Қазақстан • 03 Тамыз, 2018

Петропавлда мүмкіндігі шектеулі жандар үшін автомектеп ашылады

406 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс орталығында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған автомектептің жүмыс істейтін ауылы алыс емес. 

Петропавлда мүмкіндігі шектеулі жандар үшін автомектеп ашылады

Өңірде кембағал жандар арасында «темір тұлпар» тізгіндегісі келетіндер қарасы көп болғанымен, арнайы жабдықталған көлік  болмағандықтан жүргізушілік куәлікке қол жеткізе алмай келеді. Өзі қатарлас құрбы-құрдастарының арман-мақсатын жүзеге асыруға құлшына кіріскен Сәлімхан Сәбитов жуырда жарым жандарға арналған автомектептің жобасын Алматы қаласында сәтті қорғап келді.

«Мұндай жоба елімізде алғаш рет іске қосылғалы отыр. Тың идея жан-жақты сүзгіден өтіп, «Равная дорога» деп аталатын жоба қолданысқа енгізіледі. Біз  мүгедек  адамдардың өмірге толыққанды араласулары үшін барлық мүмкіндіктерді тудыруға ұмтыламыз», дейді  «Қоғамдық келісім» КММ-нің жетекші сарапшысы Сәлімхан Сәбитов.

Тың бағдарлама «Металл групп» компаниясы тарапынан қолдау тауып, 2 миллион теңге бөлініпті. Бұл қаражатқа «Лада гранта» автокөлігі сатып алынып,  Ресейдің Челябі қаласында  мүгедек адамдарға ыңғайланып өзгертілмек. «Темір тұлпарды» жүргізудің қыр-сырын арнайы автомектепте меңгергеннен кейін өздері де емін-еркін тізгіндейтін болады.

Дәрігерлердің қорытындысы бойынша жүргізуші куәлігін алуға рұқсат етілсе, ынта-тілек білдірген ғаріп жандар қысқа мерзімді курстарға жазылуларына болады. Автомектеп ұйымдастырушылар оларды жұмысқа орналастыру, қосымша табыс табу жолдарын да ойластырып отыр.

"Алтын Қыран" серіктестігі де 4 милллион теңге мөлшерінде қаржылық қолдау көрсетуге әзір. Бұл қаржыға тағы бір «темір тұлпар» сатып алынбақ. Оқу бағасы 15 мың теңгені құрайды.

«АРДОС-Жүрек» мүгедектер бірлестігінің жетекшісі Ақжан Кәрімнің сөзіне қарағанда "Империал" таксопаркімен келісім-шарт жасалып, жұмысқа орналастыру мүмкіндігі қарастырылған. Болашақта  техникалық қызмет көрсету станциясын да құрылмақ. Сөйтіп  көліктерді көрші елге апармай-ақ кембағал жандар үшін жабдықтап береді.

Бүгінде облыс орталығында 8 мыңнан  астамы тірек қимыл жүйесі бұзылған  мүгедек адамдар тұрады.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Петропавл