан ал.

– Онда екеуін 2500 теңгеге берсеңші?

– Жарайды, ала бер.

Сөйтіп, 2500 теңгеге екі ескі телефон алып, «Нұрға» қарай тарттым. Марғұлан екеуіміз сөйлескенде сөзге араласпай, біз жаққа назарын салмай өз бетімен тұрған қызды есіме алдым. Әлі 9-10 сыныпта оқитын болса керек.

Бутикке кіргенімде сағат он бірге жиырма қалған еді. Антон тура кешегідей орындықта отыр екен. Екеуіміз қол алысып амандастық.

– Жақсы демалдың ба? – деп сұрап қойдым. Ол басын изеді.

Қалтамдағы екі телефонды алып, құрал-саймандар тұрған үстелдің үстіне қойдым.

– Бүгін ішің пыспайды енді. Мына екеуін жөндеп көр. Біреуі заряд алмайды дейді. Біреуінің даусы шықпайды. Өзің тексересің ғой. Екеуінің де зарядчигі бар. Міне.

Антон орындығын үстелге жақындатып қойды да, ыңғайланып отырып, телефондарды қарай бастады. Мен кішкене сыртынан бақылап, үндемей тұрдым. Телефонның екеуін қарап шықты. Батарейкалары бар ма, батырмалары басыла ма, сілкігенде артық дыбыс шықпай ма – соны қарады. Одан соң екеуін де қосып көрді.

– Қазір өзімнің симкартамды салып сөйлесіп көремін ғой, – деді содан соң.

– Иә, желкеңде тұра бермеймін бұлай, қазір кетемін, – деп күлдім. Антон да күлді.

– Айтпақшы, мамам тамақ істеп қоятын болды. Қазір түске қарай әкеліп беремін. Мына жерде тоңазытқыш бар ма, қазір соны админстратордан сұрап білейін. Болса, күнде таңертең түскі ас әкеліп тұрамын.

– Жоқ, әуре болма. Өзім бірнәрсе қыламын ғой.

– Жоқ-жоқ. Солай істейік. Әйтпесе, тамақ ішу үшін сыртқа шығып кете алмайсың ғой. Ертең мына жерде телефон көбейсе, кешке шыққанда да шкафтың ішіне жинап кетіп отыру керек болады. Түскі асқа кеткенде де жинап жатпайсың ғой. Оның үстіне адам келгенде сен болмай қалсаң, ол да дұрыс емес. Сондықтан осылай істейік.

Антон рахмет деп айтқысы келгендей болды. Бірақ үндеген жоқ. Ыңғайсыз жағдай орнап қалды. Мен ал жақсы дегендей қолымды сәл көтердім де, шығып кеттім. Көрші бутикке барып, тоңазытқыш пен микротолқын пештің жайын сұрадым. Сөйтсем осы жердегі дүкеншілердің көбі қолданатын екі тоңазытқыш, екі пеш бар екен. Қуанып кеттім. Админстрацияға барып, менің дүкеншім де енді осы заттарды қолданатын болады деп ескертіп қойдым. Жалпы, бүгін шаруаның бәрі сәтімен оңғарылып жатыр. Енді Антон ана екі телефонды жөндей алса. Жөндеп, витринаға қойып қойса. Айтпақшы, мен ол телефондардың бағасын айтпаппын ғой. Егер жөнделсе біреуін үш мыңнан, біреуін екі жарым мыңнан қою керек шығар. Жарайды, sms жаза салармын. Әзірге мазасын алмайын.

II БӨЛІМ

АЛҒАШҚЫ ТАБЫСТАР

Обалы нешік, Антон телефон жөндеуді де, клиенттермен сөйлесуді де тез игеріп кетті. Бірінші демалысында, яғни, дүйсенбі күні Марғұланның бір танысын шақыртып, оған 5 000 теңге төлеп, телефон жөндеудің қыр-сырын үйрендік. Әрине, мен емес, Антон үйренді. Содан кейін жұмыс тіпті жақсы жүріп кетті. Басында витрина бос болмасын деп өзім телефон әкеліп жүрсем, енді өз бетімен тола бастады. Екі аптада бутикке төлейтін ақша мен Антонның айлығының жартысы шықты. Айналымда жүрген 20 000-нан астам ақша бар. Яғни, тауар құнын қоспағанда, таза қол ақша 47 000 – 48 000 теңгедей ақшам бар. Бұлардың бәрінен бөлек, бірінші аптада қалтама салып жүрген 15 000 теңгенің 6 000 теңгесі бар. Қалғаны күнделікті жүріп-тұруға, оны-мұны шығынға кетіп қалды. Шын айтсам, басындағыдай әрбір 100 теңгені санауды қойып кеттім. Шама келсе, үзбей есептеп отырған дұрыс еді.

