Бағдарламалар • 16 Тамыз, 2018

«Method PRO» жастарға жол ашады

255 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше  Назарбаев орталығында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры және Method бағдарламалау мектебінің ұйымдастыруымен «Method PRO» бағдарламасының үздік командалары жобаларын таныстырды.

«Method PRO» жастарға жол ашады

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына сәйкес «Method PRO» жобасы қор тарапынан былтыр қолға алынған болатын. IT жоба еліміздегі компьютер бағдарламаларын жасаумен айналыса бастаған дарынды жастар мен олардың өнімдерін тұтынатын еліміздің және шетелдің ірі компаниялары арасында өзара байланыс орнатуды көздейді.  Жоба аясында ең алдымен екі айлық жазғы курс ұйымдастырылады. Онда студенттер IT және Non-IT сияқты екі топқа бөлініп отандық және шетелдік танымал мамандардан мобильдік және веб-әзірлеу, машиналық білім алу мен Вig Data, маркетинг және бизнес-талдау, т.б. сияқты 8 пән бойынша теориялық және практикалық сабақтар алады. Екінші айда тағылымдамадан өтушілер шағын командаларға бөлініп, ірі компаниялар мен ұйымдардан арнайы тапсырыстар алады. Сөйтіп курсанттар өз жобаларын әзірлейді.

Өткен жылы тегін білім алуға 8000-нан аса жас өтініш беріп, олардың 100-і ғана тағылымдамадан өткен еді. Олар әзірлеген 4 IT жоба өндіріске енгізіліп, жастар 3 миллион теңгеден астам табыс тауып қана қоймай, ірі ұлттық компанияларға жұмысқа орналасуға да мүмкіндік алған болатын. Ал биыл «Method PRO»-ға 200 дарынды маман қатысып, «Қазпошта» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» АҚ, «Қазақстан инжиниринг» АҚ, Бас прокуратура және секілді еліміздегі ірі компаниялардың тапсырысымен 40 жоба дайындады. Оның ішінде Бас прокуратура үшін жасалған бет әлпетін айырып тануға арналған рұқсаттама жүйесі; BTS Digital үшін сөзді айырып тануға және түйіндемені талдауға арналған жүйе; Rocket Study ағылшын мектептерінің жүйесіне арналған машиналық оқыту негізіндегі ұсыныс жүйесі; «Атамекен» ҰКП үшін жоғары оқу орындарының рейтингісіне арналған платформа және бизес-тізілім; K-Cell-ге арналған жол трафигін есептеу жүйесі; Chocotravel&Aviata үшін төлемдерді онлайн салыстырып тексеру жүйесі; Рахмет (ChocoFamily) үшін чекті екіге және одан да көп адамға бөлу; Technodom үшін аналитикасы бар онлайн сауалнама; Technodom-ға арналған виртуалдық асссистент; Technodom-ға арналған кроссплатформалық «Экодом» ойыны; Glotus Limited Kazakhstan транспорттық компаниясына арналған мобильді қосымша сияқтылар үздіктер қатарынан орын алды.

Бас прокуратураның тапсырысы бойынша жасалған бет әлпетін айырып тануға арналған рұқсаттама жүйесінің авторы, Қарағанды қаласындағы Н.Нұрмақов атындағы №2 дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының робототехника пәні оқытушысы Мүслім Ертуған «Method PRO» бағдарламасының жастардың өзін-өзі дамытуына үлкен серпіліс беріп отырғанын айтады. Оның айтуынша бұл курс жастарды тәрбиелеп отырған мұғалімдер үшін өте маңызды. Өйткені ұстаздар да жаңа ақпарат пен технологиялардан қалыспай,  онымен жұмыс істей білуі керек.

«Біз өмірімізді күрт өзгерттік. Дарынды жастармен таныстық. IT өнімдерін қалай құру және дамыту, дайын жобаларды бизнеске оңтайландыруды үйрендік. Біздің топ керемет жұмыс жасады», – дейді IT тағылымдамаға қатысқан Қасым Қазыбек.

Бұл жолы тағылымдаманың нәтижесінде жобаға қатысушылар 8 миллион теңгеден астам табыс тапқан. Сондай-ақ оларға ірі отандық компаниялардан жұмысқа орналасу үшін 30 ұсыныс келіп түскен.

Майгүл СҰЛТАН,

«Егемен Қазақстан»