Білім • 08 Тамыз, 2018

Биыл мектептерде «Өлкетану» пәні оқытылады

96 реткөрсетілді

Биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында еліміз мектептерінде 5,6,7-сынып оқушыларына арналған «Өлкетану» оқулығы енгізілетін болады. «Алматыкітап» баспасында өткен кездесуде мамандар жаңа оқулықпен таныстырып, басты ерекшеліктеріне тоқталды.

Еліміз облыстары, Астана, Алматы қалаларындағы білім беру басқармаларының ұйғарымымен бекітілген тарихшы, өлкетанушы ғалымдар, әдістемеші-педагог мамандардың жұмыс тобы академик К.Байпақовтың жетекшілігімен жарты жылға жуық мерзімде «Өлкетану» оқулығын әзірледі.

Жаңа оқулыққа авторлар тарапынан туып-өскен өлкенің тарихы мен әдебиеті, өнері және табиғи-географиялық ерекшеліктері туралы мағұлматтар енгізілді. Оқулықтың кәсіби деңгейде дайындалып, мазмұнының тартымдылығы мен әрленуінде  «Алматыкітап баспасы» мамандарының еңбегі ерекше.

«Баспаның бұл саладағы  тәжірибесі жоғары. Мысалға баспадан шыққан «Менің Қазақстаным» топтамасын алсақ та жеткілікті. Осы орайда еліміз тарихының жарқын беттері, мәдениеті, географиялық нысандары туралы көркем безендірілген алпыс шақты альбом жарық көрген. Баспа мамандарының  жылдар бойғы тәжірибесі «Өлкетану» сияқты жаңа әрі қызықты пәнді жинақтауға септігін тигізді. Авторлар үшін баспамен жұмыс істеу оңайға түсті деп білемін» деген пікірімен бөліскен «Алматыкітап баспасы» бас редакторының орынбасары Альмира Сужикова оқулық авторларына, ғалымдар мен сарапшыларға алғысын білдірді. Алдағы уақытта оқулықтың хрестоматиясы және мұғалімдерге арналған әдістемелік нұсқаулықтары дайындалатын болады.

Оқулықтарды шығаратын баспаны таңдау құқығы облыстық әкімшіліктер мен білім басқармаларының құзырына берілген.

Ұйымдасқан ұжымның қажырлы еңбегінің арқасында баспа «Өлкетану» пәнін Алматы, Ақтөбе, Түркістан, Жамбыл, Қарағанды облыстары мен Астана және Алматы қалаларына ұсынатын болады. Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарының оқулықтарын басуға «Атамұра» баспасы атсалысуда. Аталған баспаның жетекші редакторы Мұрат Мұқашевтың айтуынша, оқулықтың сапалы шығуы тиісті министрлік тарапынан құрылған арнайы жұмыс тобы мен «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы мамандарының жіті бақылауында. Түрлі-түсті безендіріліп, мазмұны кәсіби мамандармен толықтырылған жаңа кітап жас ұрпақты отансүйгіштікке баулуға септігін тигізері сөзсіз деп санайды оқулық авторлары.

Эльвира Серікқызы,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Азия чемпионына ат мінгізді

Аймақтар • Бүгін, 11:21

Күн тәртібі белгіленді

Қазақстан • Бүгін, 10:07

Ұқсас жаңалықтар