22 Желтоқсан, 2011

Ықыласты құттықтаулар мен ізгі тілектер легі

2214 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысының атына ел, үкімет басшыларынан, халықаралық ұйымдардың өкіл­дерінен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты құттықтаулар толассыз келіп түсуде, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев «Қазақстан өткен жылдар ішінде өз Президентінің дана басшылығымен экономикалық және қоғамдық-саяси жаңарулар, өзінің халық­ара­лық беделін нығайту ісінде айтарлықтай табыстарға жетті» деп атап өткен. Иран Ислам Республикасының Президенті Махмұд Ахмадинежад құттықтау хатында Қазақстан өзінің дамуы мен гүлденуі жолында алдағы уақытта да үлкен табыстарға жететініне сенім білдірген. Өзінің құттықтау хатында Корея Республи­касы­ның Президенті Ли Мён-Бак: «Мен Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасының ортақ мүддесіне, өзара құрмет пен халықтар достығына негізделген ынтымақтастық одан әрі нығая беретініне сенемін», деп атап өткен. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының атына кел­ген құттықтау жеделхаттарын Ұлыбритания Коро­левасы ІІ Елизавета, Моңғолия Президенті Цахиагийн Элбэдорж, Грузия Президенті Михаил Саакашвили, Грекия Республикасының Президенті Каролос Папулиас, Бельгия Королі Альберт ІІ, Нидерланды Королевасы Беатрикс, Индонезия Республикасының Президенті Сусило Бамбанг Юдойоно жолдаған. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жыл­ды­ғымен Президент Нұрсұлтан Назарбаевты халық­аралық ұйымдардың өкілдері құттықтады. Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Мұратбек Иманалиевтің жеделхатында былай делінген: «Қазақстан Тәуелсіздік жылдарында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен ұлттық мемлекеттілікті қалыптастыруда және нығайтуда зор табыстарға, сондай-ақ елдің халықаралық аренада бе­де­лінің үдемелі артуына қол жеткізді. Шанхай ын­ты­мақтастық ұйымының негізін қалаған елдің бірі бола отырып, Қазақстан ШЫҰ аясында орныққан тату көршілестік, өзара түсіністік және сындарлы әріп­тес­тік қатынастарды дамытуға елеулі үлес қосты». ЕурАзЭҚ Бас хатшысы Таир Мансұров: «Қазіргі заманғы Қазақстанды құрушы, бүкілхалықтық таны­мал Ұлт көшбасшысы ретінде Сіз елдің үдемелі әлеу­меттік-экономикалық дамуына арналған мемлекеттік саясатты дәйекті түрде және сеніммен жүзеге асырып келесіз. Қазақстан өз тәуелсіздігінің 20 жыл­дығын біздің елімізді жалпыәлемдік үдерістерге белсене қатысқан, демократиялық мемлекеттер қа­тары­на шығарған орасан жетістіктерімен қарсы алды. Еура­зиялық одақтас мемлекеттерді қалыптастыру­да­ғы көпшілік мойындаған серпінді идеяңыз Сіздің қа­жыр­лы қызметіңіздің арқасында Еуразиялық эконо­ми­калық қоғамдастықтың, Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістіктің құрылуын іске асырды», деп атап өткен. Мемлекет басшысы Тәуелсіздік күнімен құттық­тауларды Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Маргарет Ченнен, ТМД Атқарушы ко­митетінің төрағасы Сергей Лебедевтен, ТМД Парла­мент­аралық Ассамблеясы кеңесі Бас хатшысының орынбасары Михаил Кротовтан, ТМД Парламент­аралық Ассамблеясы кеңесі Бас хатшысының орынбасары Халел Бәкеновтен алды.

