Қарт Каспийдің құқықтық мәртебесін анықтау жөніндегі мәселенің күн тәртібіне қойылғанына жиырма жылдан асты. Осы кезеңде Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы Конвенцияның ереже-құжаттарын дайындау үшін әр елдің сарапшылар командасы және Сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары деңгейінде құрылған арнайы жұмыс тобы жұмыс істеді. Аталған уақыт ішінде арнайы жұмыс тобының сарапшылары 52 отырыс өткізген. Оның сыртында Каспий маңы мемлекеттерінің өзара екіжақты келіссөздер жүргізгені тағы бар.
Кейбір сарапшылар Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенция жобасын дайындау мәселесі ұзаққа созылып кеткенін айтады. Біздің ойымызша, жиырма жыл аз да, көп те уақыт емес. Себебі Каспий екі елдің ғана емес, бес мемлекеттің жағалауын шайып жатыр. Олардың әрқайсысының теңіз акваториясына деген ұстанымы мен мүддесі бар. Сондықтан да бес мемлекеттің теңіз суындағы шекараларын белгілеу бойынша ортақ мәмілеге келу өте қиын шаруа.
Дүние жүзінде ғасырлар бойы судағы, сондай-ақ, құрлықтағы шекараларын айқындай алмай жүрген елдер де кездеседі... Осы жиырма жыл аралығында тараптар Каспий теңізіндегі қызметтің негізгі қағидаттары, ұлттық су табанын бөлу, биологиялық ресурстар мен жер қойнауларын игеруге байланысты ынтымақтастық, теңізде шаруашылық-экономикалық жұмыстарды жүргізу мен кемелер жүзуін реттеу, қоршаған ортаны қорғау және Каспий теңізіне қатысты ғылыми-зерттеулер жүргізу, тағы басқа да мәселелер жөнінде уағдаластыққа келді.
Каспий маңы мемлекеттері өткен кезеңде құқықтарын тиімді пайдалану арқылы өздеріне тиесілі аймақтағы ресурстарды игеруде ынтымақтастық орнатудың инфрақұрылымын құра білді. Соған сәйкес оларда инвестицялық оң ахуал қалыптасты. Ал Каспий теңізінің құқықтық мәртебесінің анықталуы бірінші кезекте аймақтың саяси тұрақтылығы мен экономикалық дамуын қамтамасыз етеді.
Мемлекеттерге тиесілі жерлердегі энергетикалық ресурстарды игеруге, инвесторлар тартуға мол мүмкіндік береді. Сонымен қатар теңіздің табиғи байлығын сақтауға және оны көбейтуге, жан-жануарлар дүниесі мен өсімдіктер дүниесін қорғауға халықаралық құқықтық негізде реттеу жолдарын нақтылайды. Бұл мәселелер Каспий жағалауындағы бес мемлекеттің тығыз әрі тиімді ынтымақтастыққа бағытталған қатынастарын әрі қарай тереңдетуге мүмкіндігінше ықпал етеді. Теңізге байланысты Конвенцияның сол себептен де стратегиялық маңызы ерекше.
Каспий теңізінің құқықтық мәртебесінің айқындалуына теңіз маңындағы мемлекеттермен қатар, бірқатар алыс-жақындағы елдер де мүдделілік танытып отыр. Өйткені олар Каспий жағалауындағы мемлекеттермен ынтымақтастық жасау арқылы ондағы ірі жобаларды жүзеге асыруға қатысқысы келеді. Ал Конвенция ұзақмерзімді қатынастарды заңдық тұрғыдан қамтамасыз ететін және қорғайтын негізгі базалық құжат болып табылады. Оның ережелері мен талаптарын бірінші кезекте оған қол қоюшы елдердің өздері бұлжытпай орындауы тиіс.
Теңіздің құқықтық мәртебесінің анықталуы теңіз суы табанынан мұнай мен газ құбырын және кабель жүйелерін тарту мәселесін шешеді. Өйткені құжатта тараптардың теңіз табанымен суасты құбырын және кабель жүргізе алатыны көрсетілген. Теңіздегі шикізатты барлау, оны өндіру, платформа мен құбыр төсеу кезінде теңіз суына келген зиянның барлық жауапкершілігі әр елдің өзіне жүктеліп отыр. Яғни көмірсутегін өндіру, оны экспорттауда қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға сол жобаларды іске асырушы тарап мойнына алады. Себебі мұнай мен газ құбырын төсеу барысында төтенше жағдайлардың да кейде орын алатыны бар.
Каспийдің географиялық жағынан орналасуы оның маңызын ерекшелендіріп тұр. Өйткені ол Үлкен Таяу Шығыс, Оңтүстік Кавказ және Орталық Азия шекараларымен түйіседі. Сондықтан теңіз Еуразияны байланыстырушы коммуникациялық орталық болып табылады десек, қателесе қоймаспыз. Оның үстіне Каспийдің осындай тарихи бірегейлігі халықаралық көлік транзитін дамытуға, сол арқылы аймақта өндірілген көмірсутектерін әлемдік нарыққа экпорттауға қолайлы болып отыр.
Кеңес одағы ыдыраған соң қарт Каспий әлемдік маңызы ерекше геосаяси аймақ ретінде халықаралық қоғамдастықты, оның ішінде аса ірі мұнай-газ компанияларын қызықтыра бастады. Теңізге шектес елдерге әлемдік рынокта өзіндік орны бар корпорациялар делегацияларының келуі жиіледі. Уақыт өте Каспий аймағы Орталық Еуразиядағы геосаяси жағдайдың маңызды кілтіне айналды. Атап өткен жөн, бірқатар сарапшылар «Үлкен Орталық Азия»деген ұғымды да қолданып жүр. Олар жайдан-жай осылай деп атамаса керек.
Бүгінде қарт Каспийдің экологиясы қалыпты деңгейде деп айта алмаймыз. Кезінде дәл осы проблеманы Елбасымыз бірнеше мәрте көтерген болатын. «Каспий маңындағы барлық мемлекеттердің стратегиялық мүддесіне, егер көмірсутегі қорының шексіз еместігін ескерсек, – деп атап өтеді Қазақстан Президенті, – оларды игеруге кіріскенде бүкіл экологиялық талаптарды сақтай отырып және Каспий теңізінің экожүйесі мен биожүйесін сақтау тұрғысынан әрекет еткен жөн».
Ал Каспий теңізінің құқықтық мәртебесінің халықаралық негізде нақтылануы Қазақстан экономикасының әрі қарай дамуына ерекше серпін береді. Оның ең бастысы – көлік-транзиттік мүмкіндік болмақ.