Қазақстан • 08 Тамыз, 2018

Әскер жаттығуда шыңдалады

944 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгінгі күндері Еуразия аумағындағы жеті мемлекетте төртінші халықаралық армия ойындары өтуде. Аты айтып тұрғандай, тек заманауи армияның үздіктері қатыстырылатын сайыстың мәні жыл өткен сайын артып келеді. Оның үстіне биыл ойындарды өткізу географиясы кеңейіп, жарыстың көрігі қыза түсті.

Әскер жаттығуда шыңдалады

Қазақстан Қарулы Күштерінің Жо­ғар­ғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қарулы Күштеріміз бес қаруы сай заманауи үлгідегі айбынды армияға ай­налды. Сайыпқыран сарбаздарымыз бү­гін­де Ұлы даланың сенімді қыраны, азамат­тығымыздың алмас алдаспаны», деп бағалаған қазақ әскерінің біліктілігі ха­лықаралық шарада жан-жақты сыналуда. 

Еліміздің аумағында халықаралық армия ойындары шеңберінде «Артил­лериялық оқ ату шеберлері» байқауы, ұш­қышсыз ұшу аппараттары есеп топ­тарының «Сұңқар аңшылығы» және әске­ри байланысшылардың мүлдем жаңа сайыс түрі – «Сенімді қабылдау» сайысы өтіп жатыр. Біздегі ойындарға барлығы 12 мем­лекеттен, атап айтқанда, Әзербайжан, Бела­русь, Венесуэла, Зимбабве, Иран, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан мен Сириядан 18 команда қатысуда.

Айтулы шараның Қазақстан аума­ғында өтетін кезеңінің «Отар» 40-шы әскери базасындағы ашылу салтанатында сол кездегі Қорғаныс министрі, генерал-полковник Сәкен Жасұзақовтың: «Армиялық сайыс барысында әлемнің әртүрлі елдерінің әскери мамандары оқу-жаттығу полигондарында жауынгерлік машықтарын паш етеді, ал танктердің, авиация мен теңіз корабльдерінің атысы тек оқу нысаналарына бағытталады. Армия халықаралық ойындарындағы са­йыс – бұл нысаналарды жоюдағы дәл­дікті, әртүрлі қаруды шебер мең­геру, үлгілі спорттық дайындық пен төзім­ділік, жаң­­ғыр­тылған әскери техниканы бас­қару­­дағы дағды мен шеберлікті көрсету ғана емес, сонымен бірге баға жетпес тәжі­ри­­бе болып табылады», – деуі бекер емес. 

Өйткені биыл қазақстандық әскери қыз­метшілер ойын аясындағы 28 кон­курстың 14-не қатысады. Оның үстіне 2017 жылғы Армия ойындарының қоры­­тын­дысы бойынша Қазақстан Респуб­ликасы Қарулы Күштерінің құрама командасы әлемнің 28 елінен келген 150 команданың ішінде жалпыкомандалық есеп бойынша үшінші орынға тұрақтаған болатын. Ұйымдастырушылар сол жолы Қазақстан командасының қатысушыларын ең көп әрі белсенді ұжым ретінде бағалады. Ал халықаралық ойындардың төрешілер алқасы қазақстандық жауынгерлердің жоғары дайындығы мен кәсібилігін және біліктілігін ерекше атап өтті.

Арменияда тіркелген алғашқы жеңіс

Халықаралық армия ойындарының Армения Республикасында өткен «Дос­тастық жауынгері» байқауында қазақ­стандық әскери қызметшілер топ жарды.

Бұл сайысқа Армения, Беларусь, Грекия, Иран, Қазақстан және Ресей әскерилері қатысқан болатын. Байқау аясындағы «Кәсіпқой», «Мерген» және «Кавалер/ханша» эстрадалық-көркемдік кезеңі бойынша біздің спортшылар жоғары нәтижелер көрсетті.

Үш кезеңдік сайыс қорытындысы бойынша қарсыластарынан оқ бойы оза шауып, ең жоғары ұпай жинаған сержант Сейіткәрім Нұрсейітқожа «Достастық жауынгері» атағына ие болды. 

– Мұндай додаларға бірнеше мәрте қатыссам да биылғыдай бәсекелестікті бұрын-соңды көрген жоқпын. Биыл қатысушылар саны артты және олардың дайындық деңгейі анағұрлым жоғары болды. Жеңіске ұмтылған командалардың қай-қайсысы да аянып қалған жоқ», – дейді сайыс жеңімпазы.

 Бұл додада Қазақстан әскерінің тағы бір өкілі кіші сержант Ертілек Бекболатов екінші орынды иеленді. Ал ерлер арасындағы үздік үштікті Армения Республикасының әскери қызметшісі Айк Акопян түйіндеді. 

Әйелдер арасында Армения Қорғаныс министрлігінің В.Саркисян атындағы әскери училищесінің курсанты Армине Григорян үздік деп танылса, екінші орынды Қазақстан Қарулы Күштерінің сержанты Жанаргүл Ақбаланова еншіледі. Үшінші орын Ресей өкілі сержант Лилия Даутоваға бұйырды. 

Төрешілер байқаудағы бәсекелестіктің жоғары болғандығын ескере отырып, Қазақстан Қарулы Күштерінің сер­жант­тық құрамы посткеңестік аумақта әскери-кәсіби тұрғыда ең үздік саналатындығын атап өтті. 

Әдетте әскердің кәсібилігі, бөлім­ше­лердегі әскери тәртіп, жеке құрамның ру­хы сержанттардың кәсібилігімен өлше­­нетіні рас. Демек қазақстандық сер­жанттардың жеңісі әскери жүйені бас­қарудың бастапқы кезеңінің салмақты екендігін көрсетіп отыр. 

Қазақстанның мәдениетімен танысты

Қазақстан аумағындағы 2018 жылғы Армия халықаралық ойындарына қатысу үшін келген әлемнің 12 елінің әскери қызметшілері сайыс кезеңдерінде өздерінің кәсіби шеберліктерін паш етіп қана қоймай, сонымен бірге елімізбен етене танысуға үлгеруде. 

«Артиллериялық оқ ату шеберлері», «Сұңқар аңшылығы» және «Сенімді қабылдау» байқауының қатысушылары үшін еліміздің Қорғаныс министрлігі мәдени бағдарлама ұйымдастырды. Алматыға сапар барысында ойын қатысушыларын шаһардың көрікті жерлерімен таныстырды. 

Әзербайжан, Беларусь, Венесуэла, Зимбабве, Иран, Қытай, Қырғызстан, Қазақстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және Сирияның әскери қызметшілері Тұңғыш Президент саябағына, Ұлттық мұражай мен әйгілі «Медеу» мұз айдынына барды. Одан басқа, қатысушыларға арнап түскі ас ұйымдастырылды. Онда сайыс меймандарына қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татқызды.

Жеңімпаздарды қарсы алды

Осы аптада елімізге халықаралық армия ойындарының алғашқы жеңім­паздары оралды. Елордадағы «Нұрсұлтан Назарбаев» әуежайынан жұртшылық «Достастық жауангерлері» халықаралық конкурсында бірінші орынды жеңіп алған қазақстандық команданы күтіп алды. Қарсы алушылар қатарында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің бас­шылығы, әскери қызметшілердің туыс­тары мен әріптестері болды. Аталған са­йыс 28 шілде мен 3 тамыз аралығында Ар­мения Республикасының аумағында өт­кен болатын. Жоғарыда атап өтке­ні­міздей, оған Армения, Беларусь, Грекия, Иран, Қазақстан және Ресей әскерилері қатысты. 

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»