Осы екі аптада тағы бірнәрсені түсінгендей болдым. «Нұр» сауда үйінен бутик алған кезде-ақ ол жерге жағдайы жақсы адамдар келетін шығар деп ойлағанмын. Сол ойым дұрыс болып шықты. Бізге жөндеуге берген, бізге сатқан, бізден сатып алғысы келіп сұраған маркалардың бәрі қымбат немесе орта бағадағы телефондар. Бірақ бұл ерекшелік жақсы ма, жаман ба, әзірге түсіне алар емеспін. Тек қымбат телефондарды жөндейтін және сататын бутик болып қалсақ, пайда аз бола ма, көп бола ма? Арзан-қымбатты араластырып сататын базардағы бутиктер бізден гөрі көп табатын шығар. Қанша дегенмен тауары көп қой. Мен де арзан телефондарды басқа жақтан әкеліп қойып қойсам не болады? Өтпей, текке тұрып қала ма? Онда оған салған ақша да текке тұрып қалады деген сөз. Не істеу керек?

Мені ойландырған тағы бірнәрсе бар. Ол – Антонға қатысты.

Антон көп сөйлей қоймайды. Тұйықтау жігіт. Бірақ біртүрлі жаным ашитын сияқты ма, әйтеуір соған алаңдап тұрамын. Кіммен тұрады, қандай жағдайда тұрады, әке-шешесі бар ма? Әлі сұраған жоқпын. Мамам істеп берген тамақты күнде таңертең әкеліп беріп жүрмін. Антонға мамамның тамағы ұнады. Күнде кешке ыдысымды қайтарған сайын рахметін айтады.

Әскерге кеткенше жақын араласып тұратын группалас, сыныптас достарым бар еді. Әскерден келгелі оларды бір-ақ рет көрдім. Келгенімде пойыздан күтіп алды, үйге бірге бардық. Сол күні түннің біруағына дейін бірге отырдық. Одан кейін мен шаруа-шаруа деп кеттім де, хабар үзіліп қалды. Бір нәтиже шығарғанша, басқасының бәрін қоя тұруым керек деп шешкен едім. Тіпті бір-екі рет шақырған жерлеріне бармай қалдым. Жігіттер ренжіп жүрген шығар. Бірақ жағдайды түсіндіріп айтқанмын. Сонда да кейінгі кезде қуыстанып жүрмін. Әсіресе, Қанағаттан ұят. Бұрын демалыс сайын балыққа барып тұрушы едік. Басқа жігіттер кейде қосылады, кейде қосылмайды. Кейде ешкім шықпай қалады да екеуіміз ғана көлге кетіп бара жататын едік. Енді сол дәстүрді қайта жаңғыртқым келді. Телефонды алып, Қанағаттың нөмірін тердім.

– Ало.

– Ало, Қанағат, ассалаумалейкум.

– Уағалейкумассалам. Сен де звондайды екенсің ғой.

– Иә, саған звондамағанда кімге звондаймын енді?!

– Қалай, шаруаларың реттеліп жатыр ма?

– Шүкір. Өзіңде не жаңалық?

– Бірқалыпты сол.

– Балыққа барып жүрсің бе?

– Бірге баратын адам болса ғана барамын.

– Онда осы дүйсенбі таңертең барсақ қайтеді?

– Дүйсенбі жұмыс қой маған.

– Онда жексенбі кешке кетіп, дүйсенбі таңертең қайтып келейік. Бірден жұмысыңа кетесің.

– Одан да ертең кешке кетейік те? Ертең сенбі ғой.

– Маған жұмыс қой.

– Орысың бар емес пе?

– Оны қайдан білесің? Бутикке келдің бе?

– Иә, бір-екі рет соққанмын.

– Антон деген жігіт ол. Жақсы бала. Соны да ала кетейін деп едім балық аулауға. Ол дүйсенбі демалады.

– Ә-ә-ә... Антонға жаның ашиды да, маған жаның ашымай ма?

Қанағат осы сөзді айтқанда екеуіміз де күліп жібердік.

– Жарайды, онда ертең шықсақ, ертең шығайық. Жексенбі Антонға демалыс беріп, бутикте өзім отырып көрейін, – дедім мен Қанағаттың ұсынысын қабыл алып.

– Жарайды, келістік онда.

***

Ертесі күн қатты ыстық болды. Жезқазғанның ыстығы басқа жақтың ыстығына ұқсамайды. Бұл жақта күн ысыса темір пештің табы сезілгендей болады. Яғни, күннің ыстығы төбеден күйдірсе, жерден тағы бір ыстық көтеріліп, адамды қақтап жібереді. Бой-бой болып терлейсің, ауа жетпей аузың бақадай ашылады.

