Қазақстан • 08 Тамыз, 2018

Жаңашыл ойлар – жаһан назарында

599 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Астанада Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасының Қорының ұйытқы болуымен жас ғалымдардың «Burabay Forum: Қазақстанның халықаралық ынтымақтастығы» халықаралық форумы екінші мәрте шымылдығын түрді.  

Жаңашыл ойлар  – жаһан назарында

40 жасқа дейінгі 100 жас ғалым қатысқан халықаралық жоба Қазақстанның және ТМД елдерінің өзара іс-қимылын бірнеше бағытта зерттеуді ұйғарады. Туризм, ауыл шаруашылығы, ғылым, мәдениет, сондай-ақ физика және ғылымды қажет ететін технологиялар саласындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында қолға алынған форумға Қазақстанның, Ресейдің, Литваның, Беларустің, Арменияның, Әзірбайжанның, Өзбекстанның, Қырғызстанның, Тәжікстанның физиктері, саясаттанушылары және экономистері қатысты.

Жиынды Елбасы Қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаев ашып, биылғы форумның біршама жаңа сапалы деңгейде өтетіндігін атап кетті. «Біріншіден, қатысушылар географиясы кеңейді, Форумға 100 ғалым қатысып отыр. Олардың арасында шетелдік 27 ғалым бар. Екіншіден, күн тәртібі кеңейтілді, биылғы жылы физика және ғылымды қажет ететін технологиялар, ауыл шаруашылығындағы инновациялық технологиялар саласындағы бірлескен ғылыми зерттеулер, туризм, сондай-ақ қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар болашағы талқыланады. Үшіншіден, Форумның жұмысына мемлекеттік органдардың басшылары қатысады», деді Қ.Несіпбайұлы.

Оның айтуынша мемлекеттік орган өкілдерінің форумға қатысуы өз кезегінде жас ғалымдарға білім және ғылым, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастық саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіру бойынша өз ұсыныстары мен ұсынымдарын уәкілетті органдарға тікелей жеткізуге мүмкіндік береді.

«Burabay Forum» алаңы негізінен жас ғалымдарға ақпарат алмасуға, халықаралық ғылыми жобаларға бастамашылық жасауға, ғылыми зерттеуле рді коммерцияландыруға мүмкіндік береді. Сол арқылы ғылым және білім саласындағы трансшекаралық ынтымақтастығы мәселелерін талқылайтын бірден бір платформа. Онда отандық және шетелдік ғалымдар арасында тәжірибе алмасу, Қазақстан Республикасының оқу орындары мен жақын шетелдер арасындағы байланыстарды нығайту мәселелері, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу келешегі де кеңінен қаралады.

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»