Футбол • 03 Тамыз, 2018

«Қайрат» Еуропа лигасының үшінші кезеңіне шықты

126 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

УЕФА Еуропа лигасында сынға түсіп жатқан Алматының «Қайрат» командасы аталған турнирдің екінші іріктеу кезеңнің сырт алаңда өткен қарымта кездесуде «АЗ Алкмаар» командасымен кездесіп, 1:2 есебімен жеңіліп қалды. Дегенмен, екі ойын қорытындысы бойынша «Қайрат» келесі кезеңге өтті.

«Қайрат» Еуропа лигасының үшінші кезеңіне шықты

Сырт алаңдағы матч ә дегеннен-ақ алма-кезек шабуылмен басталды. Онысы түсінікті еді. Егер алаң иелері жылдам гол соғатын болса, келесі кезеңге өту мүмкіндіктері жоғарылайды. Өйткені «АЗ Алкмаар» Алматыда гол соққан жоқ. Ал «Қайрат» гол соғатын болса, онда біздің команда келесі кезеңге жолдама алады.

Дегенмен, ойындағы алғашқы голды отандастарымыз соқты. Бірінші таймның 28-минутында қарсылас команданың қақпашысы «Қайрат» шабуылшысы Адерсинсола Эсеоланы өз айып алаңында құлатып, төреші 11 метрлік айып добын белгіледі. Ал команда капитаны Бауыржан Исламхан бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланып, командасын алға шығарды. Бірінші тайм бітуге 3 минут қалғанда алаң иелері есепті теңестіріп кетті. Есеп – 1:1.

Ал екінші таймның соңында «АЗ Алкмаар» гол соғып, есепті 2:1-ге жеткізгенімен, келесі кезеңге өте алмады. Өйткені, Алматыдағы алғашқы ойын 2:0 есебімен «Қайраттың» пайдасына шешілген еді. Екі ойын қорытындысы бойынша 2:3 нәтижесімен «Қайрат» үшінші кезеңге шықты. Енді Алматының командасы Еуропа лигасының үшінші іріктеу кезеңінде Чехияның «Сигма» командасымен кездеседі.