![Әл-ауқат қорының әлеуеті артты](/article_photo/1533525387_article_b.jpeg)
Баспасөз жиынында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-тың 2018 жылдың бірінші жартыжылдығындағы қорытынды нәтижелері жарияланды. Мәлім болғандай, «Самұрық-Қазына» қорында барлық негізгі қаржылық көрсеткіштер бойынша өсім тіркелген. «Самұрық-Қазына» АҚ Экономика және қаржы жөніндегі тең басқарушы директоры Е.Жанәділдің мәлімдеуінше, оған бірнеше фактор арқасында қол жеткізілген. Мысалы, аталған кезеңде мұнай өңдеу көлемі 13 процентке, электр энергиясының өндірісі 28 процентке, темір жол жүк тасымалының көлемі 9 процентке артты, сонымен қатар көмірсутектер бағасы көтерілді.
Қор мен оның жетекші портфельдік компанияларының қаржылық тұрақтылығын нығайту бағытындағы жұмыс нәтижелері де сөз болды. Айталық, 2018 жылдың І жарты жылдығында қор сыртқы қарыз көлемін 900 млн долларға азайтты, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-тың
1,6 млрд доллар халықаралық облигациялары өтелген, «Самұрық-Энерго» АҚ 39 млрд теңгеге жуық қарызын мерзімінен бұрын төлеген. Е.Жанәділ сонымен қатар қор бұған дейін «Қазкоммерцбанкте» жатқан көлемі 117 млрд теңгені құрайтын бұғатталған депозиттегі қаржысын мерзімінен бұрын алғанын, сондай-ақ кезекті екінші деңгейлі банкпен 220 млрд теңге көлеміндегі депозитті қайтару туралы келісімге қол қойылғанын атап өтті.
«Босатылған қаражат нарықтағы көрсеткіштерден төмен мөлшермен «Самұрық-Қазына» қорының портфельдік компанияларына қарызға беріледі. Атап айтқанда, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ – 75 млрд теңге, «Қазақтелеком» АҚ – 75 млрд теңге және «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – 200 млн доллар алады. Орташа мерзімде бұл шара 50 млрд теңге көлемінде қорға оң нәтижесін береді», деді Е. Жанәділ.
Сонымен қатар баспасөз мәслихатында «Самұрық-Қазына» АҚ Стратегиялық даму жөніндегі басқарушы директоры Балжит Гревал бірінші жартыжылдықта аталған нәтижелерге жаңа даму стратегиясының аясында қорда жүзеге асырылған құрылымдық өзгерістердің арқасында қол жеткізілгенін атап өтті. Нақтырақ айтқанда, холдингтің еншілес компанияларының саны 359-дан 312-ге дейін қысқартылған. Құны 28,5 млрд теңге болатын 15 актив сатылған. Бұл бағытта «Самұрық-Қазына» қоры тағы 51 активті сатып, 102 стратегиялық маңызы жоқ активтен шығуды жоспарлауда. Аталған жұмыс жекешелендіру бағдарламасы аясында жүзеге асырылмақ.
Сонымен қатар Б. Гревал жаңа стратегия аясында құру жоспарланған келешек буын қорының тұжырымдамасын түсіндіріп өтті. Оның айтуынша, егер бұған дейін қордың мандаты тек әл-ауқатты жасау болса, жаңа стратегия аясында ол қос рөл атқарады. «Бұл – келер ұрпақ үшін Қазақстанның әл-ауқатын нығайту және сақтау. Біз теңгерімді әртараптандырамыз, одан кейін Қазақстанға қаржы ресурстарының ағынын қамтамасыз етеміз. Бұдан өзге, компанияның акционерлеріне төленетін дивидендтер көлемін ұлғайтуды, келер ұрпақтың әл-ауқатын сақтауды көздейміз. Келер ұрпақ қорының бұл мандаты басқа да әлемдік ұлттық әл-ауқат қорларының мандаттарына ұқсас», деді Б. Гревал.
Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»