*  *  *

Президент Нұрсұлтан Назарбаевты ел Тәу­ел­сіздігінің 20 жылдығымен Қазақстанның іскер топ өкілдері құттықтайды, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. «Arcelor Mittal» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Лакшми Митталдың хатында былай делінген: «Бұл – соңғы 20 жыл бойы өзін тәуелсіз мемлекет ретінде жаңғырту және нығайтуда үлкен жолды жүріп өткен ұлт үшін елеулі кезең. Қазақстанның табысы Сіздің айналаңызға топтасқан халықтың ұжымдық күш-жігерінің орасан нәтижесі болып табылады. Сізге және Қазақстан Республикасының халқына бейбітшілік, бақыт және гүлдену тілейміз». Ал «ENRC» компаниясының акционерлері Александр Машкевич, Патох Шодиев және Алиджан Ибра­гимовтің құттықтау жеделхатында «Бүгінгі Қазақстан – өшпес рухани құндылықтарын қайта өркендетіп, бабалар дәстүрін келешекпен берік үйлестіре отырып, алға ұмтылған, өзінің бай әлеуетін іске асыру жолында қарқынды дамып келе жатқан мемлекет. Осының бәрі көп жағдайда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мақ­саткерлік, жауапкершілік, дана және көреген қа­сиет­терінің арқасында мүмкін болды», деп атап өтілген. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Владимир Школьник құттықтау хатында Қазақстан жаңа өндіріс орындарын құрып, инновациялық-техни­калық және технологиялық шешімдерді басшылыққа ала отырып, мемлекеттің гүлденуі мен әрбір қазақ­стандықтың игілігі үшін одан әрі қарқынды дами беретініне сенім білдірген. Сонымен қатар, Мемлекет басшысын «Шеврон» кор­по­рациясы Еуразиялық бөлімшесінің басқарушы дирек­торы Скотт Дэвис, «Kazzinc» ЖШС басшылары Никола По­пович пен Геннадий Зилбберберг, «OKAN» компа­ниясының басқарма төрағасы Бекир Окан құттықтаған.

*  *  *

Мемлекет басшысының атына зиялы қауым өкіл­дерінен, мекеме басшыларынан, кәсіпкерлер­ден және қарапайым азаматтардан ел Тәуелсіздігі­нің 20 жылдығына байланысты құттықтаулар мен жеделхаттар легі толассыз келіп түсуде, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. Хат иелері еліміздің 20 жылда жеткен жетістіктеріне, Қазақстан мемлекеттілігінің негізін қалап, экономикасы тұрақты, халқы ынтымақты, әлемге танымал, іргелі ел құрып, өркендеудің қазақстандық жолына бастаған  Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың еңбегіне кеңінен тоқталып, саралап көрсеткен. Жазушы А.Мекебаев өз құттықтауында: «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіз Қазақ елі үшін Тәуелсіздік символына айналған ұлы тұлғасыз. Сонымен қатар, түрлі замандарда қилы қасіретті бастан көп кешкен ұлттың арасынан дараланып шығып, елін Тәуелсіздікке жеткізген дара тұлғасыз.  Сіз ерекше көрегенділікпен бірнеше ғасырға созылуы мүмкін күрделі жұмыстарды 20 жыл ішінде атқара алдыңыз. Халқыңызды мұратына жеткіздіңіз», деп жазады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысын Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойымен құттықтап, өз ұжымдары атынан жүрекжарды тілектерін білдіріп, құттықтаулар жолдағандар қатарында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Б.Ақшолақов, көкшетаулық кәсіпкер Е.Құрманғалиұлы, т.б. бар. Хат иелері өз құттықтауларында Тұңғыш Прези­денті­міздің еңбегінің нәтижесінде еліміздің 20 жыл ішінде экономикасы өркендеген, саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді берік орнықтырған абыройлы мемлекетке айналғанын айта келе, Ұлт көшбасшысының тәуелсіздікті орнықтыру жолындағы қызметіне зор баға берген. Осындай мазмұндағы хаттар Ақтөбе облысы Ырғыз ауылының тұрғыны, зейнеткер Ж.Дербісов, Жамбыл облысы Бөлтірік шешен ауылының тұрғыны М.Рахметулла, Қазалы қаласының тұрғыны З.Баймаханова, Семей қаласының тұрғыны Е.Оразалиннен келді.