Күрес • 07 Тамыз, 2018

Күрестің дамуына үлес қосқан Қазымбетов

303 реткөрсетілді

Қазақ спорты тарихында Ахметжан Қазымбетов дейтін дарынды һәм өте патриот тұлға өткен. Бұл кісі кеңес заманында көп жыл республикалық «Қайрат» ерікті спорт қоғамын басқарған. Замандастары бұл адамды асқан намысшыл, ұлтшыл, әділетсүйгіш адам ретінде таниды. Ахаң Алаштың біртуар тұлғалары Смағұл Сәдуақасов, Ғаббас Тоғжановтар дүниеге келген солтүстік өңірінің тумасы. 

А.Қазымбетов жас кезінде самбо, еркін және қазақ күресі түрлерінен Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, сондай-ақ одақтық деңгейдегі біріншіліктер мен турнирлерде жүлдеге ілініп жүрген балуан. 1963 жылы Мәскеуде өткен КСРО халықтары спартакиадасында еркін күрестен Қазақстан құрамасы сапында белдесіп, бәсекенің алғашқы күні молдаван балуанын небәрі екі минутта ұтып, командаға алғашқы тарихи жеңісті сыйлаған.

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары рес­пуб­ликалық маңызды жарыста танымал балуан Диханбай Биткөзов екеуінің финалда жолы түйісіпті. Биткөзов әскерден жаңадан оралған және самбодан Кеңес армиясының чемпионы атанып, болып-толып тұрған шағы. Диханбай қар­сыласы Ахметжанды таза жығады. Төрешілер бастыққа жақ­тасып, Диханбайға жеңіс бермей бұлғақ­тайды. Бұл әрекетке намыстанған Ахмет­жан жеңілгенін мойындап, өзі барып Диханбайдың қолын көтеріпті. Диханбай болса өзіне берілген сыйлығын мәрт ағасының қанжығасына байлайды. Осы оқиғаның өзі қазіргі жас буынға үлгі емес пе?!

Осылай ойда жоқта жолы түйіскен қос балуан ажырамас досқа айналады. Ахметжан Диханбайға еріп Жаңаарқаға барады. Ауылда агроном болып жүрген Дихашты жұмыстан босаттырып, жарысқа қа­тыс­тырады. Биткөзов болса КСРО ауыл спартакиадасында қатарынан үш рет жеңімпаз болады. Одан кейін де оның шәкірт тәрбиелеуіне жағдай жасайды. Нәтижесінде самбо күресінен Қанат, Талғат, Жанат Байшолақовтар, Сергей Валобуев, Айбатыр Махмұдовтар әлем, Еуропа чемпионы атанып, әлем кубогінің иегері болды.

Егер де Ахметжан Қазымбетов жаңа­ар­қ­алықтарға жоғарыдағыдай жағдай жасамағанда, бұлай топырлап чемпиондар да шықпас еді.

Кезінде Қазымбетовпен қатар жүріп, спорттағы жолын жалғастырған қазір зейнет жасындағы ардагер, еркін кү­рес­тен КСРО спорт шебері, КСРО спар­такиадасының жүлдегері Аманкелді Мұ­сабеков:

– Менің пайымдауымша, қазақ спортына еңбек сіңірген адам Ахметжан Қазымбетов. 1970 жылы Бүкiлодақтық ауылшаруашылық спартакиадасы Арменияның Иджеван қаласында өтті. Қазақ спортшыларын Ахмет­жан аға­мыз басқарып барды. Әбiлсейiт Ай­ханов, Аманжол Бұғыбаев жә­не мен чемпион атан­дық. Мен финалда қарсыласымды ба­сым­дықпен ұтып жат­қан едiм... Осы сәт­те Ахметжан аға шы­дамай кiлемге жүгі­ріп шығып, күллі одақ жан­күйер­лерiне «Мi­не, көрiңдер, бiз­дiң қазақтар қа­лай күреседi, өмiр бойы ес­терiң­де болсын, ұмыт­паңдар!» деп айғай салды. Жарықтық iшкi сезiмiн жасыра алмайтын, нағыз намыс үшін жаралған адам едi, – деп еске алады.

Арада сегіз жыл өткен соң 1978 жылы Бүкiлодақтық ауылшаруашылық спартакиадасы тамыз айында Кишинев қаласында өтеді. Қазақстан спортшыларын баяғы Ахметжан ағамыз бастап барады. Жарыс барысында қазақ жігіттеріне қиянат жасалады. Кілемге шығып тұрған самбошы Нұрбай Жармұхамедовті кешікті деп жарыстан шеттетсе, классикалық күрестен ешкімге дес бермеген Жақсылық Үшкемпіровті төрешілер аяқтан шалады. Осындай әділетсіздікке күйінген қайран ағамыз кілемге жүгіріп шығып, спортшыларына қиянат жасағандардың беттерін тіледі. Намысты азамат тағы бір үлкен жарыс­та қазақтарға жасалған әділетсіздікке күйініп, қатты ширыққан күйі кілемге атып шыққан бойында жүрегі тоқтаған екен. Қысқасы, ұлт намысы жолында құрбан болған.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, 
«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Қарсыласы қарымды

Кәсіпқой бокс • Кеше

Тандыр наннан шеге шықты

Аймақтар • Кеше

«Jastar kerýeni» жолға шығады

Аймақтар • Кеше

Майдан тудырған сөз

Руханият • Кеше

Ұқсас жаңалықтар