23 Ақпан, 2010

ӘЛЕМ ӨТКЕН АПТАДА

1029 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
АҚШ АЭС салады АҚШ соңғы 30 жылдан кейін атом электр стансаларын салуды қайтадан қолға алмақ. Өткен ға­сырдың 80-ші жылдары эколог­тар­дың талабын ескеріп, елде АЭС салуды тоқтатқан еді. Өмір басқаны көрсетті. АЭС-тің де ар­тықшылықтары бар екен. Жаңа стансаны салуға 8 миллиард дол­лар бөліп отыр. Ал бұл елде бү­гін­ге дейін 65 АЭС жұмыс істейді. Бүкіл әлемде қазір 56 АЭС салы­нып жатқан көрінеді. Олар­дың біразына отынды біз береміз. Ал өзімізде АЭС жоқ. Президент кепілдігі Жақында сайланған Уругвай президенті Хосэ Мухика 1 наурызда қызметіне кіріседі. Оның жұрттың есінде қалған мәлімдемесінің бірі – ол шетел инвесторларына қаржыларын ел экономикасына салуды өтінді. Ешқандай да мемлекетке алып қою, ауыр салық салу болмайды деп уәде берді. Расында да, Латын Америкасындағы біраз елде жеке капиталға тиісу фактілері бар. Берлускони қауіптенеді Италия премьер-министрі Сильвио Берлускони өз партия­сынан сайланған сенаторларға қонақасы беріп отырып, біреулер қастандық жасайды-ау деп қор­қатынын айтыпты. Бұған дейін де талай рет өзіне қарсы қастан­дық әрекет болғанын, бірақ олардан аман құтылғанын, енді қарсыластарының жаңа қастан­дық ұйымдастырмақ ойлары барлығын мәлімдепті. Осындай көңілсіз әңгіме айта отырып, үкімет басшысы партиялас­тарына бірнеше ән орындап берген көрінеді. Оппозицияны құптайды Оппозиция керек дегенді көп адам айтады, оған ешкім таңдан­байды да, көп мән де бермейді. Ал бұл жайында Түркіменстан президенті айтқан кезінде, оған бүкіл әлем ақпарат құралдары елең ете қалды. Оның да себебі бар: елдің бұрынғы басшысы Сапармұрад Ниязов оппози­ция­ны тұншықтырып, үнін өшірген. Жаңа басшы Ғұрбанғұлы Берді­мұ­хаммедов заманы келгенде де, оппозицияға есік ашыла қойған жоқ еді. Жақында Министрлер Кабинетінің мәжілісінде ол оппо­зициялық саяси партия құрылса, бұл ел өміріндегі ма­ңыз­ды оқиға болар еді деп мәлімдеме жасады. Оған көп адам сенерін де, сенбесін де білмей жүр. Далай-лама Вашингтонда Президент Барак Обаманың тибеттердің рухани көсемі Далай-ламамен Ақ үйде кездесуі Қытай елінде үлкен наразылық тудыр­ды. ҚХР Сыртқы істер министр­лігі бұл оқиға америкалықтар тарапынан халықаралық келі­сімді, дипломатиялық әдепті бұзғандық деп айыптады. Сірә, бұл екі ел арасындағы келісім шарттарда Қытайдың тұтастығы, Тибеттің Қытайдыкі екендігі ескерілген болса керек. Бұл жерде Обаманың да жағдайын түсінуге болар. Былтыр сол Далай-ламаны қабылдама­ғаны үшін ол өз отандастары, саяси партиялар тарапынан айтарлықтай сын естіген. Бәріне бірдей жағу қиын. Генералдар қуылды Ресей президенті Дмитрий Медведев Ішкі істер министр­лігіндегі 18 лауазымды қызмет басшыларын жұмыстан қуыпты. Әйтеуір басшыларды жазаласа, халықтың құп көретіні бар. Жұмысты ақсатқандарды, тіпті жемқорлыққа қатысы барларды қуған жөн-ау. Бірақ қай нәрсенің де науқанға айналғанын құптау да қиын. Мұндайда қосақ ара­сында жазықсыздар да кетіп қа­луы ықтимал. Әйтпесе, бәрін бір қамшымен бір күнде сабамай-ақ, кемшіліктері ашылған кезде, топтап жазалауды күтпей-ақ, шаралар қолданса болмай ма? Маоистер кекшіл Үндістанның Батыс Бенгалия штатында экстремистердің ша­буылынан қауіпсіздік күштерінің 24 қызметкері қаза тапты. По­лиция учаскесіне кенет шабуыл жасап, бейқам адамдарды қырып салған жасақшылардың басшысы мұны бұған дейін қауіпсіздік қызметкерлерінің маоистерге қарсы жүргізген операциясына жауап деп түсіндірген. Шабуылға 100 экстремист қатысып, біраз қару-жарақты да олжалап кетіпті. Әзірлеген Мамадияр ЖАҚЫП.