Қолынан келгендер Қазақ елінен асып, шетте той өткізіп, шақырылған игі жақсылар шабылып барып, ағылып келіп жатады. Ондайды естігенде екі ауылдың арасына жете алмай жүрген елдегі жұрт еске түсіп, өзгеге қалдырған қыруар қаржы, әттең-ай, соларға бұйырса, қиналған жаны сыйланар еді дейсің кейде.
Әрине қаржысы бар қайдан құлақ шығарса да ерік өзінде. Дегенмен сол қаржы бабалардан қалған атамекеннің асты-үстіндегі қазынаның қайырымы екені анық. «Қазақстан – қазыналы ел, жер астындағы байлық – бір біздің ғана емес, бүкіл келер ұрпақтардың несібесі» деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, тәңірім ұлтымыздың ниетіне, алалығы жоқ адал тілеуіне қарай қазынаны да үйіп-төгіп берген. Тек бағасын біліп, ұлттың бағын ашсақ, ұрпақты бардан тарықтырмай, алаңсыз күн кешуіне мүмкіндік берсек болғаны.
Әңгіменің өзегі қазақтың тойы туралы еді. Иә, атам қазақ тойдың үлкенін сүндет той деген. Бұл ата-ана үшін қасиетті міндет, қастерлі ұғым, мұсылмандықтың белгісі. Бұрынғылар бұдан кейінгі үлкен той деп – ұлдың үйлену тойын атаған. Қонағым деп төрге отырғызған қыз ұзату тойын да ерекше бағалаған. Бұдан өзге ұлан-асыр болмаса да ағайын-туыс, құда-жегжат атап өтетін қуаныштар да болған.
Қазір той түрленді. Нәресте өмірге келгеннен бастап, той басталады. Әрине жағдайы келіп жатса, жар салып той жасай бергенге не жетсін. Туған күн дейсіз бе – көп қой. Бұрын 50-60 – осындай белесті жылдар аталатын болса, бұл күндері 1 жастан бастап, 20-30-40 – бәрін атап өту үрдіске айналып барады. Бұл кейде бардың малын шашса, одан қалмаймын деп тыраштанған кедейді қарызға кіргізіп кетіп жатады. Дара көрінем, өзгеден асып түсем деп жалған бәсекеге бой алдырып, дарақылыққа ұрынып, бастауы әдемі болғанмен соңы бас шайқаумен бітетін тойлар да аз емес.
Бір ойымыз айтады, ондай астамшылық бардың қадірін білмеу, не бас ауырып, балтыр сыздап, маңдай терді тамшылатпай оңай жолмен кенеле салған қаржының буы емес пе екен?
Бүгінгі той мен тойхана дәуірі қаншаға баратынын қайдам, қалтасы қалыңға салмақ сала қоймағанмен, сүйенері банк, соған ғана тәуелді қалтасы жұқаны қарызға батырып, әлсірете беруі мүмкін.
Бір тойда «тойып алған» той иесі «Бүгінгі қызық қызық-ау, ертеңгі банк қысқандағы шыжғырылған шыжық тірліктен қалай құтылам!» дегені естен кетпейді.
Бір азаматтың айтқан әңгімесі осы арада тағы ойға орала береді. Ұл мен қызының жақсылығын банкінің несиесімен өткеріп, шырқы кірмей шыр-пыр болып жүргенде кенже ұлы қыңқылдапты. «Біткен жерім осы болар» деп төбе шашы тік тұрыпты. Елдің «маторы» ұстап қалады, менің «маторым» неткен мықты еді» депті.
Артынан өзге балалардан бұл кем бе, қай банкінің пайызы төмен екен деп жүргенде ұлы: «Той жасамаймыз. Бір күнгі жақсылыққа сізді өмір бойы құтылмайтын мойныңызға қарыз қамытын кигізбеймін» дейді.
Әкесі намысқа қамшы басып несие алатынын, құданың алдында төменшіктеп отырмайтынын айтыпты. Бала райынан қайтпайды. Құдаға барса, той жасау керектігін айтады. Бірақ ұл мен қыз той жасамайтын болып бекіп алған. Әкесі ұятты алға тартқанда, елге де, желге де шашпай, банкке телмірмей, барымен базар жасайтындарын айтады.
«Бұл шешімді қайдан таптың?» деген әкесіне баласы «Абай көмектесті» дейді. «Абай көмектессе неге ел көргендей етіп той жасамаймыз», деп әкесі Абай деген дәулетті танысын ойға алады.
Баласы: «Сіздің Абай емес, қазақтың ақын Абайы» дейді. «Қалай көмектеседі?».
Ұлы Абайдың өлеңдері мен қара сөздеріндегі сабақ болар тағылымдарды тарата айтып «Жиырма үшінші сөзіндегі»: «Біздің қазақты оңдырмай жүрген бір қуаныш, бір жұбаныш бар... жұбанышы: жалғыз біз бе, елдің бәрі де сөйтіп-ақ жүр ғой, көппен көрген ұлы той, көппен бірге болсақ болады-дағы деген сөзді жұбаныш қылады. Оған құдай тағала айтып па, көптен қалмасаң болады деп» деген тәмсілін алға тартып, «Мен осыған ден қойдым. Қатарға қосылсам көппен жүретін күн алда, әке, бұрынғы қарыздан құтылайық» депті.
Әлгі азамат «Бұл қиял емес, ақиқат, балаға басқа емес, бас берсе тұйықтан шығады екенсің. Өз басым Абайды оқымай азып жүрген секілдімін» деп еді.
Қазақтың тойы тарқамасын дейік. Бірақ тойдың да тойы бар, әлді мен әлсіз бәсекелесемін деп таңы айрылмау үшін, жаңа заман жастары ұлттың озық салтын ғана ту етіп көтерсе екен. Сонда жарысқа түскен көптеген жұрт тойы – саналылар бас болған салиқалы ұлт тойына айналары хақ.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»