Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында.
Міне, көріп отырғанымыздай, ана тілімізді өрбіту аясында тек сонымен ғана шектеліп қалмай, әлемдік бәсекелестік жағдайына сай болу керектігімізге Елбасы жоғары мән беріп отыр.
Қазақ тілі пәніне арналған бағдарлама білім берудің ұлттық жүйесін халықаралық стандарттарға негіздей отырып, еліміздің алға қойып отырған іргелі міндеттеріне сай және қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық үдерістерді, ұлттардың бейбітшілік пен келісімге негізделген өмір салтын қалыптастыру саясатын ұстану қағидаларын басшылыққа ала отырып, мемлекеттік тілді оқытудың тиімді әрі сапалы жүйелерін қалыптастыруды көздейді. Бағдарламаның білім мазмұны қазақ тілі арқылы оқушыларға қазақ халқының материалдық және рухани мәдениетін, қазақ халқының салт-дәстүрін, қазақша сөйлеу әдебін, қазақ әдебиеті үлгілерін меңгертуді көздейді және алған білімдерін өмірдің қажетті жағдаяттарына сай қолдана білуге үйретеді.
Ұлт мектебінде қазақ тілін үйрететін ұстаз үшін басты мақсат – өзге ұлттың баласын мемлекеттік тілде сөйлету. Қазақ сөзінің құдіреттілігін, сырын сезіндіру, тіл үйренуге ынталандыру. Өткен оқу жылында облыс көлеміндегі орта білім беретін мектептерінде 117830 оқушы оқыса, орыс тілді мектептерде 61379 оқушы оқыды.
Мемлекеттік тіл мәртебесі өсуінің бір саласы өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған іс-шараларға қатысу белсенділігін арттыру болып табылады. Мектептің 7-11 сынып оқушыларының арасында өткен бір ғана іс-шараға, «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасының бірінші кезеңіне 702 оқушы, екінші кезеңіне 356 оқушы, облыстық кезеңіне 117 оқушы қатысты.
«Әдебиет тек асыл мұратпен, таза ар-намыспен кіруге болатын зәулім сарай» деген ұлылар сөзі бар. Жалпы адамзаттың, әрбір жеке халықтың өмірлік тәжірибесі арқылы айқындалған қымбат құндылықтар, биік адамгершілік, азаматтық, кісілік, Абай әспеттеген толық адамдық қасиеттердің сырын ашып, бағасын беретін, рухани асқарға жетелейтін асыл мұра – қасиетті қазақ әдебиеті. Облыстың қазақ тілді мектептерінде 7 ұлт өкілінің ұстаздары жас буындарды бүгінгі өскелең өмірдің талабына сай оқытып, ынталандырып, жан-жақты білім берудің әдістемелік тәсілдерінің алуан түрін бастауыш сыныптарда, қазақ тілі мен әдебиеті, информатика, ағылшын тілі, денешынықтыру, музыка пәндерінде қолданып тәлім беруде. Жақсы ауданындағы Ғ.Әбдірахманұлы атындағы Қима орта мектебінің бастауыш сынып және ағылшын тілі мұғалімі Евгений Варанкин ағылшын, орыс, түрік тілін еркін меңгере отыра, 14 жыл бойы ұстаздық қызметінде тәрбиелік мәні бар қазақ тілінде сабақ беріп, оқушылардың интелектуалды деңгейін көтеріп келе жатқан ұстаз. Ақкөл ауданы Құрылыс негізгі мектебінің денешынықтыру пәнінің мұғалімі Юлия Величко облыстық «Мемлекеттік тіл – менің тілім» сайысында 2015-2016 оқу жылында Гран-приді иеленді. Степногор қаласындағы С.Сейфуллин атындағы №5 көп салалы мектеп-лицейінде бастауыш сыныптың жоғарғы санатты мұғалімі Светлана Жақышева қазақ отбасын құрып, мемлекеттік тілді жаңғыртушы мұғалім.
Шәкірт талабын шыңдау қазақ тілі мен әдебиеті мұғаліміне үлкен жауапкершілік жүктейтіні рас. Орыс мектептерінде қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың басты мақсаты – оқушылардың дұрыс сөйлеу, сауатты жазу дағдыларын қалыптастыру. Педагогика ғылымы алдында оқу-тәрбие жүйесін ұдайы жетілдіру мәселесі қойылып келеді.
Бұл маңызды мәселені шешуде орыс тілді ортада қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің әрбір сабағының тиімділігін, ғылыми-педагогикалық дәрежесін арттыру қажет болып саналады. Қазіргі кезде орыс мектебі оқушыларының игеруіне арналған бағдарлама бұрынғы жылдармен салыстырғанда анағұрлым күрделі. Ақпараттарды жоғары ғылыми-теориялық деңгейде терең және шығармашылықпен меңгеру талап етіледі. Яғни білімін көтеруіне, кітаппен жұмыс істеу тәсілдерін жетілдіруіне, ақыл-ой қабілетінің дамуына, білім негіздерін саналы түрде игеруіне барынша көңіл аударылуы қажет деп білеміз. Жоғарыда айтылғандарды ескере келсек, орыс тілінде оқытылатын мектептерде қазақ тілін оқытуға қойылатын талап-тілектердің бүгінгі күнде жаңарып отырғанын аңғарамыз. Оның себебі, орыс тілінде мектеп бітірген оқушылардың кейін еңбекке араласқан кезінде мемлекеттік мәртебе алған тілде сөйлей алмауын болдырмау.
Түрлі әдіс-тәсілдерді, жаңа технологияларды қолдану тәжірибесі бойынша Степногор қаласындағы №4 облыстық мамандандырылған «Болашақ» мектеп-интернатының қазақ тілі мұғалімдері белсенді оқыту мен оқу әдістерін пайдалануда, ұжымдық шешім арқылы мынандай міндеттер қойып отыр. Тілді үйренудің күнделікті практикалық жағын қарастыру, оқушының ауызша, жазбаша сөйлеу тілін қалыптастыру, сөз байлығын молайту мен шығармашылықпен жұмыс істеуі, өз бетімен ізденуге дағдыландыру.
Бүгінде облыстың 565 мектебі интернет жүйесіне көшкен, оның 533-і кеңжолақты интернет жүйесіне қосылған. Компьютермен қамтамасыз ету бойынша 9 оқушыға 1 компьютерден келіп отыр. Ағымдағы жылдың соңына дейін облыс мектептерін 305 мультимедиалық қондырғымен қамтамасыз ету жоспарлануда. Талап деңгейіне сай оқыту технология тәжірибесімен алмасуда облыс не аудан орталығынан шалғай орналасқан елді мекендердегі мектеп ұстаздары үшін BILIM LAND сайтты немесе комплект дискілерді қолдану жұмысы өзінің жемісін беруде.
Ақмола облысы аумағында, облыс орталығы – Көкшетау қаласының білім ошақтарында ел Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы қызу талқыланып, оны іске асыру бағытында үлкен іс-шаралар қолға алынуда. Осы орайда орыс тілді мектептерде қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың жаңа әдістемелерін енгізудің маңыздылығын ешкім жоққа шығара алмайды. Осы талап тұрғысынан Елбасының өмірлік маңызы зор бағдарламасының негізінде заман талабына сай жұмыстар атқару тіл дамыту барысында бәсекелестік қабілетімізді жетілдіру, әлемдік озық тәжірибелерден үйрену – біздің абзал борышымыз.
Талғат ЖҮНІСОВ,
Ақмола облыстық білім
басқармасының басшысы