 Бұл күні сауда да болған жоқ. Адамдар терезелерін газетпен жауып тастап, үйлерінен шықпай жатыр.

Кеше Антонға да қоңырау шалып, балыққа баратынымызды ескерттім. Әдейі барғым келмейді демесін деп, сенімді түрде барамыз дедім. Бұрын балыққа барып көрмеген екен. Егер барғың келе ме деп сұрасам, қашқақтауы да мүмкін еді. Мен шегелеп айтқан соң, бүгін ауыстыратын жеңіл киімдерін де алып келіпті.

Өзім де қармақтарды, ілгекке салатын жемді, киімдерімді – бәрін кеше дайындап қойғанмын. Мамам түнде жейтін тамақ пен сусынды да кешке дейін әзірлеп қоюы тиіс.

Мен арақ, сыра дегенді ішпеймін. Әскерге кетерден бір жыл бұрын бәрінен үзілді-кесілді бас тартқанмын. Ал Қанағат бұрыннан татып алмайды. Антон балыққа барамыз дегенде ішеміз деп ойлаған болуы да мүмкін. Өйткені көп адамның ойында балық аулау деген арақ ішіп қайту дегенді білдіреді. Арақ ішпей балық аулауға да болатынын Антон осы жолы бір көрсін.

Кешкі жетіде бутикті жаптық та, біздің үйге соғып, заттарымызды алып шықтық. Содан соң келісім бойынша Қанағаттың үйіне беттедік. Қаланың шағындығы ғой, осының бәріне 40 минут кетті.

Қанағат та сайланып, дайын отыр екен. Үшеуіміз қаланың солтүстік батыс жағын бетке алып, тартып кеттік. Күн батқанша әлі бір жарым сағат бар. Ыстық әлі қайтар емес. Қапырық.

Қаланың сырт жағындағы көлді айналып, қарсы бетіне бардық. Жеткенше көбіне Қанағат екеуіміз әңгімелесіп бардық. Антон жарты қадам кейін қалып, бізге ілесіп отырды.

Қағанат екеуіміз мектепті бірге оқығанбыз. Ол сабақты жақсы оқыды, тәртіпті болды, мен сабақты да дұрыс оқымадым, тәртібім де сонашалық жақсы болмады. Мұғалімдерді ренжіткен кезім болған жоқ, бірақ әртүрлі жағдайларға тап болып, мектептің атына біраз кір келтіріппін. Осының бәріне қарамастан, бір қарағанда екеуіміз екі түрлі болсақ та, Қанағат екеуіміз жақын дос болдық. Ол мектепті бітіріп Алматыға оқуға кеткенде де арамыз үзілген жоқ. Мен не оқу жоқ, не жұмыс жоқ – сандалып жүрген кезімде Алматыға өзімше қонақ болып баратын едім. Сонда Қанағат жақсы күтіп алатын. Ал ол Жезқазғанға каникулға келген күні қашан да мереке болушы еді. Бір аптаға келсе де біздің үйден бір тамақ ішпей кетпейтін. Сөйткен досым қазір қалалық газетте тілші болып жүр. Үйленген. Әзірге сәбилі болған жоқ, бірақ бұйырса әлі-ақ болады ғой деп ойлаймын.

Сәтін салса, бүгін таңға дейін үш шаруаны реттеп қайтпақпын: бірінші балық аулау; екінші Қанағат досыммен әңгімелесіп, сағынышымды басу, бір жағы оның көңілін аулап, арамызды жақындатып қою; үшінші Антонмен жақынырақ әңгімелесу.

***

Түнде балық онша қаппай қойды. Тек Антонның қармағына ғана екі ақбалық түсті. Қанағат екеуімізге майшабақтар ғана ілінді. Оларды бәрібір жеп жарытпаймыз деп, жібере салдық. Қарнымыз ашып, шаршаған соң, сағат он екінің кезінде үйден алып шыққан нан, жуа, туралған ет сияқты оны-мұны азықтарымызды алып шығып, дастарқан жайдық. От жақпай-ақ қояйық деп шештік. Балық көбірек түскенде отқа қақтап жеуге болар еді. Екі балыққа бола от жағып әуре болғымыз келмеді.

– Қалай, Антон, бастығың саған көп ұрыспай ма? – деп Қанағат қалжыңдап Антонға қарады. Антон жымиып күлді де қойды.

– Антон шаруаны жақсы істейді, – деп қойдым мен. – Біз Қанағат екеуіміз мектептен бері доспыз, – деп одан кейін Қанағатты Антонға таныстыруға көштім. – Әскерден келгелі алдымен ақша жинадым, одан осы бутикті аштым, Қақаңа хабарласпай кетіп едім. Енді, міне, шаруа кішкене ыңғайланған соң, балыққа шақырғаным ғой. Бір жағы сені де шақырайын дедім. Жақынырақ танысайық деп.

