21 Желтоқсан, 2011

Адаспа, қазақ баласы

415 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерей­то­йын еліміз үлкен серпіліспен, жоғары қарқынмен қарсы алды. Биіктерге жетелеп, абыройымызды аспандатқан «20 жұлдызды күн» акциясы аясында тәр­бие­лік маңызы зор қызықты іс-шаралар өтті. Қазақ елінің беделін көтеріп, ай­бы­нын асырған үлкен шара 16 жел­тоқсан күні Астанада мәресіне жетті. Елбасы Н.Назарбаев «Мәңгілік ел» жасампаз­дық қақпа­сын ашты. «Салтанат қақпа­сы­ның» ашылу мерекесіне жиылған үлкен-кіші «Қазақ елінің тәуелсіздігі мәңгілік болсын», – деп тарасты. Еркін елдің ерікті ұл-қызы ұлттық мерекені шалқыған ша­быт­пен, мерейлі қуанышпен мерекелеп жатқан Қазақ еліне күтпеген жерден көңілге кірбің түсірген тосын оқиға келді. Теледидардан Жаңаөзен оқиғасын көргенде есіме «Қыз Жібек» фильміндегі ту сыртынан садақтың оғы тиіп өліп бара жатқан Төлегеннің: «Қа­зағым-ау, өмірден алатын еншің осы ма еді?», – деген бір ауыз сөзі түсті. Расында өзінің ұлттық мерекесінде елі­ңе тас лақ­тыратындай не күйге түстің? Ұлттық санаң мен на­мы­сың қайда? Өзге емес «біріңді қазақ, бірің қырғаннан» қай тө­бе­ге шықтың? Дүйім әлемге масқара болғаннан басқа не ұттың? Мемлекеттің мүдесі жеке бастың мүдесінен әркезде биік тұруы керек емес пе? Біраз орын алған әлеуметтік қиын­дықты көтере алмай ұлттық мерекеңде көпке топырақ шашып, айрандай ұйып тұрған ел бірлігін бұзғаннан ер атанбайсың. Тәуел­сіздікке жету жолында қазақ баласы небір қиындықтарды, нәубеттерді басы­нан өткерді. Күндей күркіреп өткен кешегі екінші дүниежүзілік соғыста ер-азаматын майданға аттан­дыр­ған тылдағы ата­лары­мыз мен аналарымыз тұрмыстың тауқы­метін көтере білді ғой. Қазіргі бейбіт заманда елдің шырқын бұзғанымыз жарамас. Басқалар екі санын шапалақтап, ала­қан­дарын ысқылап, өңеш­те­рі жеткенше айғайлап қуаныштан мәз болып, Жаңаөзен оқи­ға­сын жабыла жазып, күндіз-түні хабарлап беріп жатыр. Оларға керегі де осы, Қазақ елінің тұрақсыздығы. Ел ішіне ірткі салып, халықтың тыныштығын алғандар қазаққа жаны ашы­ғандар емес. Әлеуметтік мәселе мен ел қауіпсіздігіне қатер төн­діретін содырлардың ара-жігін білуіміз керек. Олардың арбауына көніп, айдағанына жүрмей, қарсы тұра білейік. Сын сағатта ел бірлігі керек. Көк туымыз желбіреп, ел мәртебесі қашанда биік болсын. Сондықтан ойланайық, ағайын! Аңсап жеткен Тәуел­сіздігіміздің іргесін өзіміз шайқамай, бірге болайық. Егемендікті көзіміздің қарашығындай сақтап, қорған бола білейік! Бұл әр қазақтың қасиетті парызы. Ербол ІРГЕБАЙ, Әлкей Марғұлан атындағы № 40 орта  мектептің директоры. Астана.