Кино • 06 Тамыз, 2018

Көркем фильмге жетелейтін төте жол

49 реткөрсетілді

Кинематографиядағы аса күрделі жанрлардың бірінен саналатын қысқаметрлі фильмдер «Қазақфильм» киностудиясының қорында көп болмаса да, жиырма жыл бұрынғы уақытпен салыстырғанда бүгінгі өндіріс көш ілгері өркендегенін көрсетіп отыр. Кеңестік кезеңде көрермен ертелі-кеш «Көлеңкесін қуған шал» деген жалғыз телефильмді көруге мәжбүр болатын, ал қазір «Қазақфильм» жылына екі-үш фильм дайындай алатын мүмкіндікке ие. Биылғы жыл бұған дейінгі межені тіпті көтеріп тастады, мемлекеттің ең басты киностудиясынан бес бірдей қысқа метрлі фильм жарық көрді. Осыған байланысты Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның «Дебют» шығармашылық бірлестігі Алматы қаласының «Арман» кинотеатрында 2017 жылы түсірілген қысқаметрлі фильмдердің арнайы көрсетілімін ұйымдастырып, тұсауын кесті. 

Жалпы, қысқаметрлі фильм дегеніміз – бұл жас режис­­серлерге өз күшін сынап бай­қауға берілген таптырмас мүмкіндік. Көркем фильм түсіруге апаратын төте жол. Екі сағаттық көр­кем фильмнің ең бас­ты ерекшелігі – бір ғана ой­ды, бір соны идеяны жарты сағатқа жетер-жетпес уақыт ішінде баяндай отырып, көрермен көңілінде сұрақ қалдыру, бәлкім, жауабы да режиссер тәпсірінің түбінде жасырынып жатады. Көрер­мен көңілі жүйрік болса, бұл тереңнің түбіндегі жауаптың шындығын бірден таниды және сол шындықтың қуаты қысқа метрлі фильмге деген құрметті сөзсіз оятады.

Бұл күні көрермендер режиссер Берік Жаха­новтың «Асан», Жандос Еспенбетовтің «Шыр­ғалаң» («Жұт»), Ален Рахметалиевтің «Соңғы мұғалім», Арман Баймұратовтың «Өзгеріс», Венера Қайыржанованың «Тығылмақ» картиналарын бір мезгілде, бір тыныс­пен отырып тамашалады. Бес фильм – бір-бірімен қабыспайтын бес түрлі тақырыпты қозғайды, бір-біріне ұқсамайтын бес түрлі режиссерлік қолтаңбаны көрсетеді.

«Мынау жақсы», «бұл орташа» деп бөліп-жаруға келмейтін өзара деңгейлес фильмдердің айтар ойы салмақты. Бірақ бесеуіне де ортақ ұқсастық – көрсетілім соңында көңілде ауыр мұң қалдырады. Жас режиссерлердің тырнақалды фильмдерінің діттегені де сол болар, бүгінгі қоғамның еңсе басатын ең ащы шындығын басы артық кейіпкерсіз, керексіз диалог-монологсыз, жанама сюжетсіз түсінікті және өте дәл көрсете алуы қарымды жас буынның қалыптасып келе жатқанынан хабар бергендей.

Мысалы, ата-анасы бала кезінде ажырасып кеткен, әкесін талай жылдар көрмеген, енді оның қазасына келе жатқан бозбаланың жан толқынысын бейнелеу­ге арналған «Асан» фильмін алайық. Көлікте келе жатып: «Балам, барған соң елдің бәрі саған қарайды. Қаттырақ жыла», дейді анасы. «Не деп жылаймын?», дейді Асан. Фильм сюжетін көтеріп тұрған темірқазық ой – осы сөз.

Шынында да, әке туралы шала-шарпы ғана ойы бар, «әке» ұғымы қалыптасып үлгермеген, еміс-еміс елеспен есіне әрең түсе­тін әкесін Асан не деп, қалай жоқтамақ? Халықаралық Канн кинофестивалінің Short Film Corner бағдарламасы ая­сында көрсетілген «Асан» енді қыр­күйекте өте­­тін халықаралық Қазан кинофестивалінің кон­курс­­тық бағдарламасына еніп отыр.

Сондай-ақ «Тығылмақ» фильмінің де көтерер жүгі ауыр. Қараусыз, айдалада өзі­мен-өзі тіршілік кешіп жат­қан шағын қалашықтағы бір отбасының басындағы қасіреттің кішкентай қыздың жүрегінен қалай өтетінін көріп, тіксінбеу мүмкін емес. Әкесінің жұмыссыздығы аз болғандай, енді ол мас­күнемге айналған. Қарыз сұрап, отбасын асырайтын анасымен көршілердің араласқысы жоқ.

Осы себепті көрші үйдегі құр­быларының ешқайсысы мұнымен ойнағысы келмейді. Тұлымшағы желбіреп, желмен жарысып жүгіргеннен рахат табатын кішкентай қыз отбасысы ұрыс-керістен көз ашпайтын мұң­дас құрбысымен тығылмақ ойнағанды жақсы көреді. Өйткені бетін басып, көзін жұмса болды, маскүнем әкесін көрмейтін, ащы айғайымен құлақ тұндыратын анасын естімейтін оның өз ерекше әлемі пайда болады. Ол әлемде ешкім ешкімнің жанын ауыртпайды, жанына жара салмайды, жан-жағы тыныш, баршасы бақытты...

 – «Дебют» шығармашылық-өндірістік бір­лестігі жыл сайын отандық кинематографты бірқатар жаңа есімдермен толықтырып отырады. Біздің бірлестікте түсірілген қысқаметрлі фильм­дер халықаралық кинофестивальдарда лайық­ты бағасын алып, марапаттарға қол жеткізіп жа­­тыр. «Тығылмақ» фильмі жа­қында өткен «Еуразия» және «Ертіс синема» кинофестивальда­рында бақ сынады. Петербург қаласында өткен кинобайқаудан арнайы жүлдемен оралды,– дейді бірлестік жетекшісі Анар Қашағанова.

Айта кетейік, «Қазақфильм» киностудиясы биыл да сценарийлер байқауын жариялаған болатын. Байқауға 80-нен астам жұмыс түсіп, оның 10-ын іріктеу комиссиясы таңдап алған.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар