Спорт • 16 Тамыз, 2018

IX жазғы Спартакиада өз мәресіне жетті

39 app.timeкөрсетілді

Білім және ғылым министрлігі Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының ұйымдастыруымен мектеп және колледж оқушылары арасында өткен Қазақстан Республикасының IX жазғы Спартакиадасы өз мәресіне жетті.

Төрт айдан аса уақытқа созылған Спартакиадада 47 спорт түрінен 54 жарыс өткізіліп, барлығы 3386 медаль сарапқа салынды. Осы бәсекелер барысында 520 команда сапында 6448 спортшы өнер көрсетті. Солардың арасынан Түркістан облысы өкілдерінің шоқтығы биік болып, командалық есептің Оңтүстіктің оғландары бас жүлдені олжалады. Алматы қаласы мен Қызылорда облысы екінші және үшінші орындарды иеленсе, одан кейінгі сатыларға мына өңірдің өрендері жайғасты:

4. Алматы облысы,

5. Жамбыл облысы,

6. Солтүстік Қазақстан облысы,

7. Астана қаласы,

8. Шығыс Қазақстан облысы,

9. Павлодар облысы,

10. Ақтөбе облысы,

11. Қарағанды облысы,

12. Маңғыстау облысы,

13. Батыс Қазақстан облысы,

14. Атырау облысы,

15. Ақмола облысы

16. Қостанай облысы.  

Спартакиаданың жабылу салтанаты Қызылорда қаласындағы «Евразия» спорт кешенінде өтті. Бұл шараға Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов, Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының бас директоры, «ҚР Құрметті спорт қайраткері» Садық Мұстафаев, мектеп спорт федерациясының президенті Нұржан Нұрахметов және тағы да басқа ресми тұлғалар қатысты. Олар жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтап, осы бәсекелердің ойдағыдай өтуіне атсалысқан ұйымдастырушыларға, мектеп және колледж басшыларына, оқытушылар мен жаттықтырушыларға  Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтың грамотасын табыс етті.   

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Еділ мен Жайық суы араласты

Аймақтар • Бүгін, 10:04

Ұқсас жаңалықтар