«Бүгінде автожанармай құю стансаларында дизель отынының құны өсті. Бұл бірнеше факторға байланысты болып отыр. Тұтыну көлемінің өсу себебі өндірілген дизель отынының басым бөлігі ауыл шаруашылығы және темір жол салаларын қамтамасыз етуге жұмсалады. Бұдан басқа, сұраныстың артуы Қазақстан арқылы өтетін транзиттік жүк тасымалының маусымдық өсуімен және де осы жағдайға байланысты ішкі нарықтағы және көрші елдердің шекаралас аймақтарында бағаның диспаритетіне байланысты отынның шекара асып кетуіне қатысты болып отыр. «Бензин (авиациялық бензинді қоспағанда) мен дизель отынына арналған акциздер мөлшерлемелерін бекіту және Қазақстан Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы» ел Үкіметінің 2018 жылғы 6 сәуірдегі № 173 қаулысына сәйкес дизель отынына арналған акциз мөлшерлемесі ағымдағы жылғы 1 маусымнан бастап 1 литр үшін 7,7 теңгеге көтерілді. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерін дизель отынымен қамтамасыз ету жөнінде 2018 жылдың көктемгі егіс жұмыстарының тұрақты жүргізу үшін ҚР Энергетика министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі бірлескен түрде көктемгі егіс жұмыстарына дизельдік отынды жеткізу бойынша мұнай өңдеу зауыттарына облыстарды бекітіп беру кестесі әзірленді және бекітілді. Ауыл шаруашылығы министрлігі жыл сайын облыс әкімдіктерімен бірлесіп, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге қажетті мұнай өнімдерінің көлемін анықтап, Энергетика министрлігіне егіс және егісті жинау жұмыстарын жүргізуге арналған АШТӨ үшін дизельдік отынды жеткізу көлемі туралы ұсыныстарды енгізеді. АШТӨ үшін МӨЗ-ден дизель отынын жөнелтуге басымдық заң деңгейінде берілді, бақылау мен мониторинг жүргізу тәулік бойы жүзеге асырылады. Жоғарыда баяндалғанның негізінде Энергетика министрлігі 2018 жылғы егіс жұмыстарын тұрақты жүргізу үшін жан-жақты шаралар қолданып жатқанын хабарлаймыз», деді Энергетика вице-министрі Б.Ақшолақов.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»