22 Желтоқсан, 2011

15 пайыз дауыстан үмітті

259 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
«Ауыл» социал-демократиялы партия­сы­ның сайлауалды штабында алдымызда болатын саяси науқанға байланысты жұ­мыстар қызу қарқын алу үстінде. Кешегі күні мұнда Польшадан келген ЕҚЫҰ өкіл­дері болып, партияның жұмыс жағдайымен танысты. Оларды партия төрағасы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, академик Ғани Қалиев қабылдады. Меймандармен болған әңгіме бары­сын­да қазақстандық қоғамда демократиялық үдерістердің өріс алу жағдайы, алдағы сай­лау­ға дайындық мәселелері, «Ауыл» пар­тия­сының қоғамдағы рөлі туралы айтылды. ЕҚЫҰ өкілдерінің қойған сұрақтарына байланысты партия төрағасы өздерінің сайлау кезінде дауыстардың 15 пайызын алуға үмітті екендіктерін жеткізді. Бұл партия 2000 жылдың қаңтар айында құрылған болатын. Оның құрамында 200 мыңнан астам мүше бар. Партия филиал­дары барлық облыстарда және Астана мен Алматы қалаларында жұмыс істейді. Құрылымы 160 аудандық ұйымды, 2090 бастауыш ұйымды қамтиды. Әңгіме барысында Ғани Қалиев қазіргі уақытта Қазақстанда Парламент Мәжілісі депутаттығына сайлауалды жұмыстары бейбіт жағдайда, өзара үнқатысу негізінде өріс алып келе жатқандығын атап көрсетті. Кешегі күні сондай-ақ «Ауыл» партия­сы­нан Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидат болып тіркелген Жасқайрат Сүн­детұлы Батыс Қазақстан облысының Жаңа­қала ауданында болып, аудан тұрғын­дары­мен кездесуін бастады. Мастықсай ауы­лын­да болып өткен сайлаушылармен кездесу барысында  «Ауыл» партиясының бағдар­ла­масы мен сайлауалды тұғырнамасы туралы әңгіме болды. Кандидат партияның алға қойып отырған мақсаттарын халыққа түсіндіріп берді. Осындай кездесу аудан әкімдігінде де болып өтті. Партияның орталық сайлауалды шта­бын­да қазіргі күні үгіт-насихат жұмыс­та­рын жүр­гізу тәртібі мен халыққа жеткізу құралдары пысықталып, әзірлену үстінде. Қалалық автобустарда жүгіртпе жолдар арқылы үгіт жүргізілмек. Сондай-ақ көшелерде билбордтар мен басқа да көрнекіліктер ілінбек. Кеше, сондай-ақ партияның сайлауалды штабы бастығының орынбасары Ғалымжан Мәдиев «7-ші» телеарна тілшісіне сұхбат беріп, партияның жүргізіп жатқан жұ­мыстарына кеңінен тоқталды. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.