Антон әдетінше үндемей мақұлдап отырды. Мен сөзімді әрі жалғадым:

– Менің әңгімем – осы. Бұрынғы өмірімді Қанағат жақсы біледі. Қатырып ештеңе істеген жоқпын. Әскерге кеткенше салпақтап жүрдім де қойдым. Енді өз-өзімді асырап, одан соң әке-шешеме де кішкене болса да көмек көрсетіп, бәлен жылдан бері құтыла алмай келе жатқан қарыздары мен несиелерін жапсам деп ойлаймын. Со-о-л, жігіттер. Қанағат – журналист. Мен туралы кейін жазатын осы Қанағат болады.

Қанағат пен Антон сөзіме күліп алды.

– Өзің бойдақ екеніңді білемін, – дедім Антонға қарап. – Кіммен тұрасың?

Антон сұрақ қояды деп ойламаған адамдай маған жалт қарап, үнсіз қалды да, аздан соң жауап берді:

– Ағаммен тұрамын.

Біз әке-шешең қайда деп сұраудың ретін таппай қалдық. Соны өзі түсінді-ау деймін, Антон сөзін әрі жалғады:

– Шешем екі жыл бұрын қайтыс болған. Ал Әкем биыл көктемде қайтыс болды.

– Біз енді оны білмей қалдық қой... – дедім. Қанағат екеуіміз ыңғайсыз жағдайға түскен едік.

– Ештеңе етпейді, – деді Антон термостан құйылған жылы шайды бір ұрттап.

– Ағаң үйленген бе?

– Жоқ. Жаманайбат деген шахтада істейді. 15 күн сонда, 15 күн үйде.

Енді үнсіздік орнады. Әңгімені басқа жаққа аудару керек болды. Мен сөз таба алмай отырмын. Бір кезде Қанағат шалқасынан түсіп жатты да:

– Екеуімізге бір дұрыс балық түспей қойғанын қарашы, ә? – деді.

– Қайта Антонға екі ақбалық түсті, – дедім мен.

– Антонның жолы жеңіл екен. Өзің бірінші рет келіп тұрсың ба? – деп Қанағат басын көтеріп Антонға қарады.

– Иә, – деді Антон да тақырып өзгергенге қуанғандай болып.

– Мықты.

– Қазір қармақты тағы бір салып көрейін. Ай енді шықты ғой. Балықтар жарыққа келетін шығар. Одан кейін бір-екі сағат мызғып алып, күн шығардың алдында тағы салайық, – дедім мен шаруаға шын көшіп.

Қанағат сөйтейік дегендей басын изеді. Антон үнсіз келісті.                 

***

Жатар алдында да онша балық түскен жоқ. Антон тағы бір ақбалық ұстады. Бірінші рет балыққа шыққан адамның осынша олжаға кенелгенін алғаш рет көруім.

Сағат бір жарымның кезінде сөмкелерімізді жастанып, жағамызды көтеріп, балағымызды шұлыққа тығып, қолымызды қусырып жата кеттік. Сағат үш жарымға дейін демалып алмақпыз. Антон шаршаған екен, бірден ұйқыға кетті. Қанағат екеуіміз сөйлесіп, біраз ояу жаттық.

– Үйленетін ой жоқ па? – деп бастады ол әңгімені.

– Әзір емес-ау.

– Қыз жоқ па?

– Жоқ қой.

– Ойда жүрген де ешкім жоқ па?

– Қалай айтсам екен... Айтсам, күлесің ғой қазір, – деп сөзімнің соңын жұттым.

Мен бұл әңгімемді Қанағатқа айпасам, басқа ешкімге айта алмайтынымды білемін. Сондықтан іште сақтай бермей айтқаным дұрыс сияқты. Оның үстіне Қанағат енді айтқызбай қоймайды.

– Неге? Мен танитын біреу ме? – деп сұрады ол.

– Жоқ, танымайсың.

– Енді?

– Жасы кіші.

– Нешеде сонда?

– Білмеймін. Мектепте оқиды, әйтеуір.

– Кім ол?

– Бір жігіттің қарындасы.

– Ал керек болса. Қай жігіт?

– Оны да танымайсың.

– Айтсаңшы енді, әлдеқандай болмай.

– Марғұлан деген жігіт. Базарда телефон сататын бутигі бар. Қарындасы кейде демалыс күндері сол жерде тұрады. Әйтеуір оқушы екенін білемін. Шамасы тоғыз-он оқитын шығар.

– Кәмелетке де толмаған ғой?

– Солай шығар.

– Таныстың ба енді?